Қазақ тілінің реформасы: латын әліпбиіне көшу тілдің қолданылу аясын кеңейтеді
Маман қазақ тілінің популяциясына қатысты пікір айтты
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін алғанына биыл 30 жыл толады. Мемлекеттік тіл елдің барлық саласында қолданылады, яғни мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін, іс-қағаздарды жүргізу тілі саналады. Ана тілі – ұлттық кодты айқындайтын факторлардың бірі. Ана тілін арға теңеу де содан шыққан болар. Қазақ тілінің қоғамдағы трансформациясы мен сұранысы, мемлекеттік тілдің мәртебесі, қазақ тілінде шәкірт тәрбиелеу және латын әліпбиіне көшу мәселелері төңірегінде Azattyq Ruhy тілшісі филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қарлығаш Дүсіпбаевамен әңгімелесті.
– Қарлығаш Советханқызы, қазір қазақ тілінің қоғамдағы рөліне қандай баға беруге болады?
– Тіл қоғамсыз, қоғам тілсіз өмір сүрмейтінін білеміз. Тілдің, соның ішінде қазақ тілінің қоғамдық қызметіне келсек, әрине, қоғам толық қазақ тілінде сөйлемейді. Оның себебі отбасының құндылығына айналмаған, айналмайтын себебі қоғамда сұраныс жоқ. Қоғамда сұраныс тудыратын - мемлекет. Оның реттейтіні тіл саясаты. Дегенмен қоғамда бір серпіліс бар. Абай мен Алаш зиялыларын насихаттау да өз әсерін берді. Қазақ тілінде түсірілген кинотуындылар да баршылық. Мен тек салыстыра бағалай аламын. Өткен 5-10 жылмен салыстырғанда қазақ тілінің қоғамдағы жағдайы әлдеқайда жақсарған.
– Бүгінгі таңда жастар мен жасөпірімдер арасында қазақша сөйлейтіндер көп екенін көріп жүрміз. Оған мәдениет пен өнер қаншалықты әсер етіп жатыр?
– Келісесіз бе, келіспейсіз бе білмедім. Мен жасөспірім мен жастармен жұмыс істегендіктен, қазақ рэперлері мен жас әншілер қазақ тілін насихаттауға атсалысып жүргенін айтар едім. Мысалы, кеше дүниеден өткен Дархан Жүнісбеков орыс тілді жасөспірімдердің қазақ әндерін тыңдауына үлес қосты. Ninety one тобының рөлі ерекше. Одан кейін Мирас Жүгінісовты айтуға болады. Олардың тыңдарманының көпшілігі орыс тілді жасөспірімдер. Олар қазақ тілін ән арқылы меңгергендерін байқамай да қалып жатыр.
Кинолардың да рөлі ерекше. Қазір жастар интернет браузері мен YouTube-тан қазақ тіліндегі жаңадан шыққан киноларды іздеп көреді. Алыс бармай-ақ, өткен аптада 8 наурызда 19 жастағы ұлым қазақша киноға барып, әсерімен бөліскеннен кейін, біз де жолдасым екеуіміз қалыс қалмауды жөн көрдік. Билет түнгі уақытқа болғандықтан залда кілең жастар. Кино басталғаннан ішек-сілелері қатып күлген олар, кино біткеннен кейін ұзақ шапалақтады. Риза болдым. Тілім үшін риза болдым, кино қазақ тілінде болды. Залда өзге ұлт өкілдері де отырды.
Тек, бірақ дейтіні қазақ тіліндегі өнер туындылары маркетинг жағынан көп кедергіге ұшырайды. Оған қарапайым қазақ тіліндегі сеанстар мен жарнаманың аздығы әсер етеді.
YouTubе-та балаларға арналған арналар да аз. Кейбірін олар білмейді де. Мемлекеттен бөлінген қаражатқа қызықсыз, сапасыз дүниелер түсіріледі.
– Өзіңіз қазақ тілін креативті оқытатын ұстаздың бірісіз. Өзіңізде авторлық әдіс бар ма? Балаларға қазақ тілін қалай сіңіру керек?
– Иә, менің бірнеше әдісім бар. Жоғарыда кино туралы айттым, осыған байланысты кинокоучинг әдісін пайдаланамын. 30-45 жас аралығындағы ересектерге тіл үйретуде Алаш зиялылары туралы кинолар көмектесті. Жастар мен жасөспірімдерге «Бір тоқсан» сериалын атар едім. Жалпы әдістерді тіл үйренушінің мақсатына қарай таңдаймын. Мен үшін шәкіртімнің тіл үйренудегі мақсаты маңызды. Сонда нәтиже болады. Креативті оқыту әдістерін пайдаланамын, сол жерде кез келген әдісті жағдайға байланысты өзгертіп қолданамын. Креатив дегеннің өзі байланыспайтын дүниелерді үйлестіріп, жауыр болған дүниені ерекше етіп ұсыну ғой. Кейстермен жұмыс істегенді жақсы көремін. Шәкіртімді жіті зерттеуге тырысамын, қызығушылығын пайдама асырамын. Сол кезде біз бір бүтінге айналамыз.
