Мәжілісте мектептер мен колледждерге арналған кітаптардың сапасы талқыланды
Мәжілісте мектеп пен колледждерге арналған оқу құралдарының сапасы мен мазмұны мәселелері қаралды
Мәжіліс Парламентаризм институтымен бірлесіп «Мектеп және колледж оқушыларына арналған оқу құралдарының сапасы мен мазмұны мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға депутат Гүлдара Нұрым жетекшілік етті, Парламентаризм институты басшысының орынбасары Ләззат Сүлеймен, мемлекеттік органдардың өкілдері, педагогтар мен сарапшы мамандар қатысты.
Гүлдара Нұрым оқулықтар білім мазмұнының дұрыстығы мен тұтастығын, материалды ұсынудың әдістемелік логикасын, терминологияға, тіл мен аудармаға қатысты бірыңғай тәсілдерді айқындайтынын атап өтті.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова министрлікте оқулық сапасын арттырып, авторлардың жауапкершілігін күшейту үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар бекітілгенін айтты. Ол сондай-ақ оқу процесіне алғаш енгізілген жылы оқулықта қате немесе полиграфиялық ақау анықталған жағдайда баспа есебінен оның барлық тиражы ауыстырылатынын атап өтті.
Депутаттар мектеп және колледж оқушыларына арналған оқулықтардың сапасы мен мазмұнын жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, олар әзірлеу процесінде толық ашықтықты қамтамасыз ету қажет екенін айтты. Ол үшін авторларға және оқулықтарға шолу бойынша ашық конкурстар өткізу, авторлар тобы мен сарапшылар кеңестерін құру кезінде мүдделер қақтығысына жол бермеу керек. Жұмыстың әр кезеңі кәсіби қоғамдастықтар үшін ашық болғаны жөн.
Ортаға салынған пікірлер мен практикалық ұсыныстар дөңгелек үстелдің қорытынды ұсынымдарында жинақталады.