Қапшағайда түнгі уақытта катерге мінген ер адам суға түсіп жүрген жас жігітті қағып кетті
Ол алған жарақатынан көз жұмды
Қонаев қаласының соты Қапшағай су қоймасында демалушының қаза табуына байланысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Т. есімді азамат, катерді басқарып, жалға беру қызметін көрсету барысында су көлігі қауіпсіздігін өрескел бұзып, соның салдарынан 23 жастағы ер адамның өліміне жол берген. Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды.
Тергеу барысында 2025 жылғы 2 шілдеде Т. есімді азамат катермен су қоймасының акваториясына ымырт уақытта, шектеулі көріну жағдайында әрі жолаушылардың рұқсат етілген санынан артық шығып кеткені анықталды.
Соның салдарынан ол шомылып жүрген азамат Б.-ны қағып кетіп, соңғысы алған жарақаттардан қайтыс болған.
Мемлекеттік айыптаушы сотта Т. есімді азаматқа 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасынтағайындауды, сондай-ақ 3 жыл мерзімге су көлігі саласында қызмет атқару құқығынан айыруды сұрады.
«Сот үкімімен Т. есімді азаматқа 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, сондай-ақ 2 жыл мерзімге су көлігі саласында қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушы сот залында қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енді.
Қонаев қаласының прокуратурасы ескертеді: кіші көлемді су кемелерін пайдалану қағидаларын елемеу қайғылы жағдайларға жиі әкеледі. Судағы қауіпсіздік – жалға беру қызметін көрсететін және су айдындарына шыққан әрбір тұлғаның тікелей жауапкершілігі», – делінген прокуратураның хабарламасында.