Тоқаев Токиода Sumitomo компаниясының президенті Шинго Уэноны қабылдады
Кездесуде бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды
Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода Жапонияның ірі және ықпалды сауда-инвестициялық корпорацияларының бірі саналатын Sumitomo жетекшісімен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан президенті еліміз Sumitomo корпорациясының орнықты даму мен бизнестің жауапкершілігін арттыруға бейілдігін жоғары бағалайтынын, сондай-ақ компанияны ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру жайында мәлімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарастырады.
Кездесуде көлік-логистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларында бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.