$ 505.71  591.43  6.65
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық ұланда ерекше құбылыс: егіздер Отан алдындағы борышын қалай өтеп жүр

Олар өздерінің әскери өмірлері жайлы айтып берді

Ұлттық ұланда ерекше құбылыс: егіздер Отан алдындағы борышын қалай өтеп жүр
Фото: gov.kz

Ұлттық ұлан қатарында ел қорғап жүрген сарбаздардың арасында ерлік пен жауапкершілікті отбасылық құндылықтармен ұштастырып келе жатқан ерекше жауынгерлер бар. Солардың бірі – Отан алдындағы борышын бірге өтеп жүрген егіздер. Бір әулеттен шыққан қос азаматтың бір сапта қызмет етуі олардың патриоттық тәрбиесін, тәртіпке беріктігін және азаматтық борышқа деген адалдығын айқын көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде қатар қызмет етіп жүрген ерекше сарбаздар – Түркістан облысы, Сарыағаш өңірінің тумалары, 2005 жылы дүниеге келген егіз бауырлар қатардағы Аман мен Есен Нартановтар.

Нартановтар отбасы – көпбалалы, ал Аман мен Есен – алты баланың тұңғыштары. Бір үйдің тірегі саналатын егіздер 2024 жылдың екінші шақырылымымен әскери қызметке аттанып, бүгінде атқыштар ротасында абыроймен борыштарын өтеп жүр.

Аман – білімге құштар, бос уақытын кітап оқуға арнаған зерек сарбаз. Ал Есен – спортқа бейім, күрес түрлеріне қызығушылық танытатын, шыныққан жас. Екеуі де жауапкершілігі жоғары, сабырлы, салмақты және жігерлі мінездерімен ерекшеленеді.

Қызмет барысында егіздер қырағылық пен тәртіп үлгісін көрсетіп келеді. Әскери өмір оларды шыңдап, жаңа мақсаттарға жетеледі.

«Ұлттық ұлан сапында қызмет ету әрбір жігіттің парызы деп білеміз. Біз үшін бұл – үлкен абырой. Әскери өмір бізге тәртіптілік пен жауапкершілікті үйретті», – дейді қатардағы Аман Нартанов.

Ал оның егіз бауыры Есен Отан алдындағы борышын өтеп жүргенін мақтан тұтатынын айтты.

«Мақсатымыз – осы жерде алған тәлім мен тәртіпті азаматтық өмірде де жалғастырып, елге пайдалы болу. Ұлттық ұлан қатарында жүргенімізді мақтан тұтамыз», – дейді Есен Нартанов.

Болашақта Аман мен Есен ел игілігіне еңбек етіп, халыққа қызмет етуді мақсат етіп отыр. Егіз сарбаздардың жігері мен патриоттық рухы қатарластарына үлгі болары анық.

Сондай-ақ Алматы қаласында орналасқан Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде бұрын-соңды болмаған оқиға тіркелді. Бір мезетте мұнда төрт бірдей егіздер жұбы мерзімді әскери қызметін өтеп жатыр. Бұл Ұлттық ұлан тарихында алғаш рет кездесіп отыр.

Әдетте бір шақырылымда егіздер жұбының азаматтық борышын өтеуінің өзі сирек жағдай. Ал бір бөлімде төрт жұптың қатар қызмет етуі – Ұлттық ұланда ерекше құбылыс.

Әскери бөлімдегі ең бірінші егіздер легін Түркістан облысынан келген Нұрасыл мен Ерасыл Жамалхан бастады. Көп ұзамай олардың қатарын Ерасыл мен Нұрасыл Үйсінбай толықтырды. Екі Ерасыл мен екі Нұрасылдың бір бөлімде қатар қызмет етуі әскерилердің өзі үшін тосын жағдай болды. Командирлер олардың түрін ажыратуда кейде қиналатынын жасырмайды, алайда сарбаздар мұны әзілмен қабылдайды.

Бүгінде қос Нұрасыл мен қос Ерасыл мегаполистің қоғамдық тәртібін сақтау бойынша патрульдік қызмет атқарып жүр.

Шымкенттен шақырылған Ердәулет пен Бақдәулет Төленовтер де әскери ұжымда ерекше ықыласқа ие. Оларды да жиі шатастырып, тіпті казармада сарбаздар «Бізде екі жауынгер емес, біреуінің қос көшірмесі бар», – деп әзілдейді.

Бірде командир Ердәулетке тапсырма беріп, оның орындалу есебін Бақдәулеттен қабылдағанын байқамай қалған. Алайда егіздердің айтуынша, бірге қызмет ету жеңіл, себебі олар бір-бірін сөзсіз түсінеді.

Ерекше төрттікті түйіндейтін соңғы жұп – Жезқазғаннан келген Салман мен Магомед Урузбиевтер. Олардың әскерге бірге келуі бауырмалдықтың жарқын үлгісіне айналды. Магомедтің әскерге шақырылғанын білген Салман да бауырының қасында болуды жөн көріп, қатар қызмет етуге бел буған. Қазір олар бір сапта жүріп, жауынгерлік міндеттерін атқарып келеді.

Бүгінде төрт егіз жұбының оқиғасы – әскердегі тәртіптің, өзара түсіністіктің және нағыз бауырмалдықтың үлгісіне айналып қана қоймай, Ұлттық ұланның тарихында ерекше із қалдырары сөзсіз.