Ақмола облысында көлікті жіп байлап тізгіндеген жүргізуші жұртты шошытты (ВИДЕО)
Қауіпті трюк жасаған жүргізуші үш бап бойынша жауапқа тартылды
Ақмола облысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 24 желтоқсан күні Instagram әлеуметтік желісінде қауіпті әрекет көрсетілген видео жарияланған. Кадрлардан жүріп бара жатқан көліктің жүксалғышында жіп байлап алып тұрған ер адамды және жүргізушінің дрифт жасағанын көруге болады.
Аталған әрекеттер ауыр зардаптарға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.
Видео жарияланғаннан кейін полиция қызметкерлері жылдам әрекет етіп, оқиғаның орны мен жүргізушінің жеке басын анықтады. Тексеру барысында видео 23 желтоқсан күні Астана қаласымен шектесетін Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында түсірілгені белгілі болды. Mercedes-Benz маркалы автокөлікті 34 жастағы жергілікті тұрғын жүргізген.
Полиция жүргізушінің әрекетінен бірден үш әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, ол қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізген, жолаушыны көлік салонынан тыс тасымалдаған және маневр жасау ережелерін сақтамаған.
Аталған фактілер бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желіде назар аударту мақсатында жасалатын мұндай «әзілдердің» ауыр салдарға соқтыруы мүмкін екенін ескертеді. Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.