Ауа райына байланысты екі облыста республикалық жолдар жабылды
Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында бірқатар республикалық маңызы бар автожолдар жабылды
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы екі өңірде де көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның дерегінше, Шығыс Қазақстан облысында 5 қаңтар сағат 19:30-дан бастап республикалық маңызы бар Өскемен – Риддер – РФ шекарасы автожолының 15–105 шақырым аралығында, яғни Белоусовка ауылынан Риддер қаласына дейінгі учаскеде прицепі бар және өзге де ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша тыйым салынды. Жолды 6 қаңтар күні сағат 06:00-де ашу жоспарланып отыр.
Сондай ақ, Ақтөбе облысында да 5 қаңтар сағат 20:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді. Атап айтқанда, Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы (Сырым ө/п) автожолының 618–710 шақырымдары аралығында, Құршасай ауылынан Қобда ауылына дейін, сондай-ақ РФ шекарасы (ө/п Жайсан) – Ақтөбе – Қызылорда – Шымкент – Алматы – ҚХР шекарасы (ө/п Нұр Жолы)» автожолының 776–965 шақырымдары аралығында, «ЭКО ОЙЛ» жанармай бекетінен Қарабұтақ ауылына дейінгі аумақта шектеу енгізілді. Бұл жол бөліктерін 6 қаңтар сағат 07:00-де қайта ашу көзделген.
Жүргізушілерге жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын нақтылап алуға кеңес беріледі. Қосымша ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығынан білуге болады.