$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.10.2021, 10:01
Сұхбат

СҚО-да шалғайдағы шағын ауылда «Болашақтың» үш түлегі қызмет етіп жүр

2017 жылы ауылда екі кәсіпкер ғана болатын, қазір саны 7-ге жетті

СҚО-да шалғайдағы шағын ауылда «Болашақтың» үш түлегі қызмет етіп жүр

Солтүстік Қазақстанда шалғайдағы шағын ғана ауылда «Болашақ» бағдарламасының үш түлегі еңбек етіп жүр. Елді мекен облыс орталығынан 550 шақырым қашықтықта орналасқан. Бірі мектеп мұғалімі болса, екіншісі – директор. Үшінші түлек ауылдық округтің тізгінін өз қолына алып, әкім болған. Жастар шет елде оқып, туған ауылына қайтып келген соң, бір кездері қалалық жерлерге қоныс аударған тұрғындар да елге орала бастаған. Azattyq Rýhy тілшісі Уәлиханов ауданына қарасты Қайрат ауылдық округінің әкімі Ержан Битиневпен сұхбаттасты.

– Қазір өзіңіздей жастардың басым көпшілігі үлкен қалаларда қызмет етуге талпынады. Мегаполистерде карьера жасау үшін де, қаржылай табысқа жету үшін де мүмкіндік мол. Әсіресе, өзіңіз сынды бірнеше тіл білетін мамандар үлкен сұранысқа ие. Шет елдерге де кетіп жатқандар баршылық. Ал өзіңіз неліктен ауылды таңдадыңыз?

– Өзім ауылда-туып өстім. Қаланың қабаттасқан көпқабатты үйлерінен қырдың жазығы жаныма жақын. Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің түлегімін. Қолыма диплом тиісімен туған ауылыма тарттым. Өзім оқыған мектепте 3 жыл бойы балаларға сабақ бердім. Кейін ауылдық округ әкімдігінде төрт жыл бас маман болып қызмет еттім. Ауылда еңбек етіп жүріп, 2011 жылы ауыл жастарына арналған квотамен халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге, Англияға оқуға түстім: Корольдік колледжде (Kings College), Уорвик университетінде (The University of Warwick) тілдік курстан өттім. 2013-2014 жылы Уорвик университетінде «Білім саласындағы көшбасшылық және басқару» мамандығы бойынша магистратурада оқып, диссертация қорғадым. Гуманитарлық ғылымдардың магистрімін. Ауыл жастары үшін шет елде білім алу оңай емес. Қала жастары үшін де солай. Қыруар қаражат керек. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы жақсы мүмкіндік. Қала ешқайда қашпайды. Онда кез келген уақытта баруға болады. Әр азамат өзінің кіндік қаны тамған жеріне қызмет етуі тиіс деп ойлаймын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен өткен жиындардың бірінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері бірінші кезекте ауылда еңбек етіп, елді мекендердің деңгейінің көтерілуіне үлес қосуы тиіс екенін айтқан болатын. Осы сөздер де менің шетелде білім алғаннан кейін ауылға қайта оралуыма себепші болды.

– Өзіңіз қызметке кіріскелі ауылдық округте не өзгерді? Тағы қандай жоспар бар?

– Әкім болғалы біраз шаруаның басы қайрылды. Оны жалғыз атқардым деуге болмайды. 2017 жылы ауылға келгенде екі кәсіпкер ғана болатын, қазір саны 7-ге жетті. Халыққа жер беріліп, нәтижесінде фермерлік шаруашылықтар саны үш есе артты. Жас жігіт мемлекеттік грант алып, ара шаруашылығын ашты. Көшпек болып жатқан ауылдастар осы жерде қалды. Бұрын қалалық жерге қоныс аударған бес отбасы қайта оралды. «Болашақ» бағдарламасының түлегі де қайтып келіп, мектепте директор қызметін атқарып жүр. Округте халық санын арттыру мен кадр мәселесіне баса мән береміз. Ауылдарда қираған үйлердің орны тазартылды, спорт алаңдары салынды. Мәдениет үйлері жөнделіп, пайдаланып жүрміз. Ауыл халқы үшін оның барлығы маңызды. Дегенмен тағы да атқарылатын іс аз емес. Ауыл шаруашылығы нысандарын ашу, халықты таза сумен қамтамасыз ету жөнінде тағы басқа ауқымды жоспарымыз бар.

