Әдеби сыйлық, тың жобалар: қаламгерлерді қолдау үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр?

Azattyq Rýhy

Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады

Әдеби сыйлық, тың жобалар: қаламгерлерді қолдау үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр?

Azattyq Rýhy агенттігінің тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әлимен сұхбаттасып, қазақ мәдениеті мен өнері және қазақ әдебиетін дамытуға арналған қандай жобалардың іске асып жатқаны туралы сұрақтарға жауап алды.

– Стратегиялық әріптестік жобалары туралы. Жобалардың мақсаты қандай? Ол кімге арналған?

– Биыл Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» бағытындағы мемлекеттік тапсырыспен стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша 3 жобаға конкурс жариялаған болатын.

«Стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру қағидалары» (2023 жылғы 15 маусымдағы № 248-НҚ бұйрығы) құжатына сәйкес жарияланған конкурсқа Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында өз мүшелері (қатысушылары), тиісті салалардағы қызмет бағыты бойынша жобаларды іске асыруда кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі бар, республикалық қоғамдық бірлестік немесе қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктері қатысты.

Конкурс қорытындысы бойынша «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі жеңімпаз деп танылды.

Жалпы стратегиялық серіктестіктің негізгі мақсаты – мемлекет дамуының жаңа кезеңінде жаңа әдеби шығармалар жасау мақсатында жас жазушылардың шығармашылығын насихаттау, жандандыру және ынталандыру болып отыр. Жоба өте ауқымды, кешенді жұмыс жасалатын үш бағытты қамтиды.

Атап айтқанда, бірінші жоба – қаламгерлер қатарынан құралған экспедиция негізінде аймақтардың бүгінгі жай-күйін еш бүкпесіз зерделеп, зерттеп, толыққанды әрі айқын картинаны суреттейтін шығармалар жазып, оны басып шығарып, оқырмандарға ұсынатын «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы». Бұл жоба аясында 20 жас қазақстандық жазушылар мен ақындарға мемлекеттік грант тағайындау қарастырылған. Жас қаламгер әр аймаққа бөлініп, өңірлердің жаңа әдеби бейнесін қалыптастыратын жаңа туындылар жазады. Нәтижесінде қазақ әдебиетіне 20 тың туынды қосылып, әр жас қаламгер 4 млн теңге көлемінде қаламақы алатын болады.

Екінші жоба – Қазақстан Жазушылар одағының мәдениет саласындағы ғасырға жуық тәжірибесіне сүйеніп, отандық және шетелдік мәдениеттанушылар, философтар, әлеуметтанушылар, киногерлер, театртанушылармен бірлесе отырып жас қаламгерлер ілегін қалыптастыруға, әдебиет саласында кенжелеп қалған детектив, фэнтези, комикс жанрларын дамытуға негізделген «Жазушылардың шеберлік мектебі». Бұл жоба болашақта қаламгерлердің жаңа легін қалыптастыруға, әдебиет институттарының қалыптасуына алғышарт болады деп ойлаймыз. Сонымен қатар алдыңғы толқын мен кейінгі толқын арасындағы ұрпақ сабақтастығын дамытады деп сенеміз.

Үшінші жоба – ТМД елдерінің мұрағаттарында Қазақстанның мәдениеті мен әдебиеті бойынша жаңа мұрағаттық материалдарды анықтау бойынша зерттеулер жүргізіп, «Қазақстандық жазушылардың зерттеу орталығының ТМД елдерінің мұрағаттарында жұмыс істеуі» жобасы. Жоба аясында кітаптар мен жинақтар шығады, Ақтөбе қаласында республикалық форум өтетін болады.

Бүгінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі  мен Жазушылар одағы арасында келісімшарт жасалып, жобаға қатысуға қаламгерлерден өтінімдер қабылданды. Енді Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылатын комиссия талапкердің шығармашылық өмірбаянын жарық көрген кітаптары мен жетістіктерін саралау арқылы жобаға қатысушылардың тізімін бекітеді.

– Грант тағайындау жұмыстары. Былтыр қанша грант тағайындалды? Биылға жоспар қандай?

– Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы атап өткендей кітап басу ісі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін қолданыстағы «Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі қағидалары» құжатына түзетулер мен толықтырулар енгізілуде.

Жаңартылған қағидаға сәйкес кітаптар бірнеше сараптамалық сатылардан өтіп, тек үздіктері ғана жарық көретін болады. Өтінімдер жылына екі рет қабылданып, түскен құжаттарды тексеруге 10 күн, қоғамдық талқылауға 15 күн, арнайы құрылған Тәуелсіз комиссияға 15 күн және Сарапшылардың қорытынды дайындауына 2 ай берілетін болады. Осы уақыт аралығында оқырмандар пікірімен қатар отандық ғылыми зерттеу орталықтарының әлеуметтік зерттеулері, кітап дүкендерінің сатылымға қатысты статистикалық мәліметтері, баспалардың басылым рейтинг тізбесі назарға алынатын болады. Одан кейін уәкілетті орган нақты шешім қабылдайды.

Грант тағайындау мәселесіне қатысты бұрын қолжазбаға тек гонорар төленетін болса, жаңартылған қағида бойынша жаңа әдеби туындыларға грант тағайындау бағыты да ұсынылатынын атап өтеміз. Бұл дегеніміз қаламгерлердің бұрын жарық көрмеген туындысын не қаламақы, не грант бағытына ұсынып, егер Сарапшылардың және Ведомостаралық комиссияның оң пікірін алған жағдайда 1 авторлық параққа 6 ең төменгі жалақы мөлшерінде (510 мың теңге) қаражат алатын болады.

Гранттың қаламақыдан айырмашылығы кітапты басып шығару және сатылымға шығару құқығы автордың өзінде қалдырады. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет қаламгердің авторлық құқығын өзінде қалдырады. Автор кем дегенде 500 дана кітапты сатылымға шығаруға міндеттеме алып, сатылымынан түскен пайданы өзі көреді.

Кітап бір жыл көлемінде жарыққа шығып, кітап дүкендері арқылы сатылымда жақсы көрсеткішке қол жеткізер болса, оның кезекті басылымы мен таралымы мемлекетке жүктеледі. Аталған бұйрық жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет порталына жарияланған болатын.  Қазіргі уақытта қағида жобасы тиісті мемлекеттік органдарда келісуде тұр. Қағида күшіне енген жағдайда Министрліктің ресми сайтына жариялайтын боламыз.

– Қаламақы мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Түйткілді мәселелер бар ма?

– Архив құжаттама және кітап ісі комитеті мемлекет саясатын кітап ісі саласында отандық баспагерлер мен қаламгерлерді қолдау мақсатында жоғарыда айтқан Қағида негізінде тұрақты түрде жүргізіп келеді. Солардың бірі қаламақы төлеу.

Мысалы, 2023 жылы 53 туындының авторлық құқығы сатып алынып, қаламгерлерге тиісінше қаламақы төленді.

Биыл қолданыстағы заңнамаға сәйкес 1 авторлық параққа (16 бет) – 510 000 теңге төленеді.

– Жас жазушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие қандай байқауларды атар едіңіз?

– Қазіргі уақытта жалпы жазушыларға арналған түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Министрлік 2022 жылдан бастап отандық қаламгерлер мен баспагерлерді қолдау мақсатында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын жариялаған болатын. Биыл үшінші рет ұйымдастырылатын «Айбоз» ұлттық сыйлығына өтінімдер қабылданып жатыр.

Ұлттық байқаудың жалпы жүлде қоры 35 млн теңге. «Үздік проза»,«Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс», «Үздік әдеби сын» номинациялары бойынша берілді.

2022 жылғы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары:

  1. «Үздік поэзия» бойынша «Жұмбақ арал» Батырхан Сәрсенхан;
  2. «Үздік проза» бойынша «Тырнақ» Айгүл Кемелбаева;
  3. «Үздік драматургия» бойынша «Мың мен жалғыз...» Талғат Теменов;
  4. «Үздік аударма» бойынша Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» Кенжебай Ахметов;
  5. «Үздік балалар әдебиеті» бойынша «Іздер құпиясы» Бекен Ыбырайым;
  6. «Үздік кітап дизайны» бойынша «Кенесары хан уа сұлтан» «AmalBooks» баспасы;.
  7. «Үздік комикс» номинациясы бойынша жеңімпаз табылмады.

