$ 505.53  593.44  6.34
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда 2,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Өңірлерде 42 кеңес ұйымдастырылған

Қазақстанда 2,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

2025 жылы пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару жұмыстары күшейіп, нәтижесінде 2,1 млн гектар аумақ мемлекеттік меншікке өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Пайдаланылмаған жерлерді қайтару қалай жүрді

Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, 2025 жылы пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген. Осы мақсатта республикалық комиссияның үш отырысы, сондай-ақ өңірлерде 42 кеңес ұйымдастырылған. Жиындарға құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері де қатысқан.

Кейінгі төрт жылдағы көрсеткіш

Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне барлығы 14,3 млн гектар жер қайтарылған. Оның ішінде:

– 2022 жылы – 5,4 млн га,

– 2023 жылы – 4,6 млн га,

– 2024 жылы – 2,2 млн га,

– 2025 жылы – 2,1 млн га.

Бұл жерлердің 12,5 млн гектары – жайылымдық алқаптар. Аталған аумақтарда 16,1 мың шаруашылықта мал болмаған немесе жайылымға түсетін жүктеме өте төмен болғаны анықталған.

Қайтарылған жерлер қалай бөлінді

2022 жылдан бері мемлекетке өткен жерлердің 7,7 млн гектары қайта бөлінген.

Оның ішінде: 2,7 млн гектар – ауыл тұрғындарына ортақ пайдалануға, мал жаю үшін, 5 млн гектар – конкурс арқылы жер пайдалануға берілген.

Сонымен қатар жер пайдаланушылар 4,6 млн гектар аумақта жерді қайта игере бастаған.

Алдағы жоспар қандай

Қазіргі уақытта тағы 7,5 млн гектар жерді қайта бөлу жұмыстары жалғасып жатыр. Үкімет тарапынан әкімдіктерге жерді бөлу кезінде жергілікті халықтың жайылымға деген сұранысын және ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтардың мүддесін бірінші кезекте ескеру тапсырылған.

Серіктес жаңалықтары