«Қазақтың балалары ата-анасының үстінен шағымданбайды»: ювеналды полиция өкілі балалар арасындағы негізгі проблеманы айтты
Елордада 400 мыңнан астам жасөспірім бар
Соңғы уақытта біздің қоғамда балаларға үлкендер тарапынан күш көрсету оқиғалары жиілеп кетті. Бәлкім жиілемеген шығар, бәлкім дәл осындай жағдай бұған дейін де аз болмаған шығар, бірақ қазір әлеуметтік желілер пайда болғалы мұндайды көзіміз көп көретін болды. Сондай-ақ, балалардың ата-анаға ренжіп үйден қашып кетуі, кішкентайлардың қараусыз қалып оқыс оқиғаларға тап болуы да күнделікті еститін қалыпты жаңалыққа айналып барады.
Елордадағы балалар құқығын қорғаумен айналысатын полицей Айгүл Туарбаеваның айтуынша, балаларға қатысты келеңсіз жайттар, қылмыстардың артында негізінен алкогольді ішімдікке тәуелді ата-ана тұрады екен. Байқоңыр ауданы Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы астаналық жасөспірімдердің негізгі проблемасы, тәрбиесі жөнінде Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді.
- Айгүл ханым, сіз қандай балалармен жұмыс істейсіз? Проблемалы балаларға, олардың ата-аналарға қандай шара қолданасыздар?
- Балаларға байланысты қылмыстық немесе әкімшілік іс ювеналды полицияға қатысты. Егер бала қылмыстық құқық бұзушылық жасаса біз өз тарапымыздан психологтарды тауып, балаға барынша көмек беруге тырысамыз. Ал, әкімшілік істерді өз бөлімімізде қараймыз. Сотқа құжат жібереміз.
Біздің орталық 3 жастан бастап, 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Кейбір балалардың өзінен бұрын ата-анасы проблемалы болып келеді. Ішімдік ішеді, бала қараусыз қалады. Солармен де тікелей жұмыс істейміз.
Ата-аналармен жұмыс барысында алдымен ескерту жазылады. Жұмыс уақытында баланың ата-анасын мас күйде ұстасақ, кәмелетке толмаған баласын арнайы орталыққа апарамыз. Ата-анасы ішімдіктен айыққан соң олармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Ал, үш жасқа толмаған емізулі балалар ауруханаға жатқызылады. Сол жерден ата-аналары білім басқармасының рұқсатымен ғана баласын ала алады.
Профилактикалық іс жүргізілгеннен кейін де ата-ана өз іс-әрекетінен түйін жасамаса есепке қойылады. Бір жыл бойы есепте тұрады. Ай сайын үйіне барып, балалардың жағдайын тексеріп тұрамыз. Ондай отбасылар тұрақты түрде бақылауда болады.
- Ата-анаға шағым түскеннен кейін жұмыс қалай жүргізіледі?
- Баланың үйдегі жағдайы, ата-ананың жұмысы бар ма, егер олар жұмыссыз болса және балалары үш жастан асса балабақшаға орналастыруға көмектесеміз. Ата-анасын жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырамыз.
«Егер бала керек болса, жұмыс істейсіз» деп айтамыз. Ішімдікке немесе есірткіге тәуелді десе де, емделіп нәтиже шығаратын ата-аналар да болады. Біздің орталық балалардың ата-анасымен өз отбасында қалуына барынша көмектеседі. Ал, өз істегенінен еш нәтиже шығармайтындардың ісін бірінші кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясына жібереміз. Істі дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлер қарастырады. Түзелмейтін болса ата-ана құқығынан шектеу немесе айыру туралы шешім қабылдаймыз. Шешім қабылданғаннан кейін іс сотқа жолданады. Соттың шешімі бойынша ата-ана құқығынан шектеледі немесе айырылады.
Қазақ балаларының ата-анасына шағым айтуы өте сирек кездеседі...
- Батыс елдерінде балалардың ата-анасына шағым айтып полицияға арыздануы – қалыпты жағдай. Қазақ балалары ата-анасына шағым айтып келе ме? Мұндай жайттар қаншалықты жиі болып тұрады? Көп жағдайда балалар нақты неге шағымданады?
- Қазақтардың арасында ата-анасына шағым айтып, арыз жазатын немесе арнайы телефонға қоңырау шалатын балалардың қатары өте аз. Өз тәжірибемде ондай жағдаймен кезіккен жоқпын. Әке-шешесі ішімдік ішіп, темекі шексе де, баласы ата-анасын міндетті түрде жақтап тұрады. Жауап алу кезінде «менің анам ішімдік ішпейді» деген сөзді естиміз.
