Біздегі мәдениет ұғымы – интеллигенцияны асыраудың құралы ғана – Марат Шибұтов
Саясаттанушы Қазақстандағы мәдениет саласының дамуына не кедергі екенін айтты
Мәдениет ұғымының ауқымы өте кең. Ол тек өнермен, ән-күймен шектелмейтіні анық. Мәдениет тұтас бір ұлттың тарихынан, руханиятынан, салт-дәстүрінен және өзге де құндылықтарынан сыр шертетін қасиетті ұғым. Сол мәдениеттің қазіргі Қазақстандағы деңгейі қандай? Бұл саланы дамыту үшін мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар қабылданды. Ұзақ жылдан бері «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асқанын да білеміз. Олар қандай нәтиже берді? Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісіне сарапшы Марат Шибұтов айтып берді.
- Марат Мақсұмұлы, қоғамдық сананы жаңғырту мен мәдениет саласын дамыту қазір қоғамдық дискурс деңгейінде де, интернетте де талқыға түсуде. 15 сәуір – Халықаралық мәдениет күнінде Azattyq Ruhy сайтында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жайлы сараптамалық мақала шықты. Пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, аталған бағдарламаның сәтті орындалуына жемқорлық кері әсерін тигізген. Осы мәселе жайлы сіздің ойыңыз қандай? Бағдарламаның жемісін көріп жатырмыз ба?
- Бағдарлама сайты істен шыққан, оның аясында шыққан кітаптар мен зерттеу нәтижелері электрондық түрде сақталмаған. Жалпы, «Мәдени мұра» өзінің артынан мұра қалдырған сәтті жоба болды деп айту қиын. Әрине, кітапхана сөрелерінде кітаптар тұруы мүмкін, бірақ атқарылған жұмыстар мақала, комикстер, фильмдер, бағдарламалар түрінде шығарылмады. Тіпті, сайт жұмыс істеп тұрған кездің өзінде кітаптарды оқу қиын болатын: әр парағы сканерленген түрде сақталған және оқырман электронды материалдарды жүктей алмайтын. Яғни, халық, оқырман үшін пайда болған бағдарлама өзінің қарапайым функциясын атқара алмады. Бағдарлама авторлары оны жүйелендіріп, нәтижесін халық тұтынсын деген ниетпен жасамады. Сондықтан, мемлекет үшін де, азаматтар үшін де пайдасыз бағдарлама болды. Жұбататын бір ғана тұсы болуы мүмкін: бағдарламаның пайдасын жобаға атсалысқан ғалымдар ғана көрді деп айтсақ болады.
Саяси және қоғамдық деңгейде Қазақстан қандай бағытта кетіп бара жатыр деген мәселе жиі көтеріледі. Яғни, бізде дилемма бар – архаизация (дәстүршілдік бағыт) және қоғамдық өмірдің жаңа стандарттарды қабылдауы, қарапайым тілмен айтсақ – модернизация бар.
Біздің қоғам объективті себептермен кеңестік біртектес модельден алшақтап, әралуан қоғамға айналуда. Сондықтан, қоғамның бір бөлігі XVIII ғасырдың түсініктерін үлгі ретінде ұстанып жүр, басқа бөлігі қазіргі заманға сай, яғни XXI ғасырда өмір сүреді. Бірақ біз вакуумда өмір сүрмейміз, жан-жағымыз көршілермен қоршалған, тиісінше, заманның көшімен ілесіп жүретіндердің көп болғанын және олардың қолында билік болғанын «тілеуіміз» керек.
Біз қазір екі бағыттың ортасында тұрмыз: көнешілдікті жақтайтындар әзірге үстем құрмады, алайда олар әжептәуір ықпалды десек қателеспейміз. Егер де олар үстем құрып, қоғамдағы көпшілікке айналса, менің ойымша Қазақстан құрдымға кетеді.
- Мәдениет тақырыбына оралсақ. Мәдени саясат мемлекет дамуына қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
- Біріншіден, мен жоғарыда айтып кеткендей, мәдениет табыс әкелетінін қаперден шығармайық. Мәдениет табыс әкеліп қана қоймай, адамдарды жұмыспен қамтиды. Бірақ, бұл нәрсе тек дамыған, мәдениеттің маңыздылығын түсінетін елдерде болатын нәрсе. Біз бұл тұрғыда артта қалдық.
Біздегі мәдениет ұғымы кеңестік кезден келе жатыр – ол ұлттық интеллигенцияны асыраудың құралы. КСРО-да ұлттық интеллигенцияны арнайы қолдан жасап, сол арқылы ұлттық мәдениетке біраз күш бағыттап, зиялылар арқылы дәріптей аламыз деп түсінді. Ұлттық мәдениетсіз халық та болмайды деп ойлады. Бұл түсініктің алғышарты Сталиннің 1913 жылы жазған «Марксизм және ұлттық мәселе» атты мақаласында көрініс тапқан. Мақалада ұлт – бір аумақта бірігіп өмір сүретін, бір тілде сөйлейтін және бір мәдениетті ұстанатын адамдар деп айтылған. Сондықтан, большевиктер мен коммунистер халықтарды республикаларға бөліп, мәдениет пен тілге ақша аямады. Бірақ, қазір біз қапитализм заманында өмір сүргендіктен, мәдениет бүтіндей индустрияға айналды. Яғни ол білім беретін құрал ғана емес, сонымен қатар қыруар ақша айналатын сала.
Постсоциалистік елдер мысалында бір кейсті келтірейін: поляк Анджей Сапковский деген атақты жазушы «Ведьмак» атты бірнеше циклден тұратын фантастикалық шығарма жазып шықты. Автордың кітабының негізінде сериал түсіріліп, компьютерлік ойын жасалды. Бір ойынның өзі сатылымнан жыл сайын 100-160 миллион долларға жуық табыс әкеледі. 2019 жылы АҚШ-та сериалдың премьерасы өтіп, оны әлем медиасы жарыса жазды. Сериалда басты рөлді атақты актер Генри Кавилл сомдады. Сериалдың екінші бөлімі биыл шығады деп күтілуде. Польшаның мәдени нарығы әлемдік деңгейге жетті. Бір кітап жылына 500 миллион доллар табыс әкелуде. Бұл біздің зауыттар және басқа да өндіріс сияқты бүтіндей индустриямыздың әкелетін пайдасы. Біздің Еуразиялық Экономикалық Одаққа шығаратын экспорт көлемі жылына 500 миллионға тең. Ойлана беріңіз…
- Бұл орайда бұрынғы КСРО елдерінің ішінен кім алға суырылып шықты деп айтуға болады? Ондай мысал бар ма?
- Ресейді атауға болады. Netflix стримингтік платформасы қазір жаппай ресейлік сериалдарды сатып алуда. Олардың ішінде – «Мажор», «Эпидемия», «Саранча», «Метод», «Фарца», «Смешарики», «Троцкий», «Sparta», «Лучше, чем люди» және т.б. сериалдар бар.
Атақты «Маша и медведь» мультфильмі бір төбе: YouTube-та бұл сериалдар 28,5 миллиард рет қаралған (телеарналардағы, басқа сайттардағы көрсетілімдерді ескермегенде). «Маша и Медведь» – әлемдегі ең атақты және сұранысқа ие мультфильмдердің бірі.
Ресейліктер ұзақ уақыттан бері өз контентін байытып қана қоймай, сапасына да ден қойып келді. Қазір сол еңбектің жемісін көруде. Өнімдерін Мәскеуде ғана түсіріп қоймай, әр түрлі сегментте жасауда. Қарапайым мысал: қазақстандық кинодан 10 есе аз бюджетке түсірілетін, бірақ сапасы, контенті жағынан әлдеқайда жоғары якуттардың киносы бар.
Ал 10 миллион долларға түсірілген «Томирис» фильмі ше? Бұрынғы фильмдерге қарағанда бұл фильм әлдеқайда арзан түсірілген. Бірақ, «Томирис» фильміне де, Оңтүстік Кореяның «Паразиты» фильмін түсіруге де 10 миллион доллар жұмсалған. Корейлердің фильмі Канн фестивалінде алтын жүлде алып, өте табысты жоба болды. Ал «Томирис» ондай табысқа жетпеді. Бұл фильм – фолк-хистори деген бағыттың айқын мысалы. Яғни, бұл стильдегі фильмдер шынайы тарихтан алшақ, көрерменнің эмоциясына бағытталған, тарихи фактілер бұрмаланған туындылардың қатарынан. Шынайы тарихи фактілердің бұрмалануы – сапалы еңбектің халық қолына жетпеуінің салдары. Мысалы, атақты тарихшы Нұрболат Масанов жазған «Қазақтардың көшпенді өркениеті» деген кітабындағы мәліметтер жиырма жыл өтсе де мектеп, университет оқулықтарында көрініс таппады. Отыз немесе қырық жыл өтсе де жағдайдың түзелетініне күмәнім бар.
Мүмкін ешнәрсені өзгертпеген дұрыс шығар... Ұлттық саясатта, жалпы nation-building (ұлтты құрастыру) саясатында бұл қалыпты тәжірибе. Мифтер, ертегілер, шындықпен жанаспайтын тарихи туындыларды шығару – барлық елде тараған практика.
19 ғасырда бұл нәрсе Орталық және Шығыс Еуропада қалыпты құбылыс болатын. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұндай дүниеге тым әуес болмау керек. Ол заманда ақпарат жетіспеушілігі болды, халықтың едәуір бөлігінің сауаты болмаған. Ал, қазір кез келген нәрсені тексеруге болады. Мысалы, әл-Фарабидің қай Фарабтан шыққанын білмейміз және оның біздің Фарабтан шыққандығына еш дәлел жоқ. Ол тек Әнуар Әлімжановтің романында біздің Фарабтан делінген, сосын сол түсінік білім саласында тарап кетті. Тағы бір мысал: мен Самарқан қаласына барған кезімде бір қабырғада біздің ғалым Ақжан Машановтың өзбек халқының ұлы азаматы деген жазуды көргем.
Айтпақшы, өзбектер ұлттық саясатты жүргізу мақсатында Әмір Темірдің образын қолданады. Бірақ, Әмір Темірдің қазақтар үшін Алтын Орданың құлдырауына жауапты антогонистік фигура екенін естен шығармаған жөн.
Мынадай бір келеңсіз жағдай болған: Рустам Абдуллаев деген тарих ғылымдарының докторы болған, Өзбекстанның тумасы. Қазақтар патша үкіметіне қарсы Қоқан хандығының құрамында күрескен деп айтқан біздің ортаңқолды тарихшылардың еңбегін негізге алған. Бірақ ол ортаңқол тарихшылар қазақтардың едәуір бөлігі Ресей империясының жағында ұрысқа қатысқан деген нәрсені ескермеген. Абдуллаев сонда былай дейді: «Міне, мында Оңтүстік Қазақстанның өзбектің жері екендігі жазылып тұр. Тарихи шындық. Қазақстандық дерекөздердің өзінде бүтіндей оңтүстік – Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары Қоқан хандығының құрамында болды деп жазылып тұр. Қазақстандық зерттеушілер жазған еңбектерде қазақтардың патша үкіметіне Қоқан хандығының құрамында қарсы тұрған, тиісінше бүтіндей Оңтүстік Қазақстан – Өзбекстанның жері» деген сарында нәрселер айтылған.
Тарих бұрмаланған кезде оны өз пайдасына жарататындар табылады және ол нәрсе ешкімге ұнай қоймас.
- Отыз жыл ішінде біздің ел қандай да бір мәдени өнімді сыртқы нарыққа шығара алды ма?
- Мәдениетті өз алдына бөлек ұғым деп қарастыру қате. Өткен заманда оны бөлек құбылыс ретінде қарастыру қалыпты нәрсе болған. Яғни, бұрында мәдениет экономиканың заңдылықтарына бейімделеген құрал еді. Ал қазіргі таңда мәдениет индустриясы – экономиканың маңызды бөлшегі. Қазақстандағы мәдениет нарығы үлестіруші экономиканың бөлігі, бірақ ол дамыған елдердегідей өндіруші экономиканың бөлігі болуы керек. Қарапайым мысал – мәдени контент жасайтын апалы-сіңлі қазақ қыздарының «Аминка-Витаминка» жобасы. Аминканың атақты болуының себебі – ол үлестіруші экономиканың емес, өндіруші экономиканың өкілі болды. Ол мемлекеттен пәтер, премиялар алған емес, қандай да бір одақтың мүшесі болған емес. Ол коммерциялық негізде жұмыс істеді. Оның кейсі бізге нені көрсетті? Сен үлестіруші экономикаға жоламасаң, бәсекеге қабілетті боласың. Біздің мәдени индустрия сапалы контент беруге қауқары жетеді.
Тағы бір мысал, Нұрлан Сабуров – стендап әзілқой. Стендап индустриясының Жазушылар одағынан қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз? Ешқандай. Стендап сатирик та жазушылар сияқты мәтін жазады, оны сатады, ол үшін ақша алады. Оның да үлкен аудиториясы бар. Ақыннан да еш айырмашылығы жоқ деп айтар едім. Жалғыз айырмашылық – жанрдың басқа болуында. Атақты комиктердің үлкен стадиондарды толтырғанын білетін шығарсыз. Сондықтан, стендап өкілін бөлек қарастырған дұрыс емес, ол да өз мәтіндерінің, монологтарының авторы.
Кітаптары үлкен тираждармен Amazon сайтында сатылатын қазақстандық Данияр Сүгіралинов деген жазушы бар. Айтбаев Тимур деген азамат та бар. Олардың кітаптарын миллиондаған адам оқиды. Даниярды қазіргі заманның Ілияс Есенберлині десем болады. Жазушылар одағына неге мүше болмайды деп ойлайсыз бұл азаматты? Себебі ол баспа үйлерімен тікелей жұмыс істейді, оның еңбектері ақылы сайттарда жарияланады.
Үлестіруші экономика орнаған жерде бәсекелестік жоқ, тиісінше еш қозғалыс жоқ. Мемлекет тек үлестіруші экономиканы қолдайды, өндіруші экономика жайлы ойламайды.
- Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Әңгімелескен Исатай Мінуаров