Астанада жас жігіттің көлігінен жүздеген түйіншек есірткі табылды
Елордада «Альфа-PVP» есірткісін тарату арнасы әшкереленді
Елордада полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтау және тарату қылмысы бойынша күдікті 22 жастағы қала тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында орман алқабы аумағында күдіктіге тиесілі автокөлік тоқтатылды. Жеке тінту кезінде оның күртесінің қалтасынан «Альфа-PVP» есірткі заты салынған түйіншектер табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар автокөлік салонын тексеру барысында ішінде 245 дана дәл осындай қаптама салынған ірі түйіншектер бар сөмке анықталды.
Кейін күдіктінің тұрғылықты жерін тінту кезінде құрамында дәл осы зат бар стақан, сондай-ақ есірткі заттарын өлшеуге, қаптауға және орауға арналған жабдықтар тәркіленді.
«Анықталғандай, ер адам есірткі заттарын әрі қарай тарату мақсатында «қойма» рөлін атқарған. Медициналық куәландыру оның есірткі қолданғанын да растады. Күдікті Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске саламыз, есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Полиция азаматтарды заңсыз әрекеттерге бармауға, қырағы болуға және есірткінің заңсыз айналымына қатысты күдікті деректер туралы 102 нөміріне хабарлауға шақырады», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.