– Ауылдық округ әкімдерінің жұмысы көп, қолы қысқа. Өз бетінше көп мәселені шешуге қауқарсыз. Қолыңыздан келсе осы жүйеге қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

– Иә, оныңыз рас. Мәселенің барлығы қаржыға келіп тіреледі. 2020 жылдан бастап бюджет бекітілді. Мен жұмыс істейтін округ сияқты халық пен кәсіпкерлер саны аз жерде көп қаржы бөлінбейді. Онымен алысқа бармайсың, көп ештеңе тындыра алмайсың. Үкімет тарапынан бөлінетін қаржы көбейсе, ауылдарға заманауи үйлер салып, халықты тартса деймін. Барлығы жақсы өмір сүруге лайық. Әкімдіктердің балансында техника, ең құрығанда трактор болса, ешкімге жалынбас едік. Көп мәселенің басын өзіміз қайыруға шамамыз жетер еді.

– Шет елде оқығанда «осындай дүние Қазақстанда да болса ғой» дейтін сәттер болды ма?

– Болды, әрине. Онда адами қарым-қатынас мәдениеті дамыған. Барлығы бір-біріне қашанда қол ұшын беруге әзір. Көшеде келе жатып, дүкеннің қай жерде екенін сұрасаңыз, сол жерге қолыңнана жетектеп апарып тастауға бар. Шетелде үш жыл білім алып, бір-бірімен дауласып, сөзге келіп жатқан үш-ақ адамды көрдім. Оның өзі Лондон сынды үлкен шаһарда. Тағы бір мысал келтірсем, көшеде екі жеңіл автокөлік соқтығысып қалды. Жүргізушілер бір-біріненен кешірім сұрасып тарасты. Ал бізде жұдырық ала жүгіретіндер бар. Мемлекеттік басқаруда көптеген функциялар жеке секторға, бәсекелестік ортаға берілген. Мәселен Қазақстанда ауылдың тазалығына дейін әкімдер қадағалайды. Малға вакцина егілсе де, тағы бір шаруа болса да сол жерде қадағалап жүруің керек. Англияда мұндай шаруамен жеке компаниялар айналысады. Мемлекеттік орган тек сырттан бақылайды. Осындай жүйе қолданысқа енгізілсе, жұмыс жүреді. Шетелдіктердің жұмысқа деген қарым-қатынасы ұнайды. Біздегідей ақша жымқыру, парақорлық деген атымен жоқ. Әркім өз шаруасын сапалы деңгейде орындауға тырысады. Барлығы халық үшін жасалған.

– Шет елда алған біліміңіздің неше пайызы Қазақстанда кәдеге жарады?

– Пайызбен өлшеген емеспін. Тұтас ұлт үшін маңызды болатындай ұлы шешімдер қабылдап жатқан жоқпын. Дегенмен, кез келген мәселені әріптестеріммен ақылдаса отырып шешемін. «Келісіп пішкен келте болмас» деген. Басқару ісі оңай емес. Шет елде алған білімім мен тәжірибемнің барлығы кәдеге жарап жатыр.

– Қазақстан қыруар ақша шығарып жастарды шет елдерде «Болашақ» бағдарламасымен оқытып жатыр. Мемлекет сол азаматтардың білімін қаншалықты тиімді пайдаланып келеді?

 – «Болашақ» – дер кезінде қабылданған бағдарлама. Шетелдік білім мен тәжірибе бізге барлық салада дерлік қажет-ақ. Барлық озық технология, экономика солардың қолында. Жастар алған білімін тиімді пайдаланып жатыр деп айта аламын. Себебі экономиканың кез келген саласында «Болашақ» түлектері бар. Олардың еңбегі екі-үш жылда білінбеуі мүмкін. Оған уақыт керек. Кей салада «Болашақ» түлектерінің потенциалы толық пайдаланылмай жатуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймын. Бірақ өз басым алған білімімді ел игілігі үшін пайдалануға әрқашан дайынмын.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары