Түрмеде отырған жүкті әйелдер кісенделген күйінде босана ма: министрлік мәлімдеме жасады
Денсаулық сақтау министрлігі жүкті әйелдерге қатысты түсініктеме берді
Денсаулық сақтау министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған жүкті әйелдерге кісен салынатыны жөнінде тараған мәліметтерді жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу изоляторлары мен түзеу мекемелерінде отырған жүкті әйелдерге босандыру көмегі перзентханаларда және арнайы медициналық бөлімшелерде көрсетіледі.
Босану кезінде және хирургиялық операциялар барысында сотталған әйелдерге кісен қолдануға қатаң тыйым салынады. Ал босанғаннан кейін әйелдер қауіпсіздік талаптары сақталған, бірақ олардың құқықтары мен ұстау жағдайына нұқсан келтірмейтін арнайы жабдықталған палаталарға орналастырылады. Министрлік бұл шаралар гуманизм қағидаттарын, заң талаптарын және медициналық стандарттарды сақтауға бағытталғанын атап өтті.
«Сонымен қатар министрлік өңірлермен бірлесіп медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен және Бас прокуратураның қолдауымен 55 нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, бірқатар жаңа дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, скринингтік тексерулер мен телемедицина қызметтері енгізіліп, бұл аясы тар бейінді мамандардан кеңес алу мүмкіндігін кеңейтті.