Шетел азаматы оқушының қалтасынан телефонын ұрлап алған
Телефон иесіне қайтарылды
Астана қаласында полицейлер мектеп оқушысынан телефон ұрлаған қалта ұрысын ұстады. Анықталғандай, оқиға мектеп оқушысы сабақтан кейін үйіне қайтып келе жатқан кезде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автобусқа міну барысында ол адамдар көп жиналған ортада қалып, жанында бір ер адам тұрған. Сәтті пайдаланған күдікті өзін де көлікке мінгелі жатқандай көрсетіп, қыз баланың күртесінің қалтасынан Vivo маркалы ұялы телефонын білдіртпей алып, оқиға орнынан ізін суытқан.
Телефонның жоғалғанын қыз автобустан түсер кезде ғана байқаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бұрын сотты болған 29 жастағы шетел азаматын анықтап, ұстады.
Ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.