2023 жылғы жеңімпаздар: 

  1. «Үздік проза» бойынша Қуандық Түменбай «Анамның құрбысы»;
  2. «Үздік поэзия» бойынша Жанат Жаңқашұлы «Көзімнен сүй, көбелек»;
  3. «Үздік драматургия»  Исраил Сапарбаев  «Адам ата,  Хауа ана»;
  4. «Үздік балалар әдебиеті»  бойынша Серік Асылбекұлы «Концерт»;
  5. «Үздік аударма» бойынша Абай Мауқараұлы «Қасқырлар құпиясы»;
  6. «Үздік комикс» бойынша Салимгали Мырзашев «Бейбарыс»;
  7. «Үздік әдеби сын» бойынша Қосылбеков Дидар «Абай Һәм Ницше іліміндегі Құдай, адам және автор мәселесі: үш супер мағынаның күйреуі.

Биыл Министрлік жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, дарынды ақын-жазушылардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында екінші рет Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындалады. Әдеби сыйлық 18-35 жас аралығындағы қаламгерлерге арналған.

Байқауға қатысушылар халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған туындыларын «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша наурыз айының басынан шілде айына дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсыруы тиіс.

Қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық тағайындау комиссиясының қарауына ұсынылады. Екі кезеңнен арқылы өткен Комиссия отырысында Президенттік сыйлық тағайындауға ұсынылған кандидатуралар ашық дауыс беру арқылы анықталады.

Президенттік сыйлық тағайындау туралы актісінің жобасы  Қазақстан Республикасының Үкіметіне комиссия хаттамасының көшірмесімен қоса күнтізбелік жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей енгізеді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Президенттік сыйлық тағайындау туралы актісінің жобасын қарап, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне күнтізбелік жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей енгізеді.

Өткен жылы байқауға барлығы 53 қатысушының құжаты қабылданған болатын. Олардың ішінде 17 қатысушы – «Балалар әдебиеті» номинациясына, 9  қатысушы – «Драматургия» номинациясына, 13 қатысушы – «Поэзия» номинациясына, 14 қатысушы – «Проза» номинациясы бойынша өтінім берді.

Айта кетейік бұдан бөлек Мәдениет аралық және этносаралық бірлікті нығайтуға арналған әдебиет саласындағы сыйлық (4 номинация, әр номинацияға 2,5 млн теңге, жалпы жүлде қоры 10 млн теңге), «Дарын», «Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық, т.б. сыйлықтар бар.

– Аударма ісінде мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары іске асып жатыр?

– Аударма әдебиеті бойынша ҚР мәдениет туралы заңына бірқатар өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын әдебиеттердің электронды нұсқасы Ұлттық электрондық кітапханасында жарияланады.

Бұл өз кезегінде электрондық нұсқаларын жариялаудағы авторлық-құқықтық шектеуліктеріне сәйкес, әлемдік танымал туындыларды басып шығаруға мүмкіндік бермей отырғанына байланысты және кітап басып шығаруға берілетін өтінімдер аясын кеңейту мақсатында, аталған тармақшаны толығымен алып тастауды ұсынып жатырмыз.

Бестселлерге айналған әлемдік әдебиеттің классикалық және заманауи туындыларын қазақ тіліне аудару қазіргі таңда жеке баспалар арқылы реттелуде. Баспагерлер авторлық құқығын алып, қазақ тіліне аударған белгілі шетелдік туындыларды мемлекеттік тапсырыспен басып шығара алады.

– Министрлік 2021 жылы ашықтық қағидатына сәйкес мемтапсырыспен жарық көретін әдебиеттерді іріктеуде дауыс беруге арналған онлайн-платформаны іске қосты. Нәтижесінде қандай кітаптар жарық көрді?

