Жапония Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысады
Президент Жапония Үкіметінің бұл шешімін құптады
Мемлекет басшысы Жапония Үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон Үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз», – деді Тоқаев.
Оның сөзінше, Жапония компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, бұл баршаға пайдалы болмақ.
Сондай-ақ президент Қазақстан дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі екенін мәлімдеді.
«Таза» энергетиканың дамуын ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз. Еліміз «жасыл» технологияларды қолдана отырып, дәстүрлі қуат көзін игеру және өңдеу жобаларына жапон тәжірибесін, инновациясы мен инвестициясын тартуға мүдделі. Геосаяси тұрақсыздық пен қуат көздеріне сұраныс ұдайы артып келе жатқан жағдайда әлем экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін көмірсутегі ресурстары айрықша маңызға ие. Біз теңгерімді әрі әділ энергетикалық жүйеге ауысу қажет деген ұстанымды қолдаймыз», – деді ол.
Қазақстан көмір өндірісі бойынша әлемдегі он үздік елдің қатарына кіреді. Көмір еліміздің энергетикалық балансының шамамен 70 пайызын құрайды. Сондықтан осы табиғи байлықты қуатты энергия көзі ретінде пайдалану үшін Қазақстан ең озық технологияларды тартуға бейіл.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру тың мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
«Ядролық энергетиканың «жасыл» экономика күн тәртібіндегі мәні зор. Әлемдегі ядролық отынның шамамен 40 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Дүние жүзіндегі электр энергиясының 10 пайызға жуығын атом электр станциялары өндіретінін ескерсек, бұл өте маңызды. Қазақстанның ресурс әлеуетін Жапонияның атом энергетикасы саласындағы үздік технологияларымен ұштастыру осы стратегиялық саладағы тың мүмкіндіктерге, соның ішінде инновацияларды енгізуге жол ашады. Әсіресе, ядролық қалдықтарды басқару, ядролық қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс салаларына жоғары санатты маман даярлау бағытындағы жобалар қызығушылық тудырады», – деді Тоқаев.
t.me/aqorda_resmi