Байқаулар, «Алқа» клубы, мемлекеттік қолдау: жазушы-журналист жобалар туралы айтты

Azattyq Rýhy

Қазақ әдебиетін әлемге танытуда қандай жұмыстар атқарылуы керек?

Байқаулар, «Алқа» клубы, мемлекеттік қолдау: жазушы-журналист жобалар туралы айтты

Мемлекет тарапынан жас жазушыларға жыл сайын қолдау көрсетіліп келеді. Осы ретте Azattyq Rýhy агенттігінің тілшісі жазушы-журналист Бақытбек Қадырмен сұхбаттасып, Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастыратын жобалар жайында пікірін білді.

Бақытбек Қадыр – «Жасыл шатырлар» әңгімелер жинағының авторы, «Дауыс» антологиясының құрастырушысы. ECG (Eurasian Creative Guild) және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2020 жылғы «Алтын тобылғы» әдеби байқауының лауреаты. Open Eurasia-2022 халықаралық әдеби байқауының (екінші орын) жүлдегері. 2022 жылы Халықаралық қазақ ПЕН-клубының «Мағжан медалі» иеленіп, Ұлттық академиялық кітапханасы жариялаған «Жылдық үздік прозаигі» атанған. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының игері.

– Бақытбек, «Әдебиет порталына» әңгімелеріңізді жариялап тұратыныңызды білеміз. Соңғы уақытта шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр?

– Биыл күзде мемлекеттік тапсырыспен «Куәгерлер» деген екінші әңгімелер жинағым жарық көрмек. Әзірге жаңалығымыз осы. Бұған қоса бір хоррор романымды жазып болдым. Енді екі роман жазу жоспарда тұр.

– Open Eurasia-2022 халықаралық әдеби байқауының жүлдегері атанғаннан кейін әлемдік деңгейдегі қандай байқауларға қатысуды жоспарлап отырсыз?

– Осы байқаудан кейін Гилдияның (Eurasian Creative Guild) мүшелігіне қабылдандым. ECG мені Букер сыйлығына қатыстыруға ұсыныс жасаған. Алайда менің ағылшын тіліне аударылған дайын романым болмай, былтыр қалып қойдым. Одан кейін оған деген қатты құлшыныс болған емес. Кейде атағың алға шығып кетсе, еңбегің артта қалып қоятыны бар. Сондықтан әзірге ондай үлкен бәйгеге қатысу жоспарымда жоқ. Әзірге замандас қаламдасым Бақытгүл Сәрмекова сол аламанға ат қосып жатқан көрінеді, соған тілеулес болып отырмын.

– Халықаралық деңгейдегі әдеби байқауларға қатысуда қазақстандық қаламгерлерді белсенді деп айта алмаймыз. Оның себебі неде? Жазушылар тарапынан талпыныс жоқ па, әлде ондай деңгейге жетуге тиісті мүмкіндік жасалмай отыр ма?

– Негізі өте жақсы сұрақ. Осы ретте, жас қаламгерлердің талпынысы бар. Бірақ олар қаржы жағынан қысылады. Ал орта буын мен аға буын өкілдері қатысуға болар еді. Өйткені оларда біріншіден шығармашылық «багаж» бар. Екіншіден, материалдық мүмкіндіктері де жастарға қарағанда анағұрлым жақсы ғой. Бір жолы Мемлекеттік сыйлық алған бір ағамыздан: «Еліміздегі ең жоғарғы дәрежелі сыйлықты алдыңыз, енді әлемдік додаларға қатысып, қазақ әдебиетін әлемге танытасыз ба?» деп сұрадым. Сонда ол кісінің өмір бойы көздеген межесі тек сол биік екенін біліп таңқалдым. Бәлкім жас ұлғайған сайын ондайға адам құлықсыз болып келе ме білмедім. Әдебиет бәйгемен өлшенбейді, жақсы шығармамен ғана бәсі биік қой.

– Қазақ әдебиетін әлемге танытуда қандай жұмыстар атқарылуы керек?

