Қазақ отбасын кім басқарады – Отбасы институтын зерттеу орталығы жетекшісімен сұхбат
Әлеуметтік зерттеу нәтижесі
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай «Қазақстандық« Әлеуметтік даму институты» Рухани Жаңғыру» ҰАО Отбасы институтын зерттеу орталығы «Қазақстанның көпбалалы отбасыларының (төрт бала және одан жоғары) жағдайы мен дамуын зерттеу» деп аталатын 2020 жылдың ақпан-наурыз айларына арналған зерттеу мәліметтерін жариялады.
Аталған зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың 73%-ы үшін «Өмірдің мәні отбасы» деген қорытынды ұсынды. Бірақ статистика деректері мүлдем басқаны аңғартады. Яғни, елімізде некелескен әрбір үшінші жұп жыл толмай ажырасып кетеді. Бұл сұраққа жауап алу үшін Azattyq Rýhy тілшісі зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталовамен сұхбаттасқан еді.
ЗЕРТТЕУГЕ КӨПБАЛАЛЫ 1000 ОТБАСЫ ҒАНА ҚАТЫСҚАН
— Жуырда ғана сіздер «Қазақстанның көпбалалы отбасыларының жағдайы мен дамуын зерттеу» тақырыбындағы мәліметтерді жарияладыңыздар. Аталған зерттеу қорытындысын қандай негіздерге сүйене отырып ұсындыңыздар, зерттеу барысында пайдаланған әдістеріңіз туралы айтып берсеңіз...
— Мәліметтер жүргізілген әлеуметтанудың зерттеу нәтижелеріне негізделді. Халықтан сұрау арқылы жүргізілетін сауалнама әдісі қолданылды.
— Аталған зерттеумен қанша адам, қай саланың мамандары айналысты?
— Әлеуметтану зерттеуін дайындау, ұйымдастыру және жүргізуге көптеген адамдар тартылды. Кез келген зерттеу дайындық кезеңінен (зерттеу дизайнын, құралнаманы (сауалнаманы) дайындау, жоспарлау (мерзімі, ресурстары, тәуекелдері және т.б.) және ұйымдастыру жұмыстары (далалық жұмыстар (деректерді жинау), деректермен жұмыс, деректерді талдау және т.б.) тұрады. Осылайша, жұмыстың осы кезеңдеріне аталмыш функциялар жүктелген адамдар қатысты. Бірі зерттеудің дизайнын және сауалнамасын әзірлесе, енді бірі сауалнама жүргізді, тағы біреуі деректермен жұмыс істеді және талдау жасады. Жалпы, біздің зерттеу туралы айтатын болсақ, барлық аталған жұмыстарды әлеуметтанушылар жүргізді.
—Зерттеу объектісі ретінде неше отбасы қатысты, олардың жас ерекшеліктері қандай болды?
— Сауалнама республиканың барлық аумақтарында – 14 өңірде және 3 республикалық маңызы бар қалада жүргізілді . Біздің ҚҚДИ-дың барлық өңірлерде өзіндік супервайзерлер мен интервьюерлер желісі бар. Олардың бәрі деректер жинау жұмысына тартылды. Мысалы, өңірлерде 18 супервайзер, интервьюерлер (3-тен 5 адамға дейін) жұмыс істейді.
Көпбалалы отбасыларды зерттеу үшін 1000 отбасы сауалнамаға қатысты. Зерттеу нәтижесінде олардың 91,6 пайызы ересек екені (30-59 жас аралығы) белгілі болды. Сауалнамаға қатысқан 18-ден 29 жасқа дейінгі жас отбасылардың үлесі – 5,2%. 60 және одан жоғары жастағы топ сұралғандардың тек 3,2% құрады.
— Зерттеу кезінде қандай сұрақтар қамтылды?
— Біз көпбалалы отбасыларды сұрау барысында 6 топқа бөлінген сұрақтар қойдық. Бұл – отбасылық өмірге қанағаттану, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, балаларға бағытталған инвестициялар тәжірибесі, мемлекеттік қолдау туралы хабардарлықтың деңгейін және отбасылардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын анықтау туралы сұрақтар. Сұрақтардың бесінші блогы көпбалалы отбасылардың денсаулық жағдайын өлшеуді және сұрақтардың соңғы блогы сұралушының әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларын – жынысы, жасы, этникалық шығу тегі, балалар саны, білім деңгейі және т.б. тіркеуді қамтыды.
