Өз баспанамыз жоқ, он баламен пәтер жалдап тұрамыз – Қасым, Жомарт, Кемелдің анасы

Аягөз Құрмаш

Он балалы отбасы Түркістан облысындағы Келес ауылында тұрады 

 

Өз баспанамыз жоқ, он баламен пәтер жалдап тұрамыз – Қасым, Жомарт, Кемелдің анасы
Фото: gov.kz

Түркістан облысы Келес ауылында тамыз айының соңында Қасым, Жомарт, Кемел атты үшем өмірге келді. Осылайша, небары 33 жасында он бала туған Гүлнәз Қожабекованың бұл ерлігі ел арасында әлі айтылып жүр.  Azattyq Rýhy тілшісі үшеміне президенттің аты-жөнін берген Гүлнәз Қожабекованы тауып, сұхбат алды. Әттеген-айы, облыстың демографиясына жалғыз өзі осындай үлес қосқан ана қазір жалмадалы пәтерде тұрып жатырмын дейді. 

Бақыт пен Гүлнәз 8 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отырған отбасы 

Бақыт Мыңсар мен Гүлнәз Қожабекова 2009 жылы шаңырақ көтерген. Қазір олар 10 баланың ата-анасы атанып отыр. Көпбалалы ана Гүлнәз Қожабекова қазір балаларымның денсаулығы жақсы дейді.

«Қазір сәбилердің жағдайы жақсы. Екі ұл, бір қыз бала босандым. Әрине, үшемді қатар бағу оңай емес. Себебі үлкен қызымның оқуы басталды. Ол биыл 8-сыныпқа барған. Түске дейін өзім қараймын, түстен кейін қызым бала бағуға көмектеседі. Сәбилерге қарасып, көмектесіп жатқан ешкім жоқ. Отбасымызбен өзіміз қарап отырмыз», - дейді үшемнің анасы.

Гүлнәздің айтуынша, түсіне кірген әкесі оған балалардың аты жазылған қамшы сыйлаған. Ол құрсағында үш жүрек соғып жатқанын естігенде, әрине, қатты қуандым дейді. 

«Әрине, сөзбен айтып жеткізе алмайтын қуанышқа бөлендік. Осыған дейін туған егіздерімнің есімі - Арай, Нұрай болды. Ал осы үшемнің есімін Қасым, Жомарт, Кемел деп өзім атадым. Себебі. әуел баста үшем екенін білген жоқпыз. Сол кезде түсіме  әкем кіріп, аян берді. Түсімде әкем қамшыны қолыма ұстатып кетіпті, әлгі қамшыда «Қасым, Жомарт, Кемел» деген жазу бар екен деймін. Бір айда екі рет тура осындай түс кірді. Бұл ненің белгісі екен деп мән бермей жүре бердім. Түсіме кіріп жүрген соң, үйіме хабарласып, тыныштықтарын біліп те қойдым. Екі ай болған кезде ультрадыбыстық зерттеу жасатуға барып, құрсағымда үш сәбидің жүрегі соғып жатқанын естігенде, жылап жібердім. Әлгі түсім бекер емес екенін, аян екенін түсіндім. Басында сәбилерге өзге есімдерді қарастырып жүрдік. Кейін жолдасыма түс көріп, аян келгенін айтып, Қасым, Жомарт, Кемел деген есімдерді ұсындым. Ол да келісе кетті», - дейді Гүлнәз Қожабекова.

Осылайша, көпбалалы ата-ана президенттің жолын берсін, елдің баласы болсын деп жақсы ниетпен есімдерін Қасым, Жомарт, Кемел деп атаған.  

«Күйеумімен жұмыс барысында таныстық. Ата-анамның алдынан өтіп рұқсатын алған соң, 2009 жылы шаңырақ көтердік. Бүгінге дейін отбасымызда жеті қызым бар еді. Енді балаларымның қатарына екі ұл, бір қыз қосылып, он балалы отбасына айналып шыға келдік. Күйеуім қарапайым құрылыс жұмыстарымен айналысады. Кірпіш қалайды, шатыр жабады, цемент құяды. Маңдай терімен тауып келген ақшасына күн кешеміз. Барға қанағат, жоққа сабыр етеміз. Адамның бақыты ақшамен бағаланбайды. Осы балаларымның дені сау, отбасымыз ұрыс-жанжалсыз тыныш болса, мен үшін бақыт сол деп ойлаймын», - дейді Гүлнәз Қожабекова.

Оның айтуынша, үшем босанғанда Түркістан облысының әкімдігі құттықтап келген.

«Тағы да келіп құттықтаймыз деп айтты. Қазір баспанамыз жоқ, екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатырмыз», - дейді әңгімесін түйіндеген Гүлнәз Қожабекова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.