Аида Балаева Диас Омаровтың отбасына көңіл айтты
Министр Диас Омаровтың спорт журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Диас Омаровтың отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бүгін қазақ журналистикасы тағы бір жарық жұлдызынан айырылды. Сексенге қараған шағында елге әйгілі спортшы, атақты футбол комментаторы Омаров Диас Ілиясұлы дүниеден өтті. Бүкіл саналы ғұмырын спортқа арнап, спорт журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Диас Ілиясұлының өнегелі өмірі барша журналистер қауымына үлгі болып қалады. Бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Алайда, дана халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді», - деп жазды ол.
Министр Диас Омаровтың спорт журналистикасының тасын өрге сүйреп, өз кәсібіне адал қызмет етуі барша журналистер қауымына үлгі-өнеге екенін атап өтті.
«Диас Ілиясұлының сонау кеңес заманындағы «Советскиий спорт», «Труд» газеттерінде жарияланған дүниелерінен бастап, «Қазтелерадиодағы» комментаторлық жанкешті еңбегі, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі «Хабар» арнасы секілді республикалық телеарналардағы спорт журналистикасының тасын өрге сүйреп, өз кәсібіне адал қызмет етуі барша журналистер қауымына үлгі-өнеге дер едік. Орны толмас ауыр қазада марқұм Диас Омаров ағамыздың отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Марқұмның иманы жолдас болып, пейіште нұры шалқысын», - деп жазды министр.