Салафилерден қауіп көп, бірақ халықтың көзі ашылып келеді – Алматының бұрынғы бас имамы
Еркінбек Шоқай салафилер, діни ғұламалар мен жамағаттан алған сыйлығы жайында айтты
Жуырда Алматының бас имамы аяқ-астынан ауысып, Еркінбек Шоқайдың орнына бас муфтидің тағайындауымен Төлеби Дәділұлы Оспан жайғасты. Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығын наиб-мүфти Ершат Оңғаров оқып бергенмен, жастайынан шетелде оқыған, танымал білім орындарында ұзақ жыл білім алған, бірнеше тілді жетік білетін бұрынғы имамның қызметтен шеттетілуінің себебін түсіндірмеді. Алматыдағы діни ахуалды және бас имамдық қызметтен кетуінің себебін Azattyq Rýhy тілшісі Еркінбек Шоқайдың өзінен сұрап көрді.
- Еркінбек Керімбекұлы, төрт күн бұрын Алматы қаласының бас имамы қызметінен босадыңыз. Кететініңізді алдын ала білдіңіз бе?
- Иә, әрине, алдын ала ескертеді ғой. Себеп болмаса ала алмайды. Себебі өзіме белгілі. Оны ешкімге айтуға міндетті емеспін. Айта да алмаймын. Мен 3 жыл 4 ай абыроймен, барымды салып жұмыс істедім. Атқарған жұмысымды мүфтияттың орталық аппаратынан келіп тексерген, ешбір мін таппады, осы уақытқа дейін бірде-бір рет ескерту де жоқ менде. Бірақ соған қарамастан соңында жазып бердім ғой «өз еркіммен кетем» деп.
- Жақсы, қызметтен кетудің себебін айтқыңыз келмеді, еркіңіз. Осы үш жарым жылға таяу уақытта ауыз толтырып айта алатын қандай істерді атқара алдыңыз?
- Негізі жұмыс жоспарлаудан басталады ғой. Алматыдағы 52 мешіттің жұмысын жоспарладық. Мен келгелі 5 мешіт ашылды. Кадрлық, діни қызметкерлердің әлеуетін көтердік. Имамдардың зұлымдыққа бармауы, материалдық, туысқандық мүдделерді араластырмау, яғни білім, біліктілік және тақуалық позициясын ұстану секілді міндеттерді өзімізге жүктедік. Соның нәтижесінде көптеген білікті маман бас имамдыққа тағайындалды. Құранды жатқа білтетін қырыққа жуық қари қаланың мешіттеріне орналастырылды.
Кенжелеп тұрған бір шаруа болды – Құран кәрімді мәнерлеп және жатқа оқу бойынша қарилардың арасында жарыс өткізу. 3-4 жылда бір өткізілетін, онда да жетім қыздың тойы секілді. Кәсіпкер азаматтарды тарттым. 600 бет құранды толық жаттаған мықты қариларға неге құрмет көрсетіп, олардың және халықтың ынтасын асыл дініміз исламға аудармасқа?! Ережесі, жүйесі жоқ осы істі ықтияаттап, ретке келтіріп, құран жарыстың халықаралық ережесі бекітілді. Техникалық базасын да реттедік. Осылай құран жарысын 4 рет өткіздік. Бас жүлдеге төрт автокөлік тігілді, оның сыртында қарилар қомақты ақшалай жүлделерге ие болды.
Сосын бізде Ислам әлемінің ғасырлардан бері келе жатқан классикалық еңбектерін оқырманға жеткізу кенжелеп қалған. Бауыржан Әлиұлы деген ғұлама бар, өзге де білімді адамдарды тарта отырып, үш жылда 8 кітапты аудардық. Ибн Касир тәпсірі деген әлемде атақты классикалық кітап бар, соның бірінші томын да баспаға дайындап қойдық. Бұдан бөлек Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған айында ҚМДБ өткізетін кеші бар. Сол мәуліт жырының форматын өзгертіп, арабша емес, қазақша жырлауды жолға қойдық. Келетін көрермендерге жыл сайын түрлі кітаптарды шығарып тегін тараттық.
Сосын Орталық мешіттің ашылғанына 20 жылдай болған, тозыңқырап тұрған еді. 300 млн теңге тауып, ауласын абаттандырдық, келген адамдар бала-шағасымен тыныстап, сая табатындай әдемі еттік, 110 т.м. субұрқақ салынды. Оған Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек те, қазіргі әкім Бақытжан Сағынтаев та қолдау көрсетті. Мешіттің төбесінен су ағатын. Төбесін жөндеп, мешітті жаңаладық. Сосын орталық мешіттің қызметтік көліктерін де жаңарттық.
Пітір садақадан 30 млн теңге жиналды
- 45 қызметкері бар орталық мешіттің шығыны мен кірісі қанша? Ораза уақытында қанша теңге пітір садақа жиналды?
- Мешіттің ай сайынғы шығыны 5-6 млн теңге аралығында. Жуырда мешіт қызметкерлерінің айлығын 100-120 мың теңге аралығында көтердік. Яғни, шығын да көбейді. Жалақылары нарыққа сай емес, аз. Мешіттің жылдық бюджеті 70 миллион теңге болса, пітір садақадан ары кеткенде соның 50 пайызын жабатындай ақша түседі. Мен мешітті алғаш рет қабылдап алғанда оның қаржылық жағдайы өте төмен еді. Банктегі есеп-шотында қызметкерелердің айлығын төлей алмайтындай ақша жатқан. Қазір қаржылық қор мен алғаш келген кезден 15 есеге көбейіпті. Сол ақшаны өткен аптада қызметтен кетерде жаңадан келген имамаға табыстадық. Жалпы имамдардың, діни қызметкерлердің баспана, пәтер алуы проблема. Ешбір мемлекеттік бағдаралмаға қатыса алмайды. Ипотека алуға айлықтары, зейнетақы көрсеткіштері жетпейді.
Сәләфтардан қауіп сейілген жоқ
- Деструктивті діни ағымдағы азаматтармен жұмыс істеуге имамдардың ынтасы жоқ сияқты көрінеді. Олармен тілдесіп, көзқарасын өзгертуге шамаларыңыз жете ме?
- Бұл бағытта мемлекеттік органдарен бірлесе жұмыс істедік. Түзету мекемелерінде отырған немесе адасып жүрген азаматтармен жұмыс жүргізе алатын, жан-жақты жауап беруге білімі жетеді деген 8 имамды бекітіп бердік. Соңғы үш жылда деструктивті бағытты ұстанған 300-ден астам азаматты райынан қайтарып, көзқарасын түбегейлі өзгерттік. Ал, бейімделген адамдардың саны екі мыңға жуық. Діни ағымнан жапа шектік деп әйелдер де келеді. Салыстырмалы түрде айтқанда көбінесе жігіттердің саны басым.
- Өздерін мұсылман санайтын ағымдар көп. Олардың қайсысы қазақ қоғамы үшін қауіптірек?
- Әлі де сол сәләфтерден қауіп бар. Олармен жұмыс істеу қиын. Диалогқа келмейді. Тек бір жақсы жағы, салафизмге қамқорлық көрсететін елдердің қолдауы азайды, оларға деген көзқарас әлемде өзгерді. Елімізде насихаттаушы түрлі дерек көздерді азайды, уағызшылары баяғыдай белсенді емес.
Салафизмге қамқорлық көрсетіп отырған – Сауд Арабиясы. Олардың діни идеологиясы Мухаммад ибн Абд аль-Уаххабтың ұстанымы болды. Оның отбасы, ұрпақтары – шейхтер. Солар арқылы, муфтилері, діни тұлғалары арқылы салафизм жалғасып жатыр.
Сосын, ешқандай кітабы, ғылыми негізі жоқ тәңіршілдер секілді үгіт-насихаттайтындар ақырындап көбейіп жатыр ма деп қорқам. Осылар елді бөлуі әбден мүмкін.
- Қоғам «сақалдылар» деп ат берген азаматтардың жаппай ұялы телефон жөндеуінен астар іздеуге бола ма?
- Адамның сыртқы келбетіне қарап үкім беруге болмайды. Қысқа балақты, сақалды болса да сөйлесу, әңгімелесу арқылы оның ұстанымын анықтау арқылы баға беру керек. Ал, сәләфилердің ұялы телефон жөндеу қызметіне кетуі – табиғи жайт. Көбінің интеллектуалды қабілеті, сауаты төмен. Әкімшілік жұмысқа тұруға көбінің дипломы жоқ, көбі ЖОО оқымаған. Бұны мен осында ғана емес, Атырау облысында жұмыс істегенде де байқадым. Сондықтан олар құжатты, сауаттылықты, қабілетті талап етпейтін орындарда жұмыс істеуге мәжбүр. Ол табиғи процесс.
Қазақстанда діни көшбасшы жоқ
- Ислам елдерінде діни көшбасшылар бар. Ғұлама ойшыл, батыр, елге сөзін өткізе алатын тұлғалар қазақ даласында да аз болмаған. Муфтиятта, сіздердің орталарыңызда діни көсемдер бар ма? Қазақстанда діни көшбасшы, діни қайраткер деп кімдерді атауға болады? Халық Мұхамеджан Тазабек пен марқұм Әбдіғаппар Смановтың уағыздарын тыңдап келді…
- Дәл қазір Қазақстанда, елімізде діни көшбасшы жоқ. Ал дін исламға, асыл дінімізге қызмет жасап жатқан білімді азаматтар деп Нұр-Мүбарак университетінің ұстазы Ризабек Батталұлын, Кентаудағы медрессенің директоры Арман Қуанышбаевты, Ерсін Әмірені, ғұламалық жолдағы Бауыржан Әлиұлын айтуға болады. Ерлан Ақатаев деген бауырымыз өзінің жақсы уағыздарымен көзге түсіп жүр. Бұлар аят-хадистерді қазақиландырып, әдемілеп жан-жақты түсіндіре алатын тұлғалар.
