Оқ тиіп, бір аяғымды тізеден төмен кестіріп тастауға тура келді – әлем чемпионы Ербол Хамитов
Еліміздегі пара спорт тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Ербол Хамитовпен сұхбат
Жуырда Швецияның Эстерсунд қаласында шаңғыдан және биатлоннан мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында әлем чемпионаты өткені белгілі. Байрақты бәсекеде ел намысын жеті спортшы қорғады, оның төртеуі – Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері. Халықаралық додада жерлесіміз Ербол Хамитов ерледі. Ол еліміздегі пара спорт тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Жуырда төрткүл дүниеге көк туымызды танытып, Әнұранымызды шырқатқан спортшы туған жерге оралып, жанкүйерлермен кездесті. Ел мерейін асырған спортшымен Azattyq Ruhy тілшісі сұхбаттасқан еді.
– Ербол Ғалымкерейұлы, жеңісіңіз құтты болсын! Жалпы пара спортта жүрген әрбір адамның өмір жолына үңілсеңіз талай қиындықтарды бастан өткергенін көресің. Көбі – тағдырдың тәлкегінен құлап барып, қайта тұрғандар. Сіздің де басыңыздан шым-шытырық оқиғалар өткенін естідік. Сол туралы айтып беріңізші.
– Иә, 2017 жылы орын алған оқиға көпшілікке мәлім деп ойлаймын. Жастықтың буымен жүріп, абайсызда аяғымнан айырылып қалдым. Нақтырақ айтсам, оқ тиіп, бір аяғымды тізеден төмен кестіріп тастауға тура келді. Осы жарақаттан кейін қатты күйзеліске түстім. Бірақ өмірден түңілген жоқпын, тағдырдың жазғанына көнбей қайтесің? Өз-өзіме қиындықтарға мойымауға серт бердім. Жалпы менің өмірдегі ұстанымым солай. Жеңіс ешқашан оңайлықпен келмейді. Әрине, он екі мүшең сау жүргенге не жетсін?! Тиген оқтан тірі қалғанымның өзіне шүкіршілік айтамын. Бірақ кінәлілерді кешіру мүмкін емес. Дегенмен уақыт емші, жылдар жылжып өткен сайын ұмытыла бастайды екен. Өткенге өкінбей, өз жолыммен алға қарай жылжи бастадым. Ең бастысы, ата-анамды разы қылсам, солар ренжімесе болды.
Отадан кейін бір жарым апта өткен соң үйге шығарды. Содан кейін ақырындап жаттығуларға кірісіп кеттім. Бастапқыда балдақпен жүріп жаттыға бастадым. Қалай болғанда да бұл сынақтың өзі маған біраз жігер берді. Мүгедек адамдар да биік шыңдарды бағындырып жатқанын көрдім. Сондықтан пара шаңғы және пара биатлонмен айналысуды ұйғардым. Сол төккен тердің жемісін көріп отырмын, былайша айтқанда, әлемдік деңгейдегі үлкен табысыма қол жеткіздім. Менің ойымша, адамның басына қандай сынақ келмесін, мойымау керек. Спортта физикалық күштен бөлек, ішкі ерік-жігерің мықты болуы керек, сонда алынбайтын қамал болмайды.
– Қиын сәтте сізге кім демеу болды?
– Бұл жайт, ең алдымен, ата-анама, туған-туыстарыма ауыр тиді. Олар әрдайым жанымда болып, барынша қолдауларын білдіріп отырды. Сондай-ақ, Астана қаласының ММА бойынша бас бапкері Сергей Веселов, сол кездегі Қазақстанның ММА федерациясының президенті Анатолий Ким көп қолдау көрсеткенін айта кетуім керек. Олар мен емделген соң бір айдан кейін Алматы қаласына шақырып, әуесқой құрама сапында Бахрейн Корольдігінде ережесіз жекпе-жектен өткен әлем чемпионатына дайындады.
– Жоғарыда өзіңіз айтқан қайғылы оқиғаға дейін де шаңғы теуіп пе едіңіз? Бұл спортқа қалай келдіңіз?