ҚАЗАҚСТАНДА ӘРБІР ҮШІНШІ ОТБАСЫ ЖЫЛ ТОЛМАЙ АЖЫРАССА, ӨМІРДІҢ МӘНІ ОТБАСЫНДА МА?
— Зерттеу қорытындысына қарасақ, респонденттердің көпшілігі «Өмірдің мәні – отбасы» деген жауапты айтқан. Бірақ еліміздегі ажырасу деректерінің статистикасы cіздер көрсеткен 73% адамның құндылықтарын жоққа шығаруда. Зерттеу нәтижесінің позитивті қорытындысы мен статистика екі қоғамды көрсетіп тұр. Мұның себебін түсіндіріп берсеңіз.
— Бұл екі түрлі бағыт – сауалнама нәтижелері мен статистика деңгейі. Иә, әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері зерттелетін мәселенің оң аспектілерін көрсете алады. Осы нәтижелердің ішіндегі оң үрдіс – отбасының өмір мәні ретіндегі құндылығының жоғары деңгейі. Тағы да мысал бар, 2013 жылдан бастап «Жастар» ҒЗО республика жастары арасында сауалнама жүргізеді. 6 жыл бойы жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, жастар құндылықтарының иерархиясында отбасы бірінші орынға ие. Осы үрдісті қолдау және нығайту маңызды.
Оқи отырыңыз: Өткен жылы Қазақстанда 139,5 мың неке тіркеліп, 59,8 мың жұп ажырасты
Иә, ажырасу бойынша статистикаға сәйкес, Қазақстанда ажырасу деңгейінің өсу үрдісі бар. Өкінішке қарай, ажырасу үрдісі әлемнің барлық елдерінде болып отыр және олардың деңгейі алаңдаушылық тудырады. Бірақ біз осы процестің басқа да тұстарын қабылдауға үйренуіміз керек. Ажырасу – халықтың табиғи қозғалысы. Мен бұл процеске араласып, оны күштеп бақылауға тырысудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Отбасы институтын және отбасылық құндылықтарды нығайтуды қолдауды күшейтуге, жастармен жұмыс жүргізуді жалғастыруға болады, сонда некені бұзу азаяды.
— Осы жүргізілген зерттеуден қандай қорытынды шығардыңыздар, оның нәтижелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.
Біз жүргізетін әрбір қолданбалы әлеуметтанулық зерттеудің практикалық мәні бар. Зерттеу нәтижелерінің негізінде біз қоғамдық құбылыстың жалпы көрінісі туралы ақпарат ала аламыз – біздің жағдайда көпбалалы отбасылардың жағдайы туралы. Мысалы, біз отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, отбасылық өміріне қанағаттанушылық деңгейін, халықтың мемлекеттік қолдау туралы хабардарлық деңгейін және басқа да мәселелерді анықтадық. Осылайша, біз отбасы саясатын нығайту мен дамыту бойынша ұсыныстар жасап, және ары қарай зерттеу және т.б. үшін проблемалық мәселелерді анықтай аламыз.
— Жалпы Зерттеу инситутында қандай мамандар жұмыс істейді, қай елдің тәжірбиесіне сүйеніп жұмыс жасайсыздар, әлде өздеріңізге тән методикаларыңыз бар ма?
— Біздің Отбасын зерттеу орталығында әлеуметтану, психология және құқық саласындағы мамандар жұмыс жасайды. Біз отбасы институты және отбасылық қатынастар саласындағы алға қойылған проблемаларды зерттеуде әлемдік тәжірибені пайдалана аламыз, сонымен қатар өзіндік әдістемелерді де әзірлей аламыз. Мысалы, осы жылы біз Қазақстандағы отбасының әл-ауқаты индексін есептеу әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыс атқарудамыз. Біз индексті есептеу әдістемесін әзірлеуде бір жағынан, әлемдік тәжірибеге сүйенеміз, екінші жағынан, өңірлік ерекшелігімізді ескереміз. Осындай күрделі, тынымсыз және өте қызықты жұмыстың нәтижесінде табысқа жетеміз деп үміттенеміз!
ҚАЗАҚ ОТБАСЫН КІМ БАСҚАРАДЫ?
— Еліміздің отбасылық саясаты бағытындағы жұмыстарға қандай өзгерістер енгізу қажет?