– Бұл жүйенің тиімділігі Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мемлекеттік тапсырыс бойынша басылып шығатын шығармаларды іріктеуге қатысуға және қоғамның отандық әдебиетке деген сұранысын, шығармалар жанрын, оқырмандардың жас санаттарын талдауға, шығарма авторларының танымал болуына мүмкіндік беретіндігінде.

  • 2021 жылы – 72 туынды сатып алынып, жалпы таралымы 492 мың дана 168 кітап атауы жарық көрді,
  • 2022 жылы – 48 туынды сатып алынып, жалпы таралымы 506 мың дана болатын 188 кітап атауы жарық көрді.
  • 2023 жылы 53 туынды сатып алынып, жалпы таралымы 134 кітап басып шығарылып, таратылды.
  • Биыл 171 кітап басып шығаруды жоспарлап отырмыз.

– Мемтапсырыспен жарық көрген кітаптардың нарыққа шығуын қалай бағалар едіңіз? Ілгерілеушілік бар ма?

– Министрлік кітап нарығын реттеуде өз құзыреті шегінде бірқатар жұмыстар атқаруда. Бюджеттік бағдарлама аясында жарыққа шығарылатын әдебиеттерді белгіленген тиісті данасынан бөлек артық таралыммен басып шығарып, нарыққа шығаруға шектеу қойылмайды. Яғни, отандық баспалар мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығарған әдебиетті сатылымға шығаруға құқылы.

Атап айтқанда «Мазмұндама», «Фолиант», «Зерде Паблишинг», «Керемет медиа» баспалары бүгінде мемлекеттік тапсырыспен басып шығарған кітаптарын нарыққа шығарып, оң көрсеткіштерге қол жеткізген.

– Кенжелеп қалған балалар әдебиетін дамытуға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

– Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару, тарату қағидасы аясында 9 әдебиет түрі бойынша өтінімдер қабылданады. Оның ішінде өзге де маңызды әдебиет түрлерімен қатар балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет те бар.

2021 жылы 40 балалар әдебиетін 120 мың дана таралымда, соның ішінде 4 әлем балалар әдебиеті авторларының қазақ тіліндегі аудармаларын арнайы логотиппен басып шығарып, республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға тараттық. Басылып шыққан балалар әдебиетін көпшілікке таныстыру, ақпараттандыру мақсатында жыл аяғында кітап авторлары, жас оқырмандар, зиялы қауым өкілдері және БАҚ қатысуымен тұсаукесерлер өткізілді.

2022 жылы бюджеттік бағдарлама аясында 23 балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жалпы таралымы 69 мың данамен басылып шығып, республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратылды.

2023 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған 16 әдебиетті жалпы таралымы 48 мың данамен басып шығарып, кітапханаларға тарату жоспарда бар.

Жас оқырмандарға мемлекеттік тапсырыспен басылып шыққан әдебиеттер барынша қолжетімді болуы үшін Ұлттық академиялық кітапхана порталына электронды нұсқалары орналастырылды.

Сонымен қатар Министрлік жариялаған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік комикс», «Үздік кітап дизайны» және «Үздік балалар әдебиеті» номинациялары бойынша беріледі. Яғни, «Үздік балалар әдебиеті» номинациясының бойынша жеңімпаз атанып, 5 млн теңге иелену мүмкіндігіңіз бар.

2023 жылы «Айбоз» ұлттық сыйлығына барлығы 500-ге жуық еш жерде жарияланбаған шығармалар түссе, соның ішінде 72 туынды «Үздік балалар әдебиеті» номинациясына тиесілі. Бұл ұлттық сыйлық аясында осыншама жаңа шығарма жазылып шыққандығын білдіреді.

Бұдан бөлек жоғарыда айтқан жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық бар. Президенттік сыйлықта «Проза», «Поэзия», «Драматургия» номинацияларымен қатар «Балалар әдебиеті» номинациясы да қарастырылған.

Бұл жобалардың барлығы балалар әдебиетінің дамуына мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау деп білем.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.