Facebook және кибербуллинг. Мұғалім Ұлжан Елмұратова не үшін асылып өлмек болғанын айтты
Оның көлік жүргізушісі мен оқушыларды балағаттаған видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын
Түркістан облысының Ордабасы ауданы Бадам ауылындағы мектептердің бірінде директордың орынбасары болып жұмыс істеген Ұлжан Елмұратоваға Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық нейрохирургия орталығында күрделі операция жасалады. Есте болса, педагогтың көлік жүргізушісін және оқушыларды балағаттан видеосы әлеуметтік желіде тарап, қоғамның қатаң сынына ұшыраған болатын. Артынша Ұлжан Елмұратованың суицид жасағаны туралы хабар тарады.
Абырой болғанда, асылып қалған келіншекті көршісі мен күйеуінің бауыры дер кезінде көріп, жіптен шешіп алған екен. Алайда, оның миына зақым келіп, басында 4 ісік пайда болыпты. Бүгінгі операциясының алдында ол Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасып, өзіне жасалған кибербуллинг, одан кейінгі өмірі мен жарақаты туралы айтып берді.
AR: Ұлжан, әңгімені сіз өмірмен қоштаспақ болған сәттен бастасақ. Қай күні, қай жерде және қандай оймен өзіңізге қол жұмсамақ болдыңыз?
Ұ.Е: Оқиға 19 маусым күні өзім тұратын үйдің ауласында, бейуақытта, нақтырақ айтсам, кешкі сағат 22:00 шамасында болды.
AR: Неге бұндай қадамға бардыңыз, нақты себебі не?
Ұ.Е: Осы әлеуметтік желіде Сәуле Әбілдаханқызы деген блогер апай бар екен, ол кісіні бұрын, бала кезімде «Ақжүніс» деген бағдарламаны жүргізетінін білуші едім, қазір блогер екен. Сол кісі 2021 жылдың 3 маусым күні мені қаралап әлеуметтік желіге жазба жазды. Содан ол кісінің телефон номерін тауып (парақшасында жазулы тұр екен) хабарласып, «сіз мен туралы біржақты ғана ақпарат салыпсыз, оның өзі көбі жалған жазылған» деп хабарласып едім, ол кісі «бұл бер жағы, мен сен туралы әзірге тек Facebook-қа ғана жаздым. Енді Instagram-ға жазып қана қоймаймын, сен туралы масқара видео саламын», деп қоқан лоққы көрсете жауап берді.
Содан 2021 жылдың 16 маусым, одан кейін 18, 19 маусым күндері Сәуле Әбілдаханқызы ғана емес, өзге блогерлер де мен бар видеоны бірнеше бөлімге бөліп, менің рұқсатымсыз өз парақшаларына салды. Яғни, мән-жайды білмейтін халықтың талқысына салып, көптің назарына ұсынды.
Бірақ, олар таратып жатқан видео осы оқиғалардан 1,5 ай бұрын түсірілген. Ол кезде мен ауыл арасында көлік жүргізіп келе жатқамын, дәл жанымнан жас жігіттер тола отырған машина келіп көлігімді қысты. Жолда ашуымды тудырды, сол кезде артық кетіп боқтанып қойған сәтім бар. Міне, видео осындай жағдайда түсірілген еді.
Ал олар видеоны менің ұстаздық қызметіммен байланыстырды. Асылып өлгім келгені де содан, өйткені, қалың қара халықтың мені білмей, танымаса да менің адресіме қарап айтылған, жазылған жаман пікірлерді, өзіме жабылған жаланы көтере алмадым. Маған жасалған жан-жақты шабуылға төтеп бере алмадым. Әділетсіздікке жаным күйіп кетті. Төрт балам бар, күйеуім бар әйелмін. «Олар ертең біреудің көзіне қалай қарар екен, мен ел жазып жатқандай жаман адам болсам, сүттен ақ, судан таза адамдарға кедергі жасасам, бәлкім менсіз әлем тазарар...» деген оймен, көзім қарауытып, әлемде жалғыз қалғандай өзімді қор сезініп кеттім. Нақты бір адамдар тарапынан болған қатыгездікке шыдай алмадым да, өлімге бел байладым...
AR: Сонда Сізді кім және қалай құтқарып үлгерді ?
Ұ.Е: Айы-күні жетіп, босанғалы отырған көршім Сапаркүл деген келіншек асылып жатқанымды көріп, көрші тұратын қайнымды шақырған. Мені ажалдан екеуі құтқарып қалды.
AR: Аман қалғанмен, асылғаннан кейін денсаулығыңызда өзгеріс болған жоқ па? Қорқыныш, депрессия, бәлкім басқа аурулар?
Ұ.Е: Оның зардабын әрине тартып жатырмын. Асылғаннан кейін қазір басымда төрт жерден ісік пайда болған. Қазанда операция жасатамын. Асылған соң өліп кетпесең де қиын екен ғой. Басым қазір өте қатты ауырады, ара-арасында ұмытшақтық пайда болды, естен танып құлау пайда болды. Адам асылған уақытта аз ғана уақыттың ішінде-ақ миға ауа бармай, қан тамырлары жарылып, инсульт алғандай зардабы болады екен. Оны білсем, мүмкін асылмас едім... Денсаулығым қазір қиындап кетті. Оның бәрі аздай, осы оқиғадан соң жолдасыммен де ажырасып жатырмыз.
AR: Бұның бәрі сізге жасалған кибербуллингтің салдары ғой? Жалпы, сізге әлеуметтік желіде жасалған шабуылдың қысқаша хронологиясын айтып берсеңіз, неден басталды және қазір не болып жатыр?
Ұ.Е: Кибербуллинг маусымның 3-і күні ең бірінші Сәуле Әбілдаханқызы жазған посттан басталды. Ары қарайғы күндерін айттым. Ал, дәл 19 маусым күні өзіме қол салуыма түрткі болған оқиға – екі блогер екі жақтан мен туралы жазба қалдырып, видео жариялады. Әрбір жазбаның астында мыңға дейін пікір жазылды, барлығы дерлік негатив, жұрттың бәрі мені балағаттап, қарғап жатты. Олардың бәрін оқу тым ауыр болды.
AR: Өзіңізге қысым жасалғаны туралы, сіздің ар-намысыңызға тигені туралы полиция, прокуратураға арыздандыңыз ба?
Ұ.Е:Алғаш арызды сол мен өзіме қол салған күні менің анам түсірген. Ол 19 маусым еді. Бүгінде олардың үстінен 105-баппен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
AR: Ұлжан, бірнеше айдың ішінде әлеуметтік желіде тараған видео өміріңізді түбегейлі өзгертіп жіберіпті. Осы аралықта жаныңызда кім жүр, психологқа бардыңыз ба? Жалпы, енді қандай жоспар бар?
Ұ.Е: Жолдасыммен ажырасып жатқанымды айттым. Психологқа барып, ем алып жүрмін. Қазір күнім тек аурухана мен үй арасында өтіп жатыр. Басыммен әлек болып қалдым. Ісікті алдыру керек. Ертең операция қалай өтеді деген қорқынышым бар. Бассүйекті ашып, мидың ішіндегі ісікті алу оңай емес. Қазір тек осы мәселе мені толғандырады. Қатты қорқып отырмын...
AR: Сұхбатыңызға рақмет. Біз қылмыстық істің тергелуін, жалпы, кибербуллинг тақырыбын назарда ұстаймыз.
Кенже Жомарт, Нұр-Сұлтан