Қазақстанда 124 теміржол вокзалы жөндеуден өтеді
Қазақстанда теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстары бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр
Осы жоба аясында облыс орталықтарында, шағын қалалар мен елді мекендерде орналасқан 124 вокзал бір уақытта жаңартылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Солардың ішінде 46 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстарын биыл аяқтау жоспарлануда.
«Ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық – Мойынты теміржол желісінің құрылысы аяқталып, Қазақстан – Қытай бағытының өткізу қабілеті 5 есеге артты. Бұл халықаралық көлік дәліздері арқылы транзиттік жүк тасымалдарының өсуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ ұзындығы 75 шақырымды құрайтын Алматы қаласының айналма теміржол желісі жобасы аяқталуға жақын, бұл транзиттік ағынды қайта бөлуге және қаладағы экологиялық әрі көлік жағдайын жақсартуға ықпал етеді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды
323 шақырымдық Мойынты – Қызылжар жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды, сондай-ақ ұзындығы 157 шақырым Дарбаза – Мақтаарал және 297 шақырымды құрайтын Аягөз – Бақты жобалары жүзеге асырылуда.
Олардың көпшілігі кеңес дәуіріне дейін немесе кеңестік кезеңде салынған және соңғы 30–40 жылда күрделі жөндеуден өтпеген.
Тіпті, техникалық тексеру нәтижесінде кейбір вокзалдар апатты жағдайда деп танылды. Мұндай ғимараттар бұзылып, олардың орнына заманауи жаңа вокзал кешендері салынып жатыр.
Бағдарлама аясында вокзал аумақтары кеңейтіліп, инженерлік жүйелер жаңартылады. Сондай-ақ қасбеттер мен ішкі көрініс, күту залдары мен жолаушылар платформалары жөнделеді. Санитарлық жағдай мен қауіпсіздік деңгейі де жақсартылады.
«Жөндеу жұмыстарын облыстық әкімдіктер таңдаған мердігер ұйымдар жүргізеді. Қаржыландыру «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - деді ҚР Көлік министрлігі.
Жобаның мақсаты — Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын қазіргі заманға және халықаралық сапа мен қауіпсіздік стандарттарына сай ету.