— Соңғы уақытта мемлекеттік отбасылық саясатқа сұраныс байқалады. Бұл саясат отбасы институтын нығайтуға, дамытуға және қорғауға бағытталуы тиіс. Қазақстанда аналар мен балалары бар отбасыларды әлеуметтік қорғаудың жолға қойылған базасы жұмыс істейді. Оның ішінде күшейту және жетілдіру керек аспектілер бар. Бірнеше мысал келтірейін, мұндай өзгерістер ішінде мыналарды атап өтуге болады:
- Қоғамда дәстүрлі отбасы моделін қолдау бойынша жұмысты күшейту;
- Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, бірінші кезекте әйелдер мен балалар құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруді жалғастыру;
- Ата-аналарынан бөлек тұрған уақыттағы бала құқықтарының отбасылық-құқықтық кепілдіктері жүйесін құру;
- Бір, екі немесе үш баласы бар отбасылар үшін тұрғын үй алуға қолайлы жағдай жасау;
- Жастармен олардың отбасылық өмірге дайындығы бойынша жұмысты күшейтуді жалғастыру.
— Елде матриархат, әлде, патриархат? Қазақ отбасын кім басқарады?
— Отбасын осындай бөлініс орын алған сызба шеңберінде қарастыруға болмайды. Сіз патриархат және матриархатты қалай түсінесіз? Бұл отбасында ер адамның немесе әйелдің басты орынға ие болуы ма? Жалпы, отбасылар туралы айтатын болсақ, оған көптеген факторлар ықпал етеді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы, этникалық шығу тегі, денсаулық сапасы, білім деңгейі, дінге сенуі және өңірлік ерекшеліктер, экономикалық аспектілер (материалдық жағдай, табыс пен әл-ауқат) – осының барлығы отбасындағы әлеуметтік рөлдерді бөлуге, отбасындағы билік қарым-қатынасына және т. б. ықпал ететін факторлардың үлкен тізімі. Сондықтан патриархалдық немесе матриархалдық отбасы деп бірден айту қиын, мұны жоғарыда көрсетілген факторларды ескере отырып, анықтау және бөлу керек.
Егер қазақ отбасылары туралы айтатын болсақ, әрине, ер адам – отбасының басшысы (отағасы). Қазақтарда және басқа да этностық топтарда да балаларды тәрбиелеудің өзіндік тәжірибесі бар. Қыздарды қазақ отбасында қалай тәрбиелейді? Әрине, әйелдер ерден жоғары болмауы тиіс, өйткені ер адамға бірінші орын бекітілген. Бірден атап өткім келеді, бұл ұстаным негативті емес және әйелдердің құқығына ешқандай нұқсан келтірмейді. Бұл бала кезінен әйелдің әлеуметтік рөлін үйретіп-түсіндіру тәжірибесі. Бізге қиын және жауапты миссиямен әйел ретінде өмірге келетінімізді айтады – балаларға ана болу және ер адамға тірек болу. Қазақ отбасыларында гендерлік рөлдерге тәрбиелеу ерлер үшін де, әйелдер үшін де рөлді бөлуді көздейді. Сөз отбасылық өмірде әйелдер мен ерлер үшін миссияны белгілеу туралы болып отыр. Аймақтық аспектіде қарастыратын болсақ, кейбір өңірлерде бұл ұстанымдар айқын көрінуі мүмкін, ал кейбірінде мүлдем байқалмайтыны түсінікті. Қоғам бір орында тұрмайды, әлеуметтену тәжірибесі мен құндылықтар жүйесі үнемі өзгерістерге ұшырап отырады. Сондықтан, біз отбасындағы әлеуметтік ұстанымдар мен рөлдердің басқа үлгілерін: эгалитарлы отбасыларды (қала тұрғындары мен жастар арасында), әріптестік қатынастарды (азаматтық неке) және т.б. жиі кездестіреміз.
ЕКІНШІ ӘЙЕЛ ЖӘНЕ БІРЖЫНЫСТЫ ОТБАСЫЛАР
— Қазақстандық қыз-келіншектердің екінші әйелге деген көзқарастары қандай?
— Жүргізген әлеуметтанулық зерттеулеріміздің қатарында біз мұндай мәселені қарастырмадық. Мүмкін, біздің келесі, болашақтағы зерттеулерімізге осы мәселені қосуға болады.
—Қазақстандағы біржынысты отбасылардың саны қанша?
— «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі біржынысты некелерді тіркеудің құқықтық нормаларын көздемейді. Әңгіме біржынысты некелердің заңдастырылған нормаларын артта қалдыру туралы болып отыр. Республикада біржынысты некелердің статистикасы жүргізілмейді.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан