«Тоғыз ай тергеу шаршатты. Операция столына оралғым келеді» – Күдебаев ісі бойынша бас дәрігермен сұқбат

Автор: Azattyq Rýhy

35 жыл дәрігерлік тәжірибесінде ол 12 мың науқасқа операция жасаған

Фото: Марат Қалдыбаев

Қасым-Жомарт Тоқаев 27 мамырда  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында дәрігерлерді қателік жасағаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін қайта зерделеуді тапсырған еді. Медицина қызметкерін бірден қылмыскер деп таппай, әкімшілік-құқықтық сипатта қарастыру керек. Бұл әлемнің өркениетті елдерінде кездесетін тәжірибе. Себебі, тергеу кезінде дәрігердің өз міндетін қаншалықты немқұрайлы немесе шынайы атқарғанын ажырату қиын. Клиникалық зерттеулерді өткізу тәртібін бұзғаны үшін де қылмыстық жазаға тартуды қайта қараған жөн деген еді.

Azattyq Rýhy тілшісі былтыр қыркүйекте Алматы қаласы полиция департаменті бастығының ұлы қайтыс болған соң, көп ұзамай тергелген Қанат Тезекбаевпен сұқбаттасты. Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының басшысы дәрігерлік қателікке жол берді деген айыппен қамауға алынып, артынан қоғамдық дүрбелеңнен соң уақытша ұстау изоляторынан босатылды. Бірақ 9 айдан бері аурухананың бас дәрігері мен анестезиолог-дәрігерге қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты процессуалдық шешім қабылданбаған.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысына сәйкес, Асқар Тұңғышбаев та босатылып, жұмысына қайта оралды. Ал ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлімімен (медицина және фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауының салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру)  күдікті деп танылған Қанат Тезекбаев қазір ұстаздықпен айналысып жүргенін айтады.

Қанат Тезекбаев тергеу құпиялылығына байланысты тиісті органдарға оның егжей-тегжейін жария етпеу туралы қолхат жазып берген. Сондықтан процессуалдық шешім туралы қазбалап сұрамауды ұйғардық. Бұдан бұрын оның адвокаты  Қайрат Байбазаров AR тілшісіне Германия дәрігерлерінен тиісті қорытынды күтіп отырғандарын айтқан болатын.

Оқи отырыңыз: «Жарты ставкада жұмыс істеп жүрмін» - Күдебаев ісі бойынша жұмыстан шеттетілген дәрігер

Қанат Тезекбаев қазір Алматыдағы Асфендияров атындағы медициналық университеттің резиденттері, интерн және студенттерге сабақ беруін жалғастырып жатыр.  Ал қалалық №4 клиникалық ауруханасы бас дәрігері қызметінен түбегейлі кетпеген. Тергеуге байланысты тек уақытша шеттетілген.

Білікті дәрігер 35 жылдық дәрігерлік тәжірибесінде 12 мың науқасқа операция жасаған. Сондықтан ерте ме, кеш пе, клиникалық емдеуге баруды қалайды. Бірақ бірнеше айдан бері оның ісіне қатысты процессуалдық шешім шықпай отырғанын айтады.   

«Трагедия болса, ауыр жараланған жағдайда бірінші кезекте бәрі дәрігердің қолында деп ойлайды. Эмоциямен көп күтіп қалдық, дәрігер дер кезінде көмекке келмейді деп ренжіп жатады. Қанша тырысқаныңмен, кей кезде адам ойлағандай шықпайтыны рас. Дегенмен, алғысын жаудырып кететін пациенттер өте көп. Өмір болған соң бәрі де алма-кезек. Әрине, ұстаздық ету бір бөлек, ал операция залына өзің кіріп, өз мүмкіндігіңмен операция жасағанға ештеңе жетпейді. Өз тәжірибеңмен бөлісіп, жас мамандарға білгеніңді үйрету бір бөлек. Бірақ осы күнге дейін «уатсап» арқылы, телефон арқылы кеңес сұрайтын әріптестеріме аянып қалған кезім жоқ», - дейді травмотолог-дәрігер.

