$ 504.76  593.8  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жылдамдық шектелген»: полиция неліктен жүргізушілерге айыппұл келіп жатқанын түсіндірді

 ІІМ азаматтарды жолдағы уақытша жылдамдық шектеуін қатаң сақтауға шақырды

«Жылдамдық шектелген»: полиция неліктен жүргізушілерге айыппұл келіп жатқанын түсіндірді
Фото: istockphoto.com

Ішкі істер министрлігі Астана – Щучинск және Астана – Теміртау бағыттарындағы тасжолдарда ауа райына байланысты жылдамдыққа уақытша шектеу енгізіліп тұратынын ескертті. Осыған байланысты жүргізушілер электронды ақпараттық таблоларда көрсетілетін жылдамдықты қатаң сақтау қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Астана – Щучинск және Астана – Теміртау тасжолдарындағы жылдамдық шектеулерін сақтамағаны үшін келетін әкімшілік айыппұлдарға қатысты азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр. Осыған орай, ІІМ тағы да еске салады: қала сыртындағы жолдарда орнатылған ақпараттық таблолар заңнама талаптарына сай толыққанды электронды жол белгілеріне жатады. Атап айтқанда, оларда 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты шектеу» белгісі көрсетіледі», - деп түсіндірді полиция.

Ведомствоның мәліметінше бұл таблолар ауа райы жағдайына – тұман, көктайғақ, қатты жаңбыр кезінде, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары немесе жол апаты болған жағдайда нақты уақыт режимінде өзекті жылдамдық шектеулерін көрсетеді. Сондықтан таблода көрсетілген талаптарды міндетті түрде сақтау қажет.

«Трассадағы негізгі ақпарат көзі – таблода көрсетілген жол белгілері екенін ескере отырып, оларды мұқият қадағалауды сұраймыз. Уақытша жылдамдық шектеулері барлық жол жүрісіне қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Заң бұзушылықтарды тәулік бойы және кез келген ауа райында жұмыс істейтін автоматты камералар тіркейді», – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ақтоты Боранова.

Оның айтуынша уақытша жылдамдық шектеулерін енгізудің басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау.

ІІМ барлық жүргізушіні жолда жол жүру қағидаларына жауапкершілікпен қарауға, ауа райы жағдайын ескеруге, жол белгілерін қадағалап, жол жағдайындағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге шақырды.  

 

Серіктес жаңалықтары