Мексикадан Канадаға дейін жаяу жүріп өткен қазақ қызымен сұхбат

Сағыныш Ибрагим

Ол енді келесі сапары үшін ақша жинауға кірісті

Елордалық Айгерім Әлімова Мексикадан Канада шекарасына дейінгі ұзындығы 4270 шақырымды құрайтын Тынық мұхиты жотасын жаяу жүріп өткен санаулы адамдардың бірі. Бұл әлемдегі жаяу жүргіншілерге арналған ең ұзақ әрі ең қауіпті жол саналады. Оны жүріп өту үшін кемі 4,5 – 5 айдай уақыт керек екен. Ұзақ сапарға жалғыз шыққан қазақ қызының әрекеті жолда кездескен шетелдіктерді таң қалдырған.

Айгерім Әлімова қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Қазақстанда құқықтану мамандығында жұмыс істеп жүрген қыз бір-ақ сәтте оқуын тастап, шетелге көшіп кетіпті. Ол Azattyq Ruhy тілшісіне осынау ұзақ сапары жайында, жолда кездескен қиындықтары мен қызықтары туралы айтып берді.

«Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық ауылында дүниеге келдім. Құқықтану саласында 7 жылға жуық жұмыс істедім. Бұған дейін велосипедпен жарты жыл саяхаттап, жеті елді: Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Түркия және Қазақстанның бір бөлігін аралап шыққан болатынмын. Көптеген елдің мәдениеті, табиғатымен танысып, ұмытылмас үлкен тәжірибе жинадым. Сонымен қатар құрбым екеуміз шағын саяхат ұйымдастырып, Испания, Франция мен Италияны велосипедпен араладық.

Өмірде қуанышпен қайғы да қатар жүреді. Біз үшін ең қымбат адамдардан бір сәтте айырылып қалатын кез болады. Колледжде оқып жүргенімде анамнан айырылып қалдым. Көбі уақыт емші дейді, бірақ жылдар өте анамның жоқтығын қабылдау маған одан сайын қиынға түсті. Сырттай туған-туыс, достармен бұрынғыша араласқаныммен ішімде үңірейген жара қалды. Сөйтіп жүргенімде шетелдік актриса Риз Уизерспунның қатысуымен Шерил Стрейдтің әңгімесі бойынша түсірілген «Жабайы» фильмін көрдім. Кинодағы қыз мен сияқты анасынан айырылып өзін жоғалтып алады. Әлемнен алшақтап, ұзақ сапарға аттанады. Фильм маған үлкен әсер қалдырды. Сол жерді жүріп өту ойы менің түпкі санамда сол кезде қалыптасып өз уақытын күтіп жатты деп ойлаймын. Өзімді сынап көргім келді», - дейді Айгерім.

Бұған дейін жаяу сапарға шықпаған ол, аталған саяхатқа 2 жылдай дайындалғанын айтады. 2018 жылы саяхаттауға арналған грин-карта лотереясын ұтып алған. Кейін Pacific Crest Trail жотасын аралау үшін арнайы рұқсат алып, жолға шыққан.

«Тынық мұхит жотасына бару үшін міндетті түрде жолдан өтуге рұқсатыңыз болуы керек. Жолдама әр жылдың қараша және қаңтар айларында ойнатылады. Ең бастысы – сапардың басталу күнін таңдау. Қанша дайындалғаныңызбен бәріне толық дайын болмайсыз, тек өзіңіз үшін тексеру парағын жасайсыз. Жылы және суық ауа-райына арналған жабдықтың екі түрі, алғашқы көмек жинағы, азық-түліктің бір бөлігі, шығындарды есептеу керек. Саяхатқа орта есеппен 4000-6000 доллар кетеді, маршруттың өзін 4 айдан 6 айға дейін жүре аласыз, айына шамамен 1000 доллардан алынады.

Жолдің әр бөлігі есімде. Үміт үзіліп, ауырсынудан қасқырша ұлығың келген кездер болады. Бірнеше минутқа аялдап, күшті жұдырыққа жиып, қайта қозғалатынмын. Ұзақ ойдың жетегінде қанша жүргенімнен шатасып, шаршап қалған уақыттар болды. Жабайы табиғатпен бетпе-бет қалып, қолымнан келмейтіндей көрінгенде телефонымды ашып, туған-туыстарымның суреттеріне қарайтынмын. Олардың күлген бейнесі күні бойы көз алдымда жүретін. Осылайша, өзіме күш бердім. Жолда салмақты тез жоғалттым. Жақындарым түрімді көріп, біраз уайымдап қалды. Оларға сапар барысында болған оқиғалардың бәрін айтпауға тырыстым», - дейді Айгерім.

Жолдағы қиындықтар

Ол саяхат барысында кез-келген нәрседен қауіп төнуі мүмкін екенін, әр қадамды ойланып басудың маңыздылығын айтты. 

«Жолда жүріп коронавируспен ауырдым. Бірақ ол кезде вирус жұқтырғанымды білмедім. Бұл сапарымның ең қиын күндері болды. Денемнің әр бөлігі ауырып, жүрегімнің соғуы жиілеп, демалу қиындап кетті. Жүруге шама келмей ұйықтай бергім келді. Сондай сәттерде таулардың арасында шатырда ұйықтап қалып өліп кетсем, басқалардың денемді табуы екі талай екенін ескеріп, жатып қалмауға тырыстым. Дәл сондай жағдай бұдан бұрын болған, бір турист шатырында демаламын деп мәңгілік ұйқыға аттанған. Оның денесі сол жерде бір жыл жатқан. Себебі, жолдағы барлық адамдар бір-біріне кедергі жасамауға тырысады және демалушының шатырын көрсе, тыныштығын бұзбайды.

Қорқыныш көп болды. Денеме жабысқан кенені көргенімде жолды бұрып жақын жердегі қалашыққа екі күн жүретін жолды бір күнде жүгіріп барғаным есімде. Адамдар түнде шатырда жалғыз жату қаншалықты қорқынышты деп сұрайды. Өз басым күні бойы жүріп шаршағаным соншалық бірден ұйықтап қалатынмын. Әр нәрседен қорқатын болсам, мақсатыма жетпес едім», - дейді ол.

Айгерім жолда жабайы аңдардың түр-түрін жолықтырғанын және олардан қалай қорғанғанында айтып берді.

«Алғаш қоңыр аюдың қонжығын кездестірдім. Мен одан емес, ол меннен қатты қорықты. Жолда кездескен тәжірибелі туристерден жабайы аңдарға қатысты ақыл-кеңес сұрап алған болатынмын. Олардың айтуынша, ондай сәтте бір орыннан табжылмау керек. Қонжық менің қауіпсіз екенімді көріп өз жолымен кетті. Екінші рет дәл алдымнан қара аю шықты. Бұрын көрмеген үлкен аңмен бетпе-бет кездескенде эмоцияңды білдірмеу өте қиын екен. Ол мені иіскелеп, қасымнан өте шықты. Олар біз ойлағандай қауіпті емес екен.

Табиғатпен жеке қалған сәттегі өзгеріс пен сезімді толық сипаттау мүмкін емес. Жол соңында сіз мүлде жаңа адам болып келесіз. Өзіңізді бұрын мазалаған көп дүние құнсыз болып қалады. Көп нәрсенің қадірін түсіндім. Ойым тазарып, айналамдағы тыныштық пен әдеміліктен ләззат алдым», - дейді саяхатшы қыз.

Сондай-ақ, Айгерім жаяу саяхаттау кезінде жолаушыға не қажет екенін айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.

«Менің жабдықтарыма шамамен 2 мың доллар және жолдың өзіне 4 мың доллардан астам ақша кетті. 6 айға алдын-ала тамақ дайындап, бәрін жолға пошта арқылы жібердім. Қазақстаннан шоколад әкелдім, өйткені АҚШ-та біздікіндей дәмді шоколад жоқ. Бұл менің алғашқы жаяу сапарым болғандықтан басында қалай дайындалу керектігін білмедім. Интернетті көп қарадым. Барлық ақпаратты Pacific Crest Trail сайтынан алдым. Онда бәрі егжей-тегжейлі сипатталған: пермит лотереясына қалай қатысуға болады, отты жағуға қалай рұқсат алу керек, жолдың қай бөлігінде жануарлардан қорғайтын арнайы сақтау контейнерлері қажет болады деген ақпараттың бәріне алдын-ала қанығып, зерттеп алдым.

Жолдың басы шөлден басталады, оны өтудің ең қолайлы уақыты - сәуір айының ортасы, бірақ рұқсат наурыздан мамырға дейін беріледі. Бұндай жағдайда адам өзі жолды қандай қарқынмен және қашан бастау керек екенін түсініп, жоспарлап алу керек», - дейді отандасымыз.

Ол алдағы жоспарымен бөлісті.

«Америкада PCT-ден кем емес тағы екі маршрут бар, олар Continental Divide Trail (CDT) және Appalachian Trail (AT), барлық үш маршруттан өтіп, сіз Triple Crown сыйлығын ала аласыз. Ал, Еуропада Сент-Джеймс (El Camino de Santiago) жолы бар. Ұзындығы шамамен 700 шақырым, оны 1,5-2 айда өтуге болады. Сонымен қатар Жапонияда 88 ғибадатханадан өтетін жол бар. Маршруттың ұзындығы-1130 км және жаяу 40 күнді алады. Ұзақ серуендеу кезінде сіз ең әдемі жапон бақтары бар ежелгі буддисттік храмдарды көре аласыз», - дейді ол.

Айгерім алдағы уақытта жаяу саяхатын жалғастыра береді. Саяхатшы қыз кезекті сапарға қаражат жинау үшін жұмыс іздеп жатқанын жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.