Мұхамеджан ақындығы, шешендігі, әрі діни сауаты арқылы танымал болды. Ал ұлтқа жан-жақты білімі бар, халықтың алдына шығып сөйлей алатын, өзін тыңдата алатын діни көшбасшы керек. Ең бастысы діни элитаның арасында белделі болуы керек. Бірақ, ондай діни көшбасшы бізде қазір жоқ, ондай адамды көріп тұрған жоқпын.
- Біздің Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, болмаса ұлттың тәуелсіздік жолында, оның ішінде дінімізді сақтауда күрескен батырлар, тұлғаларымыз мешітте, жұма намазында, уағыздарда неге айтылмайды? Неге арабтардың дін жолында күрескен адамдары ғана насихатталады?
- Оның себебі, уағызшының біліміне, батырларды, даламыздағы діни қайраткерлерді оқығандығына, тарихты білетіндігіне байланысты. Оны жоғарыдағы Бауыржан Әлиұлы дінмен байланыстырып айта алады. Ақпараты, зерттеуі көп. Кім қалай үйренеді, солай уағыз айтады. Яғни, медреседе, университетте өз ұлтымыздың тұлғалары туралы білім алмаған.
Имамдардың көбі өздерінің оқыған, көбірек үйренгеніне байланысты. Университетте, медерседе ол туралы ақпарат алмаған соң, базасы қалыптаспаған соң оны уағызға қосып айта алмайды. Сондықтан, ұлтымыздың діни тұлғалары туралы медреседе, дінтану сабақтарында көбірек оқыту керек. Имамның, болашақ маманның бойына сіңіріп өсіре алатын болсақ, оны қызмет барысында қолдана алады. Жұмада тақырыпқа сәйкес болса батырлардың, діни қайраткерлердің өнегелі сөздерін неге айтпасқа?! Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің өмірбаянын, шығармаларын оықытып, діни мамандарды тәрбиелеу керек алдымен.
Пандемия кезінде бір имам күніне 4 жаназа шығаратын...
Былтырдың жазы, коронавирустың өршіген кезінде жаназа шығаруға үлгердіңіздер ме? Мешіттерге пандемия қалай әсер етті?
- Жаназа шығаруға шақыру өте көп болды, бір имам күніне 4 жаназа оқуға барған кездері болды. Өлімге баруға үлгермей, адам таппай қиналған, діни қызметерлердің бір-біріне өтініш айтқан кездері аз болмады. Өйтені имамдардың арасында коронавируспен ауырып қалғандары болды. 7-8 адамға хабарласып, арасынан бір имамды әрең шығарған кездеріміз болды. Қаза көбейді.
Менің өзім де сол өткен жылдың жазында ауырып жаттым. Жасы үлкен имамадар вирустан қорқып жаназадан бас тартты. Бірақ о дүниеге мезгілсіз кетіп қалған мұсылман баласы жазанасыз шықпады.
Пандемияның кесірінен мешіттер жабық болды да, садақа да, қайырымдылық жарналар да тоқтады. Кейбір мешіттер тіптен коммуналлық қызмет ақысын төлей алмай, кәсіпкерлерге өтініш жасаған кездер көп болды.
- Мүфтиятқа ай сайын қанша ақша немесе түсімнің қанша пайызын жіберіп тұрасыздар?
- Мешітке кірген кірістің 30% орталық аппаратқа аударамыз. Қазір мешіттердің жағдайына байланысты 30% деп өзгертілді. Әрбір мешіт жарналық түсімнің белгілі бір бөлігін муфтиятқа аударуға міндетті. Қазақстанда 2700-ден астам мешіт, 5 мыңнан астам имам, 500 қари бар.
- Қайырымды жандар аз кездеспейді. Бас имам болып тұрғанда мешітке берілген ең үлкен қаржылай көмек пен өзіңіздің жеке басыңызға берген ең үлкен сыйлықты атасаңыз?
- Құран кәрім сайысын өтіземіз дегенде бір кәсіпкер мешітке 18,5 млн теңге берді. Мешітке 300 млн теңге тауып, жөндеу жасағанымыз да қайырымды жігіттердің арқасы. Осы жолы қызметтен кетіп бара жатқанда бауырларымыз, жамағат, яғни халық жиналып, жасаған еңбегің үшін деп темір тұлпар - Hyundai көлігін мінгізді.
- Лауазымды қызметтен босадыңыз. Сіздің қасыңызда жүрген адамдарды жаңадан келген бас имам жұмыстан шығарып жібермей ме? Өзіңіз енді немен айналысасыз?
- Тағы айтам, мен өз міндетімді қиын кезге қарамастан абыроймен атқардым. Жамағаттың алдында да, мүфтияттың алдында да жүзім жарық. Бірге қызметтес болған адамдар әзірге орындарында, ауыс-түйіс болатын шығар. Бірақ ескертіп кеттім, білімді жігіттер, қумаңдар деп. Біраз демалған соң қоғамдық жұмыстармен айналысамыз. Кітап шығару, аударма жасау дегендей жоспар көп. Оны сол кезде білерсіздер...
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әмірболат Құсайынұлы