Астана – Щучинск тасжолында қозғалыс шектелуі мүмкін
Алдағы күндері өңірде боран соғып, жел күшейеді
Ақмола облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты 3–4 қаңтар күндері республикалық маңызы бар автожолдарда, соның ішінде Астана – Щучинск бағытында уақытша қозғалыс шектеулері енгізілуі мүмкін. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Қолайсыз ауа райы күтіледі
Синоптиктердің болжамына сәйкес, аталған күндері өңірде боран соғып, жел күшейеді, көріну қашықтығы төмендеп, көктайғақ болуы ықтимал. Осыған байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шектеулер қарастырылып отыр.
Бурабайдан шығатын жүргізушілерге ескерту
Курорттық аймақ – Бурабайдан жолға шығуды жоспарлаған жүргізушілерге сапар уақытын алдын ала жоспарлап, мүмкіндігінше ертерек шығу ұсынылады. Бұл ең күрделі жол жағдайына тап болмауға көмектеседі.
Жолдағы қауіпсіздік талаптары
Жол қызметтері жүргізушілерді қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
• жылдамдықты нақты жол жағдайына сай таңдау;
• арақашықтықты сақтау;
• күрт маневрлер мен басып озудан бас тарту;
• қауіпсіздік белдігін тағу;
• жақын жарықты қосып жүру.
Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда сапарды кейінге қалдыру және жабық учаскелерге шықпау ұсынылады.
Колоннамен қозғалған кезіндегі тәртіп
Егер қозғалыс ұйымдастырылған колоннамен жүзеге асса, жүргізушілер:
• тек колонна құрамында жүруге;
• қарсы жолаққа шықпауға;
• белгіленген қашықтықты сақтауға;
• полиция мен жол қызметі өкілдерінің талаптарын орындауға тиіс.
Мамандар жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райы болжамын және жолдардың ашық-жабықтығы туралы ресми ақпаратты тексеруге шақырады.