Алматыда жыл басынан бері жарты тоннадан астам есірткі табылды
Алматы полицейлері синтетикалық есірткі тәркіледі
Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында психотроптық затты заңсыз сақтау қылмысын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру кезінде оралған күйдегі заттар табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған заттар синтетикалық есірткі түріне жатады.
Аталған факт бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Әсіресе азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретін синтетикалық заттарды анықтау мен тәркілеуге ерекше назар аударылады», – деп атап өтті ол.
Жыл басынан бері Алматы қаласы полициясының қызметкерлері заңсыз айналымнан жалпы салмағы 536 килограмнан астам есірткі затын тәркілеген. Оның ішінде 55 килограммы синтетикалық есірткілер.