«Елдос қоғамның жарасын оятты»: психолог «мамасының баласы» мен «ана культі» дерті жайында не дейді

Аягөз Құрмаш

Ол отбасындағы иерархия мәселесін қозғады

«Елдос қоғамның жарасын оятты»: психолог «мамасының баласы» мен «ана культі» дерті жайында не дейді
Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Париж Олимпиадасынан алтынмен оралған Елдос Сметовті құрметтеу кезінде жанынан қалмаған анасы сынның астында қалған еді. Осы орайда психолог Жаңагүл Қайырова қоғамдағы  «мамасының баласы» және «ана культі» дертін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.

Маманның айтуынша, Елдос және оның отбасымен сөйлеспей, бұл оқиға бойынша нақты бірдеңе айту мүмкін емес.

«Жалпы алғанда елімізде «мамасының баласы» деген түсінік бар. Оның әр жағын, тереңінен қазса, «ана культі» деген мәселе шығады. Бұл - өте зиян құбылыс. Осының салдарынан ажырасып кетіп жатқан отбасылар өте көп. Ажыраспаса да, күнде жанжал туындап, не бөлек шыға алмай, ата-ананың қас-қабағына қарап отырғандар баршылық. Ата-ананың өмірдегі негізгі мақсаты - баланы дүниеге әкеліп, ер-жетуіне, отбасы құруына атсалысу. Ол отбасы құрғаннан кейін бақыт тілеп, қол бұлғап шығарып салуы керек. Отбасы психологиясында осылай айтылады. Жас отбасы үйленгеннен кейін, жертөледе тұрса да, ата-анасынан бөлек тұруы керек. Сол кезде ғана олар шынайы есейеді. Жігіт отағасы болуды, әйел отанасы, біреудің жары болуды үйренеді», - дейді психолог.

Маманның айтуынша, осындай кезде отбасындағы түрлі қиындықты ерлі-зайыптылар бірігіп шешеді.

«Ал осы чемпионның кейсін алатын болсақ, бұл жерде иерархия бұзылып тұр. Ата-ананың рөлі баладан жоғары, бұл жерде анасы өзінің рөлін келінмен алмастырып алып тұр. Бұл мәселеге тереңінен үңілсек, мамасының баласы ұғымы қайдан пайда болады? Баланың анасы өзінің эмоционалдық мәселесін баласы арқылы шешкен кезде «мамасының баласы» пайда болады. Яғни, манипулияция жасалып тұр, бала арқылы ата-ана өзінің мәселесін шешеді. Өмірде өзі қол жеткізгісі келген арманын баласы арқылы орындау, өзінің психологиялық мәселелерін бала арқылы шешу кезінде ата-ана эмоционалдық бопсалау,  манипуляцияны біліп-білмей жасайды», - дейді ол.

Психолог өзінің жеке тәжірибесінде осындай жағдайлар жиі кездесетінін айтты.

«50-55 жастағы ата-енелер әлі де жас, жұмыс істеп жүрген қоғамның белсенді мүшелері. Алайда, олар балалары үйленген кезде бөлек шығармай, эмоционалды бопсалау мен манипуляцияға жол береді. Оның салдарынан жас отбасында күнде келіспеушілік, өзара бәсекелестік пайда болады. Балаға анасы мен келіні таласып, ортада жігіт күйеді. Мәселе шешілмейді. Сондықтан бала дүниеге келген соң ең алғашқы күннен бастап анасынан біртіндеп алшақтай бастауы керек. Ол анасын тастап кету деген сөз емес, қоршаған ортаны танып, әлемдегі өз орнына ие болуы шарт. Осыған үйрету - ата-ананың тікелей міндеті», - дейді Жаңагүл Амантайқызы.

Психолог атағандай, мамасының баласы ұғынымының ішінде шектен тыс жауапкершілік те жатыр.

«Бала ата-анасының бақыты үшін өзін жауапты сезінсе, мамасының баласы пайда болады. Анасының бақытына мен жауаптымын, оның қабағына кірбің түспеуі керек, оның өміріндегі жақсылыққа да, жамандыққа да мен жауаптымын деп барлық жүкті өз мойнына алады. Баланың ата-анасына еш уақытта шамасы келмейді. Себебі иерархия бойынша ата-ана жоғары сатыда тұр. Баланы босату, жіберу - ата-ананың міндеті. Соны әрбір әке-шеше түсінуі керек», - дейді ол.

Жаңагүл Амантайқызының айтуынша, ата-ана өз тағынан төмен түсіп, баланың өміріне араласса, баласына қиын болады.

«Бұл жерде Елдос жас бала емес, 30-дан асқан, 5 баласы бар өте үлкен отбасы. 5 баланы дүниеге әкелген отанасы бар. Оның да өз орны болуы керек. Көшбашсылық позицияны ұнатпай, көзден тасада қалғысы келетіндер де болады. Бұл жерде де солай болуы мүмкін. Бірақ ер-азаматтың өзінің сүйген жары болғаннан кейін қоғамда бірге қол ұстасып жүргені абзал. Ата-анасы баласының қуанышына сырттан қарап қуануы иерархия бойынша дұрыс. Бұл жерде рөл ауысып кетіп отыр. Сондықтан қоғамның көзіне оғаш көрініп отыр. Бұл жерде Елдосты сынауға болмайды. Елдос бұл жерде қоғамның құрбаны болып отыр. Себебі ол қоғамда бар жаһандық мәселені көрсетіп, оятты. Яғни, ананы культке айналдыру. Ананың рөлі әрдайым жоғары екені белгілі, бірақ ата-аналар ешқашан қателеспейді, олардың әрекеті заң деген түсініктен арылу керек. Ата-ана да өз қателігін мойындауы керек. Ұрпақтың жалғасуы, сабақтастығы баланың ата-анасынан үлгі алуынан басталады», - дейді ол.

Еске салсақ, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің анасы қыр-соңынан қалмаған видеолар желіде тарап, көпшіліктің сынына қалған еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.