Панельдік сессия: ауыл әкімдері мен Үкімет өкілдері арасында тікелей диалог орнады
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы панельдік сессияларда жалғасты
Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы аясында мемлекет дамуының негізгі бағыттарына қатысты панельдік сессиялар өтті. Іс-шараға ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ Үкімет мүшелері, яғни премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер, бейінді ведомстволардың вице-министрлері және Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сессиялар еркін форматта өтіп, әкімдер мен Үкімет өкілдері арасында тікелей диалог орнады. Ауыл әкімдері вице-премьерлерден бастап, бейінді министрлерге дейінгі орталық мемлекеттік органдардың басшыларына өз сұрақтарын қойды. Сондай-ақ олар азаматтардың әл-ауқатын арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту, өңірлік саясат, бюджет-қаржы саясаты, ауылдың цифрлық тұрғыда дамуы, мемлекеттік қызмет сынды алты бағыт бойынша маңызды мәселелерді талқылады.

Панельдік сессиялардағы тақырыптардың бірі – «Әлеуметтік саясат: азаматтардың әл-ауқатын арттыру және адами капиталды дамыту». Оған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Ардақ Амангелдиев, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қатысып, тұрғындарды әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселелері талқыланды. Сессия модераторы – Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов. Платформа делегаттары әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және халықтың осал топтарын қолдау мәселелерін көтерді.
Ал «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және ауыл шаруашылығы саласын дамыту» тақырыбы талқыланған келесі алаңда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сессия модераторлары – Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Павел Казанцев және Ерболат Сатыбалдин.

«Өңірлік саясат: тұрғындардың табысын арттыру және ауылдық округтердің рөлі мен міндеттері» тақырыбында өткен панельдік сессия жұмысына ауыл әкімдері ерекше қызығушылық танытты. Талқылау жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков, Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов, Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов қатысты. Сессия модераторы – Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов.

Панельдік сессиялардың біріндегі басты тақырып – «Бюджет-қаржы саясаты: өсім көздері және қаржылық тұрақтылық». Ауыл әкімдерімен бірге Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай салық түсімдерін бөлу және IV деңгейдегі бюджеттердің кірісін арттыру мәселелерін талқылады. Сессия модераторлары – Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Татьяна Савельева және Ерлан Саиров.

Интернет-байланыстың сапасына, жұмыс барысында цифрлық құралдарды пайдалануға және мемлекеттік деректер базасына қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті тақырыптарды ауыл әкімдері «Ауылдың цифрлық тұрғыда дамуы: жасанды интеллект және ауыл әкімдерінің жұмысына арналған цифрлық өнімдер» панельдік сессиясында талқылады. Делегаттар «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының директоры Тамара Дүйсеноваға және Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунға өз сұрақтарын қойды. Сессия модераторлары – Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Екатерина Смышляева және Әбутәліп Мутәлі.

Сондай-ақ, «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсіби шеберлік, транспаренттілік» тақырыбы да назардан тыс қалмады. Осы салаға қатысты мәселелерді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі комиссияның мүшесі Дидар Смағұлов қарады. Сессия модераторлары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай және Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым.

Іс-шара ауыл әкімдері мен Үкімет мүшелері арасында байыпты байланыс орнатуға мүмкіндік беретін пікір алмасу және тәжірибе бөлісу бағытындағы маңызды диалог алаңына айналды. Диалог жұмысы биліктің өңірлердегі өкілдермен өзара іс-қимылын нығайтуға ықпал етіп, мемлекеттің тұрақты дамуына қатысты негізгі мәселелер талқыланды.