Алматыда аса ірі көлемде есірткі тасып бара жатқандар ұсталды
Арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан 10 келіден астам гашиш тәркіленді
Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында каннабистік топтағы есірткі заттарын аса ірі көлемде тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысқан топтың қылмыстық әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан 10 келіден астам гашиш тәркіленді. Есірткі құралдары еліміздің басқа өңірінен Алматы қаласына жеткізіліп, мегаполис аумағында таратылуы жоспарланған.
Аталған дерек бойынша күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
«Бұл нәтижелер полицияның есірткі жеткізу арналарының жолын кесуге бағытталған жүйелі әрі жоспарлы жұмысының айғағы.
Біздің басты мақсатымыз – тыйым салынған заттардың жастар мен қала тұрғындары арасында таралуына жол бермеу. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекет басшылығы айқындаған профилактика басымдықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп атап өтті Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.