$ 522.38  612.6  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада «Жас көшбасшылар платформасы» оқыту бағдарламасы өтіп жатыр

Жиынды «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған

Астанада «Жас көшбасшылар платформасы» оқыту бағдарламасы өтіп жатыр
Фото: партияның баспасөз қызметі

Екі күн бойы елордада «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Жас көшбасшылар платформасы» оқыту бағдарламасы өтіп жатыр. Іргелі іс-шараға еліміздің 20 өңірінен келген белсенді әрі бастамашыл 200 жас азамат жиналды. Олардың арасында білімін тереңдетіп, тәжірибелік дағдыларын  дамытуға ұмтылған бөлімше басшылары, белсенділер және жас мамандар бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Бұл платформа – саяси талдау, медиа коммуникация және көшбасшылық бағыттары бойынша тәжірибе алмасып, білім жетілдіретін бірегей алаң. Қатысушылар тек теориямен шектелмей, өз өңіріне оралғаннан кейін қолдана алатын тәжірибелік құралдарды да үйренуде.

Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек белсенді әрі креативті азаматтардың жаңа буынын қалыптастыру ісінде осы платформаның алар орны мен мән-маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы білімге ұмтылған, Отанның дамуына үлес қосуды мақсат еткен талантты жастар әрдайым жан-жақты қолдауға ие болатынын айтып келеді. Қазіргі жағдайда елді алға жетелейтін технократтар буынын қалыптастыру маңызды басымдық болып отыр. «Жастар Рухының» жас көшбасшылар платформасы осы заман талабына сай келеді. Ол жастарға нақты құралдар, тәжірибелік дағдылар және тұлғалық дамуына қажет қолайлы орта ұсынады. Партияның міндеті – жастарға жаңа білім мен құзыретті игеруіне, ең бастысы, өз саласының көшбасшысы болуына көмек көрсету. Платформа қатысушылары ертең өңірлеріне жаңа идеялармен, тың бастамалармен және нақты істер атқаруға үлкен ынтамен оралады деген сенімдемін. Көшбасшыны біреу тағайындамайды, ондай қабілетке лайық адамдарды өмірдің өзі таңдайды. Ал Платформа осы таңдауға дайындалуға көмектеседі», – деді ол.

Ол қазіргі заманғы ақпарат ағынына сыни көзқараспен қараудың маңызын атап өтіп, медиа сауаттылық пен ақпараттық мәдениетке ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жас мамандар бойға тек пайдалы ақпаратты сіңіріп, қоғамда ақпараттық гигиена мәдениетін қалыптастыруы керек.

Іс-шара аясында Дәулет Кәрібек қатысушыларға ақпараттарды талдауға, саяси дағдыларды дамытуға ықпал ететін кітаптар оқуға кеңес берді. Ол Абай, Ілияс Есенберлин, Нассим Талеб, Ли Куан Ю және өзге де авторлардың шығармаларын ұсынды. Оның айтуынша, аталған авторлар саяси ойлаудың өзіндік алгоритмін қалыптастыруға және стратегиялық көзқарасты дамытуға көмектеседі.

Атқарушы хатшы дамыған елдердегі көшбасшылыққа жету моделін түсіндірді. Ол екі кезеңнен тұрады: Selection және Election. Оған сәйкес, жас азамат алдымен өз дағдысын дамытып, тәжірибе жинап, белгілі бір нәтиже көрсетеді. Ал осы алғашқы кезеңнен өткен, дайындалған, өз нәтижесін көрсеткен жас азамат ұйымда да, қоғамда да, командада да әркез қолдау табады.

Осы орайда «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова жыл санап платформа аясы кеңейіп келе жатқанын айтты.

«Бүгін еліміздің барлық өңірінен келген 200 белсенді жас азамат бір алаңда бас қосып отыр. Бұл – жастардың ел болашағына деген белсенді ұмтылысының көрінісі. Платформа аясы жыл санап кеңейіп келеді. Біздің басты мақсатымыз – жастардың көшбасшылық әлеуетін арттыру. Іс-шара аясында мазмұнды тренингтер өткізіліп, кәсіби мамандар дәріс беріп, халық қалаулыларымен ашық пікірталас ұйымдастырылуда. «Жас көшбасшылар платформасы» – жастардың өз ойын ашық айтып, ел дамуына үлес қосуға арналған маңызды алаң», – деді ол.

Айта кетейік, оқу барысында көшбасшылық және фасилитация бойынша білім беру сессиялары, медиа және коммуникация саласындағы сарапшылармен кездесулер, Парламентке және негізгі қоғамдық мекемелерге экскурсиялар, саяси талдау және халықаралық қатынастар бойынша тәжірибелік сабақтар өтіп жатыр. 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#AMANAT партиясы