Риддерде алты жасар баланы қағып кеткен жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған (ВИДЕО)
Оқыс оқиға 23 желтоқсан күні күндіз болды
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер қаласының төртінші шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің ауласында 23 желтоқсан күні күндіз жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Azattyq Rýhy порталы Noks.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Алты жастағы бала подъезден жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан көліктің астына түскен. Соққыдан бала бірнеше метрге ұшып кеткенімен, орнынан тұра алған. Көлік жүргізушісі сыртқа шығып, баламен сөйлескен. Алайда артынша қайтадан көлігіне отырып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Оқиғаның куәгерлері алаңдап, жол-көлік оқиғасы туралы ақпаратты жергілікті чатқа жариялаған. Үй ауласына орнатылған бейнебақылау камералары болған жайтты толықтай түсіріп алған. Жол апаты болған жерден кетіп қалған жүргізуші анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
«23 желтоқсан күні Риддер қаласында Lada X-Ray маркалы автокөліктің жүргізушісі тұрғын үйлердің бірінің маңында кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізілді.
Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтады, оның көлігі тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды. Аталған дерек бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады», – деп мәлімдеді ШҚО полиция департаменті.
Ал Риддер қаласының әкімдігінде баланың қазіргі жағдайы туралы ақпарат берілді.
«Бала ауруханаға жатқызылды. Жағдайы тұрақты, кеуде тұсынан соғылғаны анықталды. Дәрігерлер қажетті медициналық көмек көрсетті», – делінген хабарламада.