Ақмола облысында құны 2,2 млрд теңге болатын орман жекеменшікке өтіп кеткен
Облыстық прокуратура түсініктеме берді
Ақмола облысында құны 2,2 млрд теңге болатын орман аумағы жекеменшікке өтіп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аймақтық прокуратураның мәліметінше, орман қорының жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.
Ақкөл ауданының прокуратурасы ауданның туристік кластерін дамытуға кедергі келтіретін түйткілді мәселелерді шешу мақсатында орман заңнамасы талаптарының сақталуына ұдайы негізде талдау жұмысы жүргізіліп жатыр.
Орман пайдаланушыларының сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық іс-шаралар жүргізу үшін жалға берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерін мақсатына сәйкес пайдаланбаған деректері анықталды.
«Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалпы кадастрлық құны 2,2 млрд теңге болатын мемлекеттік орман қорының 10 жер учаскесі мемлекетке қайтарылып, оларды туристік бизнесті ұйымдастыру үшін әлеуетті инвесторларға беру мүмкіндігі жасалды.
Аталған басым бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – делінген прокуратура хабарламасында.