Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккені жылдар бойы неліктен мойындалмай келді: тарихшымен сұхбат
2022 жылы Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігін айғақтайтын құжаттар әскери музейге тапсырылды
«Бауыржан – Рақымжан – Кәкімжан. «Ә» дегенде бәрі де «жан» болғандықтан, үшеуі ағайынды екен деп қаласың. Тіпті де олай емес. Үшеуі үш жақта туған. Ал өмірде үшеуі кіндіктес екені рас». Бұл – әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның сөзі.
Биыл – Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл. Ал батырдың бұл ерлігі туралы алғаш мақала жазып, Қазақстан жұртшылығына таныстырған қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың туғанына 95 жыл толып отыр.
Қазақ батырының ерлігін алғаш болып әлемге әйгілеп жазған мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев болған. Егер Бауыржан Момышұлы журналист Кәкімжан Қазыбаевқа Рақымжан Қошқарбаев туралы зерттеуді тапсырмаса, батырды жоғары деңгейде танытуды қолға алмаса, халық әрі қарай да батырымыздың ерлігін білмей кететін бе еді?! Тарих ғылымдарының магистрі, зерттеуші педагог Жандос Арапов Маратұлы Azattyq Ruhy тілшісіне сұхбат берді.
«Рақымжан Қошқарбаев туралы Бауыржан Момышұлы деректерді тапсырған, архив материалдарды зерттеуге жұмылдырған. Р.Қошқарбаевтың ту тіккені туралы хабар бар. 1945 жылы 30 сәуір күні 1425 деген архив деректе бұл дерек уақытымен жазылған. Булатов екеуі Рейхстагқа ту тіккен. Осы деректі Бауыржан Момышұлы Кәкімжановқа тапсыру арқылы бүгінге шығып отыр. Бұл тапсырма болмағанда атамыздың ерлігі жайлы әлі күнге дейін білмес пе едік!?» – дейді Жандос Арапов.
Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларусь майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиға бірнеше жыл бойы расталмаған. Тек 2007 жылдың 7 мамырында Рейхстагқа ту тіккен қазақ батыры екені ресми түрде расталды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыста Германия парламенті Рейхстагқа ту тігу фашистік гитлерлік неміс үкіметінің тізе бүгуін әлемге паш еткен оқиға еді.
«Рейхстагқа ту тігу тапсырмасы болды. Оған кім барады? Ерікті түрде бәрімізден сұрады. Ешкімді күштемеді. Оның себебін кейін білдік. Себебі, ол нағыз өлімге баратын жол еді» деп еске алған батырдың сөзі архивтерде сақталып қалған.
«Бұл – Кеңес Одағындағы саяси идеология, ол кездегі оқулықтарда тек қана орыс және грузин батырларының есімі болды. Сталиннің тапсырмасына сәйкес, осындай тарихи әділетсіздік болды. 30 сәуір Рейхстагқа ту тіккені туралы ұзақ жылдар бойы мойындалмай келді», - деп еске алды тарихшы.
2022 жылы Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігін айғақтайтын құжаттар Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне тапсырылды. Аталған бірегей материалдар – 1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа жауынгерлік ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігінің айғағы. Айта кетерлігі, құжатты документалист, сарапшы Ақмарал Баталова Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан алған. Қазақ батыры мен Г.Булатовтың ерлігі – жалпыға мәлім факт, дегенмен осы құжат олардың батырлығы мен қайсарлығын айғақтайтын дерек ретінде сақталып тұр.
Әйгілі батыр Рақымжан Қошқарбаев соғыс басталғанда 16 жаста болған. Өрімдей жас болса да ол ер-азаматтармен қатар майдан шебінде Отанын қорғауға ат салысуға сұранады. 1942 жылдың тамызында 18 жастағы бозбала Қазақстан және Орта Азия сарбаздарының әскери дайындығынан өтіп, Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынады. 1944 жылдың қазанында кіші лейтенант Қошқарбаев училищені үздік тәмамдап, майдан шебіне қосылады.
Соғыстың соңына қарай лейтенант Рақымжан Қошқарбаев 150-ші атқыштар дивизиясының 647-ші атқыштар полкінің барлау взводының командирі болады. Осы кезде шапшаң әрі көзсіз батыр қазақ жігітінің есімі майдан шебінде аңыздай тарайды.
Рақымжан Қошқарбаев 1988 жылдың 10 тамызында дүниеден өтті. Рақымжан Қошқарбаев көзі тірісінде өзі жайында айтып, жария қылмаған. Содан тарих барынша бұрмаланып, ерлігі ескерілмей келді. Ол өмірден өткеннен кейін араға тек 11 жыл салып, 1999 жылы батырға «Халық Қаһарманы» атағы берілді.
«Екінші дүниежүзілік соғысқа әлі лайықты баға берілген жоқ. Өйткені, әлі күнге дейін деректер ашылып жатыр. Соғысқа қатысқан аталарымыздың тізімінің өзі әлі нақтыланған жоқ. Өйткені, архив деректердің көбі Ресейде жатыр. Болашақта ұрпағымыз әділ бағасын береді деген үміт бар», - деді тарихшы Жандос Арапов.
Биыл ел бойынша Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатыр. Соғыс ардагерінің өмірінен сыр шертетін көрмелер ашылды. Жеңіс күні қарсаңында даңқты ердің есімі елордадағы №44 мектепке берілді. Мектепте мемориалды ескерткіш тақта мен әскери сынып ашылды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Заңына енгізілген түзетулерге сәйкес, «Айбын» орденінің дәрежелеріне даңқты батырларымыз – Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері беріледі. Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған үшінші заң. Ерлігі баршаға аян қаһарманның есімі еш ұмыт болмақ емес.