$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Инфляция азық-түлік бағасына қалай қысым жасайды – маман жауап берді

Инфляция жанама әсер арқылы бірқатар заттың бағасына әсер етуі мүмкін

Инфляция азық-түлік бағасына қалай қысым жасайды – маман жауап берді
Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов Ұлттық қордан сатылған валюта және инфляцияның бағаға әсер етуі жайлы редакцияның бірқатар сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

- Нұржан мырза, Қазақстанда 2015 жылдан бері еркін өзгермелі айырбас бағамы қолданылып келеді. Бұл жүйе қандай ерекшеліктерімен маңызды?

-Иә, расымен де, 2015 жылдан бастап Қазақстан еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне көшті. Бұл жүйе теңге бағамының сұраныс пен ұсыныс негізінде өзгеруіне мүмкіндік береді. Яғни, ұлттық валюта нарықтық механизмдер арқылы реттеледі. Дегенмен, қаржылық тұрақтылыққа қауіп төнген жағдайда, Ұлттық банк валюта нарығында интервенциялар жүргізу құқығын сақтайды. Бірақ біз айырбас бағамының нақты бір деңгейіне бағытталмай, бейтараптық қағидатын ұстанамыз.

-Бұл саясат қандай экономикалық артықшылықтар береді?

- Біріншіден, бұл тәсіл теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды. Екіншіден, алтын-валюта резервтерін сақтауға ықпал етеді. Сонымен қатар, Ұлттық қордан шетел валютасын сату арқылы республикалық бюджетке трансферттер бөлу жүзеге асырылады. Мысалы, 2025 жылдың қаңтарында Ұлттық қордан 850 миллион АҚШ доллары сатылды. Бұл операциялар да нарықтық бейтараптық қағидаты негізінде жүргізіледі.

- Қаңтар айында Ұлттық Банк жаңа «айна тетігі» механизмін енгізген болатын. Оның мақсаты қандай?

- Бұл шешім ішкі валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қабылданды. Отандық алтын өндіруші кәсіпорындардан алтын сатып алу нәтижесінде теңге эмиссиясы жүзеге асады. Осы эмиссияның баламасында АҚШ долларын ішкі нарықта сату қарастырылған. Осылайша, валюта нарығына әсер етпей, бағамды бірқалыпты ұстау көзделеді.

- Валюталық ауытқулардың инфляцияға әсері қандай?

- Жалпы, валюта бағамының ауытқуы азық-түлік емес тауарларға көбірек әсер етеді. Азық-түлік тауарларының басым бөлігі отандық өнім болғандықтан, олардың бағасына тікелей әсері аз. Ал қызмет көрсету секторының құны көбіне ішкі факторларға – жалақы, жалға алу құны және басқа да шығындарға байланысты қалыптасады.

- Демек, теңге бағамының инфляцияға әсері шектеулі ме?

- Иә, бірақ жанама әсерлерін жоққа шығаруға болмайды. Бағамның өзгеруі шикізат пен өндіріс құралдарының қымбаттауына әкеліп, бұл өз кезегінде кейбір өнімдердің бағасына қысым көрсетуі мүмкін. Ұлттық Банк бұл мәселеге ерекше назар аударады және ғылыми зерттеулер жүргізеді. Соңғы зерттеулер бойынша, айырбас бағамының өзгеруіне ең аз сезімтал қызмет көрсету және азық-түлік секторлары болса, азық-түлік емес тауарлар, әсіресе импортқа тәуелді өнімдер, көбірек әсерленеді.

- Ал қазіргі инфляцияға қандай негізгі факторлар әсер етіп жатыр?

- Қазіргі кезде инфляцияның негізгі қозғаушы күштері – ішкі сұраныстың жоғары болуы, реттелетін тарифтердің өсуі және жекелеген тауар нарықтарындағы ұсыныстың өзгеруі. Мысалы, көкөністер, ет, өсімдік майы нарығындағы өзгерістер бағаға қатты ықпал етеді. Сондықтан инфляцияны тек валюта бағамымен байланыстыру дұрыс емес, оның басқа да маңызды факторлары бар.

- Бұл мәселелер бойынша Ұлттық Банк қандай шаралар қабылдап жатыр?

- Біз инфляцияны бақылау үшін ақша-кредит саясаты құралдарын қолданамыз. Ұлттық Банктің шешімдері мен нарықтық операциялары ашық жүргізіледі, барлық мәліметтер көпшілікке қолжетімді және ай сайын жарияланып отырады.

- Нұржан мырза, сұхбатыңызға рақмет!

Серіктес жаңалықтары