Иран билігі ұлттық валютаның құлдырауына наразы шыққан халықпен кездесуге дайын екенін мәлімдеді
Иранда наразылықтар 28 желтоқсаннан бері жалғасып келеді
Иран билігі Тегеран мен елдің бірқатар қалаларында өткен жаппай акциялардан кейін наразылық білдірушілер өкілдерімен диалог бастауға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Azad İran телеграм-арнасы мәлімдеді. Наразылықтардың басты себебі ұлттық валюта иран риалының күрт құнсыздануы, сондай-ақ бағаның өсуі.
Иран президенті Масуд Пезешкиан ішкі істер министріне наразылыққа шыққан азаматтардың заңды талаптарын тыңдауды тапсырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл үкіметке мәселелерді шешу үшін бар күшін салып, жауапкершілікпен әрекет етуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде үкіметтің ресми өкілі Фатеме Мухаджирани наразылық білдірген азаматтар өкілдерімен келіссөз жүргізу үшін арнайы тетік құрылғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, билік наразылықтарды ресми түрде мойындайды және оларды халық тап болған экономикалық қиындықтардың салдары ретінде қарастырады.
Экономикалық жағдайдың күрделенуіне байланысты Иранда наразылықтар 28 желтоқсаннан бері жалғасып келеді.29 желтоқсанда риал ашық валюта нарығында жаңа рекордтық минимумға дейін құлдырап, 1 АҚШ доллары шамамен 1,4 миллион риалға жетті. Бұл нарықтағы бағам ресми курсқа қарағанда айтарлықтай жоғары.
Осы жағдай аясында Иран Орталық банкінің басшысы Мохаммед Реза Фарзин отставкаға кетті.
Қазіргі таңда Иран экономикасы жоғары инфляция мен Батыс елдерінің санкцияларының қысымында тұр.