Kaspi.kz-те нені дамыту, неден бас тарту керегін қалай шешеді
Михаил Ломтадзе клиенттердің сұранысы өнімдердің дамуы мен компания ішіндегі өзгерістерге қалай ықпал ететінін айтты
Клиенттердің сұраныстары Kaspi.kz-тің қандай өнімдерді дамытатынын және қандай шешімдерді қайта қарайтыны нанықтайды. Бұл туралы Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе Kazakhstan Growth Forum аясындағы панельдік пікірталаста айтты.
Мысал ретінде ол бөлімшелер желісінің тарихына тоқталды. 2008 жылы жаңа бренд іске қосылғаннан кейін компания әр үш күн сайын бір бөлімше ашып отырды.
Кейін Kaspi.kz-тің онлайн-сервистерін пайдаланатын клиенттер көбейген сайын бөлімшелерге деген қажеттілік азайды. Осыған байланысты компания бөлімшелерді де дәл сондай қарқынмен қысқарта бастаған.
Ломтадзенің айтуынша, компанияның міндеті — бөлімшелер салу емес, клиенттердің сұраныстарын қанағаттандыру. Бөлімшелерді ашу немесе жабу туралы шешім дәл осы қағидаға сүйене отырып қабылданады.
«Біз әрдайым бір ғана мәселені талқылаймыз: бұл клиентке керек пе, жоқ па? Егер клиентке керек болмаса, жабамыз. Ал керек болса, дамытамыз», — деді ол.
Ломтадзенің сөзінше, клиенттің мәселесін жаңа мүмкіндіктер арқылы тиімдірек шешу үшін өнімді онымен бірге дамыту қажет. Бұл компанияның ішкі құрылымы мен жұмыс тәсілдерін де қайта қарауға дайын болуды талапетеді.
«Біз ең алдымен клиентті ойлаймыз. Егер бізге өзгеру қажет болса, өзгереміз», — деп атап өтті Kaspi.kz басшысы.
Компания осы тәсілді дамудың келесі кезеңінде — күнделікті міндеттерді орындауға арналған дербес AI-көмекшіні жасау барысында да қолданады.