Келесі жылы Қазақстанда 11 жастағы ұл балаларға адам паппиломасына қарсы вакцина салына бастайды

Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып жатыр

Келесі жылы Қазақстанда 11 жастағы ұл балаларға адам паппиломасына қарсы вакцина салына бастайды
Фото: © istockphoto.com

2027 жылдан бастап 11 жастағы ұл балаларға адам паппиломасына қарсы вакцинациялаудың пилоттық жобасы іске асады. Бұл туралы Құрылтай отырысында Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Вице-министрдің сөзінше, 2027 жылдан бастап төрт өңірде өкпе обырын ерте анықтауға бағытталған скринингтің жаңа түрі пилоттық режимде басталады. Бұл науқастарды ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

«Балаларды адам папилломавирусына қарсы вакцинациялау жалғасады. Қыздарға мұндай вакцина 2025 жылдан бастап салына бастаған. Енді 11 жастағы ұлдарды да вакцинациялау жоспарланып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар вице-министр 2027-2029 жылға арналған республикалық бюджетте денсаулық сақтау саласына 2,5 триллион теңге қарастырылғанын атап өтті.