Ақтөбедегі жол апаты: тағы бір адам көз жұмды
Қазіргі уақытта екі адам дәрігерлердің бақылауында
Ақтөбеде көпірде болған ауыр жол-көлік оқиғасында қаза тапқандар саны үш адамға жетті. Ауруханаға жеткізілген үш адамның бірі көз жұмды. Қазіргі уақытта екі адам дәрігерлердің бақылауында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалай болған еді?
Қайғылы оқиға 5 желтоқсан күні кешке Ақтөбе қаласының 5-шағын ауданындағы Молдағұлова мен Тургенев көшелерінің қиылысындағы көпірде болған. Жол апаты кезінде Subaru, Lexus және Chevrolet Cobalt маркалы үш автокөлік соқтығысқан.
Бұған дейін апат салдарынан екі адамның оқиға орнында бірден қаза тапқаны хабарланған еді.
«Кеше көпірдегі апаттан кейін ауруханаға үш адам жеткізілді. Зардап шеккендердің бірі бүгін таңертең қайтыс болды. Қалған екеуі политравма бөлімінде жатыр. Олардың жағдайы – орташа ауыр», – делінген хабарламада.
Екі адам дәрігердің бақылауында
Қазіргі таңда апаттан зардап шеккен екі адам медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.
Полиция қызметкерлері жол апатының барлық мән-жайы мен себептерін анықтау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.