Балаларға арналған «Қарлығаштың сабақтары: Әдемі сөйлеймін» оқу-әдістемелік құралын құрастырдым. Менен ерекшелігімнің құпиясын әріптестерім көп сұрайды. Еш құпиям жоқ, тек әдістемемде ерекшелік болуы мүмкін. Мен бәрін Блумм таксономиясы бойынша ұлттық құндылықтарды жеңілден күрделіге қарай жаңа білімге ауыстырамын. Трендтен қалғым келмейді. Сол кітапта осы айтылғандардың бәрі бар.
– Қазір Қазақстанда мүлдем болмаған шетелдіктердің қазақ тіліне деген қызығушылығы артып, оны меңгеріп алып жүр. Оған не әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Өзім де Қазақстанның табиғатына қызыққан америкалық Грейди деген жігітті қазақша сөйлеттім. Оның сөздік қорында азын-аулақ қазақша сөздер болды. Бірақ ойын қазақша жеткізе алмайтын еді. Деңгейі А2 болатын. Үш ай ішінде оның деңгейі В2-ге көтерілді. Тілді түрлі әдіспен меңгеру үшін көп қаражат қажет деген түсінік те – таптаурын. Ол өлкетанушы жігіт болатын. Қазақстанға қызығып, саяхаттаймын, зерттеймін деп келген еді. Сол кезде шетелдіктердің тілді меңгеруге деген талпынысына таңғалдым. Өзге ұлт өкілдері қазақша берген тапсырмаларды орындап, сөздерді жылдап жаттап алады.
Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін табиғат үшін меңгереді. Елдегі өнер адамдарының әндерін түсіну үшін де оқиды. Мысалы, Димаштың әнін тыңдау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен қазақ тілін меңгергендер табылып жатыр.
– Тіл жанашыры ретінде пікіріңізді жеткізсеңіз, қазақ тіліне қандай реформа қажет? Мемлекет тарапынан қажетті бастамалар жүзеге асырылып жатыр ма?
– Тіл жанашыры ретінде айтатаным, Конституциядағы бапты өзгерту керек. «Тіл туралы» заңды қайта жазып шығу қажет деп ойлаймын. Бұл – Қазақстан азаматы ретіндегі менің жеке субъективті ойым. Мемлекет тарапынан бастамалар бар. Бірақ олар жеткіліксіз. Кез келген орында, кәсіпорын мен мекемелердің басшыларына көп дүние байланысты болады. Егер бірінші басшы қазақша сөйлеп, қазақша құжат талап етсе, барлығы қазақ тілін үйренеді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша да C1 деңгейін талап етуі керек. Мемлекеттік қызметтегі барлық үміткерден де қазақ тілінің C1 деңгейін талап ету керек.
Қазақ тіліндегі кино, YouTubе арналарын қолдау керек. Тендер жариялап, таныстарын тартып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді қадағалау керек. Депутаттар да мемлекеттік тілді білуге міндетті.
– Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің мәртебесіне әсер ете ме?
– Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің мәртебесіне әсер етеді. Бірнішіден, қазақ тілінің қолдану аясы кеңейеді. Екіншіден, отбасында жас ата-аналар баласының болашағы жарқын болуы үшін қазақ мектебіне бере бастайды. Сондықтан латын әліпбиіне көшуді тоқтатпау керек. Оны қолға алу керек. Латын әліпбиіне көшкен кезде керемет серпіліс болады деп ойлаймын. Қазақ тілінің қолдану аясы кеңейеді. Лингвоэкологияда «тіл басқыншылығы» деген ұғым бар. Тілдік негилизммен де күресіп келе жатырмыз. Тілдің экоаясы тарылып бара жатты. Соңғы кезде байқасаңыз, жағдай жақсарып келе жатыр. Латын әліпбиіне көшкен кезде барлығы жақсы болып кетеді деп те ойламау керек. Себебі латынға көшкен кезде «тіл басқыншылығы» бойынша ағылшын тілінен жәбір көреміз. Себебі қазірдің өзінде ағылшынды білетіндер екі сөзінің бірінде ағылшын сөзін қосқысы келіп тұрады. Бұдан да қорғану керек болады.
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!
Марья Айдарбаева