Бас прокуратура WhatsApp-қа қатысты жаңа киберқауіп туралы ескертті
Алаяқтар аккаунтқа «заңды түрде» кіріп алуы мүмкін
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқауіп туралы ескерту жасады. GhostPairing деп аталатын бұл әдіс ешқандай құпиясөз бұзуды немесе SIM-картаны ауыстыруды талап етпейді – алаяқтар аккаунтқа «заңды түрде» кіріп алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
GhostPairing қалай жұмыс істейді?
Алаяқтардың бұл схемасы өте қарапайым, бірақ қауіпті. Олар мессенджердегі қосымша құрылғыларды қосу функциясын өз пайдасына асырады.
Пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жалған хабарлама келеді. Ондағы сілтеме сырттай ресми интерфейстен аумайтын фейк бетке бағыттайды. Сілтемеге өткен соң, сайт «контентті көру үшін» телефон нөміріңізді және растау кодын енгізуді сұрайды. Сіз кодты енгізген сәтте алаяқ автоматты түрде аккаунтыңызға «сенімді құрылғы» ретінде тіркеледі. Осыдан кейін ол сіздің хабарламаларыңызды оқып, фото-видеоларыңызды көріп, тіпті атыңыздан хат жаза алады.
Аккаунттың бұзылғанын қалай білуге болады?
Бұл схеманың ең қауіпті жері — телефон ешқандай күдік тудырмай, әдеттегідей жұмыс істей береді. Аккаунтыңыздың басқа біреудің бақылауында екенін білудің жалғыз жолы:
1. WhatsApp баптауларына кіріңіз;
2. «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін ашыңыз;
3. Егер тізімде сізге белгісіз құрылғы (мысалы, белгісіз браузер немесе басқа қаланың атауы) тұрса — сіздің аккаунтыңыз бұзылды деген сөз. Оны дереу жойып тастаңыз.
Киберқауіпсіздік: Өзіңізді қалай қорғайсыз?
Бас прокуратура келесі ережелерді қатаң сақтауды сұрайды.
«Күдікті хабарламаларға сын көзбен қараңыз, бейтаныс сілтемелерге өтпеңіз. WhatsApp кодын ешқашан үшінші тарап сайттарына енгізбеңіз. Қосымшадан тыс жерде код сұрау — 100% алаяқтық. Екі факторлы аутентификацияны міндетті түрде қосып қойыңыз. Аккаунтыңыздың белсенділігін үнемі тексеріп отырыңыз. Есіңізде болсын, бір ғана қателік сіздің жеке өміріңіз бен хат-хабарларыңыздың алаяқтардың қолына түсуіне әкелуі мүмкін», – деп жазылған хабарламада.