Павлодарда 20 жастағы жігіттің әрекеті дүкенді лицензиядан айырды
Бөлшек саудада алкоголь өнімін жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға қатаң тыйым салынған
Павлодарда кәсіпкер рұқсат етілген жасқа жетпеген жігітке сыра сатқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 21 жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін сату фактісі бойынша істі қарады. Бұл әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы 1-бөлігіне сәйкес құқық бұзушылық болып танылады.
Заңға сәйкес, бөлшек саудада алкоголь өнімін жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға қатаң тыйым салынған. Мұндай талаптар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте де тайға таңба басқандай жазылған.
«Сот талқылауы барысында сатушы сатып алушының жасын тексерместен, оған екі бөтелке сыраны заңсыз сатқаны анықталды. Сауда жасалған сәтте сатып алушы 20 жаста болған. Сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды, атап айтқанда, құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалуын және кінәсін толық мойындауын ескере отырып, айыппұл көлемін 30 пайызға азайтты. Нәтижесінде кәсіпкерге 110 096 теңге сомасында айыппұл салынып, алкоголь өнімдерін сақтау және өткізу лицензиясының қолданысы бір ай мерзімге тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Мамандар алкоголь өнімдерін сату кезінде сауда саласындағы тұлғалар сатып алушыдан жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге міндетті екенін ескертті. Егер тиісті құжат ұсынылмаса, сатушы алкогольді сатудан бас тартуға құқылы.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.