Теріні жасанды түрде күйдіру қатерлі ісік қаупін арттырады – ғалымдар
Ғалымдар 32 мың науқастың деректерін талдады
АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс университетінің ғалымдары теріні жасанды түрде күйдіру күн сәулесіне қарағанда зиянды болуы мүмкін деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зерттеу нәтижесі солярийге жиі бару меланомаға шалдығу қаупін үш есеге жуық арттыратынын және бүкіл теріде, тіпті меңі жоқ жерлерде де ДНҚ-ға тән мутациялар тудыратынын көрсетті. Ғылыми жұмыстың нәтижесі Science Advances журналында жарияланды.
Ғалымдар 32 мың науқастың деректерін талдады. Тері жасушаларына жүргізілген генетикалық талдау кезінде солярийді жиі пайдаланатын адамдарда қатерлі ісікпен байланысты мутациялар саны екі есе көп екені расталды.
Зерттеушілер жасанды жолмен күюге құмар 30–40 жас аралығындағы адамдардың терісі егде жастағы көптеген адамға қарағанда «кәрі» көрінгеніне ерекше назар аударды. Сондай-ақ қауіпті мутациялар әдетте күн сәулесі түспейтін, жабық дене бөліктерінен де анықталған. Бұл жасанды ультракүлгін сәуленің агрессивті әсерін көрсетеді, деп атап өтті сарапшылар.
Олардың айтуынша, жасушада пайда болған зақымдар кейін түзелмейді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы солярийді темекі мен асбестпен бірдей бірінші санаттағы канцероген ретінде таныған. Ғалымдар кәмелетке толмағандарды денсаулықты сақтау үшін жасанды күюден бас тартуға шақырды.