– Мемлекет ықтият танытса және оған үлкен талғаммен қараса, танылудың қиындығы жоқ. Екіншіден, әдеби агенттер жұмыс істеу керек.

– Биыл көктемде Мәдениет министрлігінің жанынан жастар әдеби клубы құрылған екен. Осы жобаның мақсаты қандай? Жас жазушылардың дамуына қандайда бір ықпалы бар ма?

– Клубтың атауы – «Алқа». Баяғы Мағжан Жұмабаев атамыз құрған ұйымның жалғасы, сондай ізгі мақсатқа сабақтас ретінде құрылған клуб. Жетекшісі – министр Аида Ғалымқызының өзі. Хатшысы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының игері Ербол Алшынбай және Шерхан Талап. Бұл клубта елімізге белгілі біраз ақын, жазушы, сыншы, баспагерлер бар. Біз клубтың алғашқы құрылғандағы жиынына қатыстық. Клуб бүгін құрылып, ертең жоғалып кететін ұйым емес, өміршең әрі пәрменді болады делінген. Әсіресе, елдегі өткізіліп жататын әдеби байқаулардың әділ өтуін қадағалау да тіпті төрешілік жасауға мүмкіндігі болуы тиіс. Сонымен қатар, кейбір әдеби үрдістерді талқылып, министрлік тарапынан қолдау табуға ықпал етпек. Әзірге жоба-жоспары осындай. Қалғанын уақыт көрсетеді.

– Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ақын-жазушыларды қолдауға арналған түрлі жобалар мен гранттар ұсынып отыр. Осындай жобалар қаншалықты қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына оң үлес қосады?

– Биыл «Жазушылардың Әдеби Шеберлік Мектебі», «Жаңа Қазақстанның Әдеби-Танымдық Панорамасы», «ТМД Елдерінің Архивтеріндегі Қазақстандық Жазушылардың Зерттеу Жұмыстары» атты үш маңызды жобаны іске аспақ. Оның бірі – жас әдебиетшілердің әдеби біліктілігін жетілдіруге арналған. Екіншісі – грант арқылы шығарма жазу. Үшіншісі – шетелдердегі қазақ еліне қатысты архивтердегі құнды құжаттарды қазу және соны жазу. Бұндай бастама биыл алғаш жарияланып отыр. Игілікті іс. Өзім де үміткер ретінде қатыстым. Мұндай жобалар – ақын-жазушылардың әдебиетпен кәсіби түрде айналысуына жол ашады. Ал кәсіби шұғылданған нәрседе қалай да өнім болады.

– Мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптардың нарыққа шығуы қалай іске асып жатыр?

– Көбі кітапханаларға түседі. Бірақ қазір кітапханалар кітап оқитын жер емес, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын жерге айналып барады. Кітап оқығысы келген адамдар көбінесе сатып алады ғой. Сондықтан мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар белгілі бір мөлшерде сатылу керек. Ақшасы мемлекетке, бір бөлігі авторға түсіп тұрса болар еді. Әйтпесе жыл сайын шығып жатқан том-том кітаптар қайда кетіп жатыр? Бұған қатысты сыни пікірлер де айтылып жатады. Креативті механизм керек тәрізді. Аида Ғалымқызы мұның тиімді жолдарын зерттетіп, жетілдіруді қолға алды. Енді нәтижесін күтеміз.

– «Сын – шын болсын, шын – сын болсын» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, сіздің шығармаларыңызға айтылған сынды қалай қабылдайсыз?

– Өте жақсы қабылдаймын. Сынды өзіне сенбейтін, әлсіз, әлжуаз адам қабылдамайды немесе өзіне қатты сеніп қалған адам қабылдай алмайды. Ал үнемі ізденіс үстіндегі, өзінің кейде классик екеніне күмәні болатын адамдар сынды жақсы қабылдайды. Өзім аз жазсам да, мақтауды да сынауда да біршама естідім. Шын мәнінде, шығармашылық адамын өсіретін өзінің сенімі мен ізденісі шығар...

– Сұхбатыңызға рақмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.