753 млн теңге бөлінген: Жетісу облысында жөндеуден өткен мәдениет үйі сын көтермей тұр

Автор: Асыл Арман

Күрделі жөндеу 2021 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын

Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігі Жетісу облысының Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Агенттік мәліметінше, 2020 жылы Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімі мен мердігер ұйым арасында күрделі жөндеуден өткізуге 753 млн теңге сомасына шарт жасалған.

Шарт талаптарына сәйкес мердігер жұмысты 2021 жылдың желтоқсан айында аяқтауы тиіс болған, алайда нысан осы уақытқа дейін пайдалануға берілмеген.

«Тергеу барысында бұрын қабылданып, төлем жүргізілген бірқатар жұмыстың нақты орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 212 млн теңгеден асты.

Қатысы бар тұлғалардың мүлкіне шектеулер қойылды. Тергеу жалғасып жатыр», – делінген агенттік хабарламасында.

Қазақстан Республикасы ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.