Негізгі мамандығы травматолог әрі ортопед дәрігер шетелде білімін жетілдіріп келген соң, Нұр-Сұлтандағы жедел көмек көрсету орталығында 5 жыл еңбек еткен. Одан кейін Алматыға қызметін ауыстырып, науқастар ауыр жарақатпен түсетін  қалалық №4 клинкалық ауруханада бас дәрігердің орынбасары, кейін бас дәрігер болып тағайындалады. 

Қанат Тезекбаевтың айтуынша, пациенттер жиі қоңырау шалады. Бүгін Фейсбукке жазып, жеке телефоныма да хабарласқандар көп болды дейді. Бұрын операция жасатып, оның екінші, үшінші кезеңіне келетін науқастар бар. Протез, фиксатор қойылғандар алып тастау немесе басқасын салу бойынша кеңестер алады.

«Бек Эйр» компаниясының ұшағы апатқа ұшырағанда таңғы сағат  7-30-дан бастап қоңыраулар мен хабарламалар толассыз келіп жатты. Әріптестерім рентген түсірілімдерін жіберді. Мен қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, ауруханаға көмекке барғым келетінін айттым. Олар қарсы болмады. Бірақ тергеушілер қолдамады. Өзім республикалық травматологиялық орталықтарда жұмыс істедім, осындай апат кезінде алдыңғы шепте жүріп жұмыс істеген тәжірибем жеткілікті. Оның алгоритмін жақсы білемін. Сол себепті, телефонмен кеңесімді беріп отырдым. Естеріңізде болса, 2015 жылы «Қазақмыс» компаниясына қарасты авиа апат болғанда, бір қыз (Әсем Шаяхметова- авт.) тірі қалған еді. Сол Шу аймағына алғашқылардың бірі болып мен бардым, ұшақ апатынан ауыр жарланған науқасты ауруханаға жеткізіп, Астанада оған 16 операция жасалды. Біз оны аяғынан тұрғыздық», - дейді Қ. Тезекбаев.

Тезекбаев кезінде өзіне араша түскен Президенттің дәрігерлік қателік бойынша қылмыстық жауапкершілікті ізгілендіру туралы тапсырмасына қатысты пікір білдірді.

«Бұл бапты қайта қарау туралы Президент мәселе көтергенде неге екені белгісіз, жастар емес тәжірибелі дәрігерлерді де бір үрей билегендей сезілді. Ауыр науқастардың өмірімен білікті дәрігерлер арпалысады. Бірақ немқұрайлылық пен  медициналық көмектің тиісті дәрежеде көрсетілмегенін  ажырату қиын. Өркениетті елдерде мұндай «дәрігрлік қателік» деген жауапкершілік мүлде жоқ. Әрине, Президент те айтып отыр, дәрігер жауапкершіліктен қашпайды. Бірақ кез-келген маман өз ісіне адал болуды ойлайды. Адам өмірін арашалауға қатысады. Сондықтан бұл дер кезінде көтеріліп отырған бастама деп ойлаймын», - дейді істі болып жатқан дәрігер.

Сұқбат барысында медицина маманы практикалық тұрғыдан жұмыс істеуді сағынып жүргенін айтады. Білімі мен білігі сабақ беруден гөрі науқастарға тікелей көмектесуге қажеттірек екенін ойлайды. Қиын кезеңде отбасы қатты демеу болған. Екі қызы, немересі бар. Достары да қолдаған.

«Мен анестиозолог әріптесім (Асқар Тұңғышбаев-авт.) екеумізді ақтайды деп үміттенемін», - дейді  Қанат Мәрденұлы.

Айта кетейік, «Күдебаев ісі» деген атпен қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іс былтыр күзде басталған болатын. Алматы қалалық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ұлы Нұрсұлтан Күдебаев қайтыс болғаннан кейін №4 аурухананың бас дәрігері мен анестезиологының үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған. Алайда 25 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі істің әділ тергелуін тапсырды. Көп ұзамай, аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен анестезиолог Асқар Тұңғышбаев уақытша ұстау изолияторынан сот қаулысымен босатылды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы