Боранға байланысты жолда тұрып қалғандар пойызбен тасымалданады

Автор: Алмас Ерсін

Қарлы боран салдарынан автожолдар жабылды

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

«Жолаушылар тасымалы» АҚ ауа райының қолайсыздығына байланысты жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша орындар ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауа райының қолайсыздығына және бірқатар автомобиль жолдарының уақытша жабылуына байланысты ұлттық тасымалдаушы қосымша көлік қызметін ұйымдастыру жөнінде жедел шаралар қабылдады.

«Осыған орай Павлодар, Екібастұз, Ерейментау, Шідерті, Көкшетау және Бурабай курорты бағыттарынан Астана қаласына қатынайтын пойыздарда жолаушылар үшін қосымша орындар ұйымдастырылып жатыр», - деп жазылған хабарламада.

Осылайша 2025 жылғы 16 желтоқсанда төмендегі пойыздар арқылы жолаушыларды отырғызу көзделген:

  • №7502 «Астана – Павлодар» (Ерейментау станциясынан отырғызу);
  • №139 «Павлодар – Пресногорьковская» (Ерейментау станциясынан отырғызу);
  • №6830 «Көкшетау – Астана» (Көкшетау және Бурабай курорты станцияларынан отырғызу);
  • №7508 «Көкшетау – Астана Нұрлы жол» (Көкшетау және Бурабай курорты станцияларынан отырғызу);
  • №045Ц «Павлодар – Түркістан» (Екібастұз және Шідерті станцияларынан отырғызу).

Ұлттық тасымалдаушы азаматтарды жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға және алыс сапарлардан уақытша бас тартуға шақырды.