– Шаңғы спортымен айналыса бастағаныма көп уақыт болған жоқ. Бұрын ережесіз жекпе-жек, грэпп-линг және джиу-джитсумен айналысқанмын. 2019 жылы «AIGA» грэп-плингтен ересектер арасында еліміздің вице-чемпионы атансам, «UWW» жарысында Азия чемпионы болғанмын. Бұл спорттармен ары қарай да айналыса беруге болар еді. Төрт жылда болатын Олимпиада жарыстарына қатысу – арманым болатын. Ал грэпплинг пен джиу-джитсу Олимпиада бағдарламасына енбегендіктен, шаңғы спортына ауыстым.
Спортшыға ең бірінші психологиялық дайындық керек екен. Пара шаңғымен енді айналыса бастаған уақытта бапкерлерім мені психологиялық тұрғыдан дайындады. Алда қандай жұмыс күтіп тұрғанын түсіндірді. Жалпы пара спорттың өз ерекшеліктері бар. Бәрі бірдей жарыса бермейді. Біреудің көру қабілеті нашар болса, екіншісінің тірек-қимыл аппаратына зақым келген дегендей.
– Пандемия кезінде жарыстар өткен жоқ. Жаттығуларды қалай ұйымдастырдыңыздар?
– Карантин кезінде жаттығулар жоспардағыдай жақсы өтті. Шаңғы тебу үшін физикалық формаң жақсы болуы қажет. Күн тәртібін сақтап, уақтылы жаттығу жасап, дұрыс тамақтанғанда ғана керек нәтижеге жетуге болады. Егер түні бойы қыдырсаң, ұйқың дұрыс қанбаса, онда жоғары жетістікке қол жеткізу қиын. Сол себепті өзімді көп нәрсемен шектедім. Жаттығулар жыл он екі ай бойы тоқтамайды. Жаз айларында аздап қиынға соғатынын айта кеткен жөн. Жазда арнайы дөңгелегі бар шаңғы тәріздес құрылғымен жаттығамыз.
– 2022 жылы өткен қысқы Паралимпиада ойындарында еліміздің көк туын ұстап шықтыңыз. Бірақ жүлде бұйырмады. Не кедергі болды? Әлде дайындық осал болды ма?
– Кез келген спортшының басты арманы – әлемдік жарыстарға жай қатысып қана қоймай, жүлделі орындардан көрініп, еліміздің Әнұранын шырқату. Паралипиадада шаңғы жарысында жетінші орынға тұрақтағаным белгілі. Алғашқы үлкен жарысым болғандықтан қобалжыдым, бірақ көрсеткіш көңілімнен шықпады. Жеңіс тұғырына көтеріліп, отбасым мен достарымды, жанкүйерлерім мен барлық спортсүйер қауымды қуанытқым келді. Бірақ сәті түспеді.
– Алайда, жақында Швециядағы әлем чемпионатында айды аспаннан бір-ақ шығардыңыз. Бір жарыста үш жүлде еншіледіңіз. Бұл жеңістердің сыры неде?
– Әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Жарыс барысында бапкерімнің құрған тактикасы бойынша әрекет еттім. Ең алдымен, алдымызда іріктеу кезеңін сәтті өткеру мақсаты тұрды. Кейін жартылай финалда үштікке ілінсек те жеткілікті еді. Яғни, біз бар күшімізді финалға сақтадық. Финалда украиналық спортшының артынан еріп отырдым. Мәре сызығына жақындаған сәтте қарқынды үдеттім. Швецияның климатына бейімделу үшін қаңтардың басында сонда оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Осы аралықта кей спортшылар аздап сырқаттанып қалды. Олардың қатарында мен де болдым. Бірақ білікті дәрігерлер көмектесіп, тез жазылдық. Бұл – менің ғана емес, ұжымның жеңісі деп санаймын. Ақпан айының соңында Америкада өтетін жаһандық додаға дайындықты бастадық. Өмір бір орында тұрмайды. Қандай да бір табысқа қол жеткізу үшін үздіксіз еңбектену керек.
– Әңгімелескеніңізге рақмет!