Алматы мектептерінде атыс ұйымдастырамын деп елді үрейде ұстаған жасөспірім табылды
Ол Наурызбай ауданындағы №207 мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты
Алматыда мектептерге атыс ұйымдастыратынын айтып, қауіпті жазбасымен елді шошытқан жасөспірім табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 10 желтоқсан күні білім беру мекемесіне бағытталған қауіп мазмұндағы жазбаға қатысты хабарлама түсті. Әлеуметтік желідегі белгісіз аккаунтта қару суретімен бірге мектептерге қатысты зорлық-зомбылықты меңзеген қорқыту сипатындағы жазба жарияланған.
Алматы қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел шаралар қабылдап, қажетті іс-қимылдарды жүргізді. Қысқа уақыт ішінде жарияланымның авторы анықталды, ол Наурызбай ауданындағы №207 мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты.
Жасөспірім полицияға жеткізіліп, оның әрекеттерінің салдары мен жауапкершілігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полицияның ұстанымы айқын: кез келген қауіп мазмұндағы жазба дереу және қатаң түрде тоқтатылады. Бұл – ойын немесе жай ғана жазба емес. Мұндай ақпарат қоғамда алаңдаушылық тудырып, жедел қызметтердің ресурстарын бұрып, қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Жауапты адамдар жасы мен уәжіне қарамастан анықталып, жауапкершілікке тартылады. Біз ата-аналарды балалардың мінез-құлқын, олардың интернеттегі әрекеттерін және қарым-қатынас ортасын бақылауға ерекше мән беруге шақырамыз», – деді Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полиция азаматтарды күмәнді жазбаларды бірден хабарлауға шақырады және жасөспірімдер арасында цифрлық қауіпсіздік пен интернеттегі жауапкершілік бойынша жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізуде.