Ақтөбеде жүргізуші есірткі қолданған күйде үшінші рет ұсталды: енді 5 жылға сотталуы мүмкін (ВИДЕО)
Ол былтыр көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылған
Патрульдік полицейлер жол ережесін бұзған «Toyota Sienna» автокөлігін тоқтатқан. 32 жастағы жүргізушінің мінез-құлқы мен сыртқы бейнесі тәртіп сақшыларының күдігін тудырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Медициналық тексеріс нәтижесінде оның есірткі қолданғаны анықталды. Одан кейін жүргізушінің тұлғасын тексеру барысында бұл алғаш рет жасалған құқықбұзушылық емес екені белгілі болды», – деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД.
2023 жылы ол есірткі қолданған күйде көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылған. Бірақ тыйымға қарамастан, 2024 жылы қайтадан есірткі күйінде рульге отырған. Осы қылмысы үшін 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылған.
«Қатаң шараларға қарамастан, ол заңды тағы да өрескел бұзып, жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндірді», – дейді полиция.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адамға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.