Бала өзіне қарсы қылмыс жасалып, келеңсіз жағдай болса, 102 не 111 нөміріне хабарласып шағымдана алады. Телефондар тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Түскен әр хабарлама біздің ерекше назарымызда. Хабарлама түскеннен кейін полиция қызметкерлері білім бақармасы өкілдерімен ортақ жұмыс жүргізеді. Бұл жағдай кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау комиссиясымен қаралады.
- Ал астаналық балалар арасында басты проблема не? Көбіне қандай мәселе бойынша іс қозғалады?
- Жаз басталса жоғалып кету жағдайы жиі болады. Қадағаланбайтын балалар көп. Олар салдарын ойламайды. Ойнаймын деп үйден шығып кетеді. Ойынның буымен қалай қараңғы түсіп кеткенін білмей қалады. Үйге барса анасы не әкесі ұрысатынын біліп, көшеде жүре береді. Солай қараусыз жүрген кезде түрлі қауіпке ұшырап, зардап шегуі мүмкін. Ондай кезде жедел құрам көтеріліп, іздеу жұмыстары жүргізіледі. Баланы тауып ата-анасына тапсырамыз. Қазір кәмелетке толмаған балалардың қылмыс жасау жағдайы саны жыл сайын азайып келеді. Бұл да өте қуантарлық жағдай.
Өзіңіз білесіз, әрбір ата-ана баласын асырау үшін күн-түн демей жұмыс істейді. Ақша тауып шапқылап жүргенде балаға көңіл бөлінбей қалады. Сондықтан қазіргі көп баланың өз еркі өзінде. Орталықта жұмыс істеп жатқан бір-екі бала бар. Солармен сөйлесу кезінде байқайтыным, бәрін балалықпен істейді. Соңы қиын жағдайға әкеліп соғуы мүмкін екенін түсінбейді.
- Тәртібі қиын балалармен жұмыс қалай жүреді?
- Көбіне қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған балалар, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын теріс пайдаланатын кәмелетке толмағандар бір жылдық мерзімге есепке қойылады. Есепке қойылатын баламен бір жыл бойы жұмыс істейміз. Егер бала түзелмесе жұмыс одан әрі созыла береді.
- Елордалық балалар суицидке қаншалықты жиі барады? Балалардың өзіне қол жұмсауына көп жағдайда не итермелейді?
- Жалпы кәмелетке толмаған балалар арасында өз-өзіне қол салу жағдайлары қылмыстық іске жатқандықтан, қылмыстық іс аясында қаралады. Онымен тікелей тергеу бөлімдері айналысады. Суицид жасаған балаға біздің тарапымыздан психолог маман алып келіп, балаға психологиялық тұрғыдан көмек көрсету жүргізіледі. Тегін психолог мамандар тауып береміз. Ол үшін бізде қоғамдық қорлар бар. Солармен жұмыс істей отырып, өз-өзіне қол салмақ болған балаға көмек көрсетеміз.
- Суицидке себеп болатын факторлардың бірі – кибербуллинг. Бұл жаңа термин екені белгілі. Ювеналды полиция басқармасында кибербуллингпен күресетін арнайы мамандар бар ма? Баланы одан қалай қорғауға болады?
- Кибербуллинпен криминалды полиция бөлімі айналысады. Кибербуллингке ұшыраған бала солардың тарапында. Интернетте зәбір көрген балаларға көмектесетін студент волонтерлер болады. Мектеп ішілік кибербуллинг болса мектеп өкілдері және ювеналды полиция бөлімдері айналысады. Олар балалар жиі отыратын желілерді сараптап қарап отырады. Кейін жұмыс криминалды полицияға тапсырылады. Кибербуллинг кезінде алдымен зардап шегуші баламен жан-жақты жұмыс істейміз. Отбасы жағдайын қарап, баланың осындай проблемамен жолығуына не себеп болғанын анықтап алу керек. Содан кейін барып шара қолданамыз. Қазір әлеуметтік желілер тұрақты бақылауда.
- Баланың психикасы орнында, толыққанды азамат болып өсуі үшін отбасындағы тәрбие қандай болу керек?
- Баланы тыңдай білу керек. Ата-анасы баланың іс-әрекетіне сақ болып, теріс қылығын байқаса, көз жұмбай мәселені шешуге талпыну қажет. Баланың мінез-құлқының өзгеру уақытын бақылап, қадағалап отыру маңызды. Сондай-ақ, баламен тең дәрежеде сөйлесе білу керек. Пікірін тыңдап, әңгімеге тартсаң кез-келген бала кері байланысқа түседі. Мысалы, орталыққа жүгінген әр баламен біз жеке-жеке кездесіп, сөйлесіп мәселесін тыңдаймыз. Өзім қай мәселе болмасын ата-анамен, баламен жеке сөйлесемін. Сөйлесе білсең бала өзіне не ұнап, не ұнамайтынын айтады.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан