$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.06.2021, 13:38
Сұхбат

Жемқорлық, білім жүйесіндегі әділетсіздік пен реформалар жайлы - Ұлттық тестілеу орталығының экс-директорымен сұхбат

Дидар Смағұлов орталық басшысы қызметінен не себепті кеткенін айтты

Жемқорлық, білім жүйесіндегі әділетсіздік пен реформалар жайлы - Ұлттық тестілеу орталығының экс-директорымен сұхбат

Дидар Смағұлов 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының директоры болып сайланды. Екі жылда ол ҰБТ саласындағы жемқорлықпен ашық күрескені үшін халықтың құрметіне бөленіп, оқушылардың сүйікті «Дидар ағайына» айналды. Әлеуметтік желіде жеке нөмірін ашық жазып, әрбір оқушының, ата-ананың жіберген хабарламасына жауап беріп, заң бұзушылардың үстінен өзі арыз жазып жүргені елдің есінде.

Жуырда ғана Дидар орталық басшысы қызметінен кеткенін мәлім етті. ҰБТ басталған сәтте оның қызметінен кетуін әркім сан-саққа жүгіртті. Azattyq Rýhy тілшісі Дидармен кездесіп, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарды қойды.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ НЕМЕСЕ ЕРКІНДІК 

- Дидар мырза, әріптесіңіз Аятжан Ахметжан Ұлттық тестілеу орталығының директорлық қызметінен өз еркіңізбен кеткеніңізге сене алмайтынын айтып, жазба қалдырды. ҰБТ орталығынан өз еркіңізбен кеттіңіз бе? 

- Қызметімнен өз еркіммен кеттім. Ешкім қысым көрсетіп, мені жұмыстан шығарған жоқ. Мемлекеттік қызметтен шығамын деген шешімді қабылдап, өтінішімді екі ай бұрын жаздым. Бірақ мемлекеттік техникалық қызмет ақпараттық қауіпсіздіктің деңгейінен өтпей, жұмыстан шыға алмайтын дедім. Бұл тексерістен біз 31 сәуірде өттік. Биыл бірінші ҰБТ 5 мамырда басталды. ҰБТ саласындағы жұмысымды қоғамдық қызмет негізінде жалғастырамын деп шештім. Министр Асхат Аймағамбетов менің бұл шешімімді қолдап, штаттан тыс кеңесші қызметін ұсынды. Менің негізгі мақсатым – мемлекеттен ешқандай қаражат алмау. Себебі, мемлекеттен қаражат алу қолыңды байлап тастайды. Ата-аналармен сөйлесу барысында, жұмыс процесі және одан тыс жағдайлар кезінде өзімді еркін сезіне алмадым. Орталыққа дейін де мемлекеттік қызметте 7 жыл жұмыс істедім. Бес жыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істедім, екі жылым Ұлттық тестілеу орталығында өтті. 

- Орталыққа келген күннен бастап әділетсіздіктермен ашық күрес жүргіздіңіз. Сол жұмысыңыздың жемісін енді көретін кезде асығыстық жасадым деп ойламайсыз ба?

- Мен еркіндікті қаладым, жұмыстан осы үшін кеттім. Әлеуметтік желілерде кейбір ата-аналар: «Менің салығыма өмір сүресің, ананы былай істеңдер, мынаны былай жасамадың» деп бұйыра сөйлейді. Мұндай қарым-қатынас маған ұнамайды. Одан бөлек, бюджеттің қаржысына жұмыс істеп, алатын аз ғана ақша үшін сонша сөз естігім келмеді.

- Сонда бюджеттен алатын айлық табысыңыз қанша еді?

- Жалақымның 20% бюджеттен, 80% нарықтан болды. Квазимемлекеттік мекеме болғандықтан, біздің нарықтан пайда табуға мүмкіндігіміз бар. Яғни, 100 мың теңге мемлекеттен, 500 мың теңге коммерциялық жобалар арқылы төленеді. Оның үстіне әлеуметтік желілердегі пікірлерді менің ата-анам, жақындарым оқиды. Тағы айта кетейін, бұл менің Ұлттық тестілеу орталығынан басы бүтін кеткенімді білдірмейді. Керісінше, директорлықтан кету арқылы ҰБТ, ұлттық біліктілік тестілеу, кешенді тестілеу, магистратура тестін қазіргі деңгейден де жоғары етіп өткіземіз. Білім беру саласында сыбайлас жемқорлықпен күресетін қоғамдық ұйым құрып жатырмын және бұл туралы жақында толығырақ жазамын. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың штаттан тыс кеңесшісімін. Лауазымым кішірейгенімен, еркіндігім бар. Түрлі бюрократиялық ұйымдастыру мәселелерімен айналыспаймын.

ҰБТ-ДАҒЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ҚАРЖЫЛАЙ ШЫҒЫНДАР

- Биылғы ҰБТ қалай өтіп жатыр, онлайн оқу жүйесі оқушылардың білім деңгейіне кері әсерін тигізбеді ме, статистка көрсеткіштері қандай?

- Биылғы ҰБТ арқылы біз қазақстандық түлектердің нағыз білім деңгейін көреміз. 2019 жылы ҰБТ-ның екінші күнінде келіп, қоғам өкілдерін, жемқорлыққа қарсы қызметкерлерді тәуелсіз бақылаушы болуға тарттым. Сол кезде орташа балл 11%-ға түсті. 2020 жыл әділдік 90% болды деп сенемін. 2019-2020 жыл ішінде орташа балл көрсеткіші 22% азайды. Осы бағыттағы жұмыста Асхат Аймағамбетов бізге қолдау көрсетіп отырды. Нәтижесінде орта білім саласындағы білім деңгейіміздің таза картинасын көрдік. 2021 жылдың көрсеткішін маусым айының соңында көреміз. Бұл аға-көкенің, смартфонның көмегімен алынған грант емес, таза білім көрсеткіші. Онлайн режимнің жалпы білім саласына кері әсері болғанымен, 11 сынып түлектеріне тигізер пайдасы көп болды. Жыл бойы балалар ҰБТ-дағы 5 пәнге дайындалған, бірақ басқа пәндерді оқымаған. Үйде көбірек уақыт бар, назарын басқа пәндерге аудармайды. Қазірдің өзінде оқуға түсетін орташа балдың өскенін көріп отырмын. Біз бұдан да төмен нәтиже бола ма деп ойлаған едік. Оған қоса, биылдан бастап ҰБТ тапсырушыларды бақылайтын компыютерлік құрылғылар еліміздің барлық өңірлерінде жабдықталды. Education сайты арқылы кез-келген ата-ана баласының тесті қалай тапсырып жатқанын біле алады. Компьютерлерге тест тапсырушының шпаргалка, ұялы байланысы бар-жоқтығын арнайы бақылайтын бағдарлама енгізілді. Бағдарлама автоматты түрде баланың қолында не бар екенін анықтап, көрсетіп отырады. Статистикаға келсек, 5 мамырдан 2 маусымға дейін 115 мың түлек тест тапсырып, 600 бала тыйым салынған заттарды кіргізгені үшін келесі жылға қалдырылды.

- ҰБТ сатып алу ыңғайлы болу үшін қалалықтар 3-4 тоқсан ауыл немесе ауданға ауысып жатады. Мұнымен қалай күресуге болады?

- 2021 жылдан бастап Ақсуат пен Жетісайдағы камера, орындықтар тура Нұр-Сұлтан мен Алматыдағыдай бір деңгейде. Сол себепті енді ауданға барып тест тапсыру мен Алматыда жүріп тест тапсырудың еш айырмашылығы жоқ.

- Компыютерлер, арнайы тексеру бағдарламалары, кресло және face ID техникалары мемлекет бюджеті есебінен алынды ма?

- Жоқ, техникамен U Study деген жеке серіктесіміз жарақтандырды, мемлекет тарапынан бірде-бір тиын шығарылған жоқ. Қазақстан бойынша 5 мың камера және 5 мың компыютер ұйымдастырылды.

- Компанияға бұдан келер пайда қандай?

- Сол ақылы сынама тестерін өткізеді. Орталыққа барып тест тапсыру - оқушылардың өз таңдауында. Оқушылардан бөлек, мұғалімдер сынама тест тапсырады. Тест тапсыру құны орта есеппен 1000-1500 теңге. 

- Мұндай бақылау компыютерлерін қай елдің тәжрибесіне сүйеніп жасап жатсыздар?

- Бұл еш елдің тәжрибесі емес, бізде ғана орнатылған. Бүгінде аталған компанияны Өзбекстан республикасы өзіне шақырып жатыр. Осындай формат арқылы көптеген қаражат үнемдеп жатырмыз. Себебі, өткен жылы ҰБТ әділ өтуіне атсалысу үшін өкілдер тартқан болатынбыз. Жыл сайын бақылауға 1800 өкіл тартылады, олардың іссапары, 5 күн Hilton сынды қонақ үйлерде тұрақтау шығындарын қосқанда 200 миллион теңге жұмсайды екенбіз. Өткен жылы бюджетке 1 млрд 40 миллион теңге қайтардық.

- Ұлттық тест тапсыру орталығының бюджеті қанша?

- 3 миллиард 200 миллион теңге. Комыютерлік бақылаулар жоқ кезде ҰБТ-ны ұйымдастыруға 1 миллиард теңге жұмсалса, қазір 300-400 миллион теңге ғана кетеді.

- Ол шығындар қайда жұмсалады?

- Ең көп қаражат интернетке жұмсалады. Трафик, жүйенің жабық желілері мен орталықтарда су, стақан, маска, дезинфекция үшін жұмсалады.

ҰБТ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫҢ ӘДІЛДІКЕ ДЕГЕН СЕНІМІ

- ҰБТ жүйесі оқушыларды заң бұзуға, пара беруге үйретіп, елдегі әділеттіліктің бар екендігіне деген сенімін жойған сияқты. Одан бөлек, әр баланың смартфонмен жүруі елдегі білім деңгейінің картинасын көрсетіп отырған тәрізді.

- 2019 жыл 115 мың бала өзімен бірге тыйым салынған 128 мың зат алып кірді. Сонда әр балада 1,5 смартфон болды. Тіпті бір оқушыдан 13 смарфтон табылды. Бірақ 24 баланың ғана нәтижесі жойылды. Балалар ҰБТ тек жемқорлық, Қазақстанда тек таныс, ақша болса ғана өсесің деп ойлайды. Олай ойламайын десе, 128 мың тыйым салынған зат анықталып, 24 бала ғана жауапкершілікке тартылды. Ал басқалары ше? 2020 жылда 122 мың бала тест тапсырып, 2,5 мың смартфон тәркіленіп, 2700 баланың нәтижесі жойылды.

- Иә, 2004 жылдан бері ҰБТ тапсырған қанша қазақстандық оқушылар әділетсіздікке ұшырады. Өзім де оны басымнан өткердім, кейбір мықты оқыған сыныптастарым шетелге кетіп қалды. ҰБТ-дағы әділетсіздіктің салдарынан миы бар жас мамандардың шетелге кетуіне жол ашып берген жоқпыз ба?

- Әрине, мен магистратураға тапсыратын кезде группаластарым «Дидар, сенің жақсы оқитыныңды білеміз. Бірақ біз орындарды алып қойдық, сен ренжіме» деп ашық айтты. Осыдан кейін мен «Қазақстанның білім саласына бір тиын да қалдырмаймын» деп, Ресейде ақылы түрде оқыдым. Ең қиыны медицина саласына білімсіз жастардың түсіп кетуіне жол бердік. Астанадағы медициналық университетке түсетіндердің 90%-ы оңтүстіктен келгендер. Мен олармен барып сөйлескенде «ҰБТ үшін соғым бердік қой» деп ашық айтады. Парамен түскендердің ең көбі - осы медицина саласы және осы мені қатты таңғалдырды. Ертең ота жасату үшін олардың алдына барудың өзі қорқынышты.

ОҢТҮСТІК ПЕН СОЛТҮСТІКТЕГІ ПАРАҚОРЛЫҚ КӨРСЕТКІШІ ТУРАЛЫ

- Оңтүстік деп жатсыз, жалпы, ҰБТ-дағы заңбұзушылық көбіне қай аймақта тіркеледі?

- Заңбұзушылық ең көп тіркелген аймақ – Шымкент (118). Одан кейін Алматы (95) мен Нұр-Сұлтан (83). Бірақ Шымкент пен Түркістан Қазақстанның барлық түлектерінің 25%-ын құрап отыр және ең жоғары балл да Шымкенттен шығады. Заңбұзушылық әрекеті ең аз өңір – СҚО (3). Оған қоса, солтүстік Қазақстанның менталитетінде ерекшелік бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі тәжірбиеме сүйенсем, пара беру бойынша ең төменгі деңгей СҚО-да екенін көрсеткен болатын.

- Соңғы сұрақ, білім жүйесіне қандай реформалар қажет деп ойлайсыз?

- Бұған дейінгі реформаларды аяғына дейін жеткізу керек. Біздегі реформалардың барлығы дерлік жақсы оймен басталады, бірақ көп жағдайда аяғына дейін жетпейді. Асхат Аймағамбетов бар реформаны жалғастырды, яғни, әліппені қайта орнына қойды. Одан бөлек, қаншама ел көңілінен шығатын сауатты шешімдерді аяғына дейін жеткізіп келе жатыр. Ұлттық тестілеу орталығына да жаңа директор келсе, осы форматты жалғастыруымыз керек екенін түсіндіремін. Тестілеу орталығында бақылау кеңесі ашылады және осы тізбек жалғасып, бақылау күшеюі үшін кеңестің төрағасы етіп сайланамын. Әзірше, маусымның аяғына дейін оңстүстікке барып, жемқорлық деңгейі жоғары өңірлердің бәрін өзім бақылауыма аламын. Сондықтан ҰБТ саласындағы жемқорлықпен күрес тоқтамайды.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары