ШұғылCOVID-19: Өткен тәулікте 2,5 мың адамнан вирус анықталды

«Атамның атылғанын Тәуелсіздік алғанда білдік»: репрессия құрбаны болған Қияш Құлатайұлының жиенімен сұхбат

Қияш Құлатайұлы 1938 жылы 29 қазанда атылған

фотолар: Наурис Қазантаевтың жеке архивінен

31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен 5 миллионнан астам адам жер аударылды. 1921-1954 жылдар аралығында Қазақ КСР-де 100 мыңға жуық адам сотталды, 20 мыңнан астамы атылды.

Ел аумағында лагерьлер мен қамау орындары Бас басқармасы жүйесінің мекемелері (ГУЛАГ) жұмыс істеген. Олардың ішіндегі ең ірілері – Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Карлаг), Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері (АЛЖИР) және Жезқазғандағы дала лагері.

Azattyq Rýhy тілшісі 1938 жылы «Халық жауы» жаласымен атылған Қияш Құлатайұлы Құлатаев туралы оның немересі, қарағандылық тұрғын Наурис Қазантаевпен сұхбат құрды. Наурис Қанашұлының нағашы атасы Қарағанды облысында қызмет етіп жүрген жерінен ұсталып, түрмеге жабылған. Соңында атылған. Алайда, оның атылғанын ұрпақтары тек тәуелсіздік алған соң білген.

«Мен Қияш Құлатайұл Құлатаевтың немересімін. Атамыз бар болғаны 37 жасында 1938 жылы қазан айында Қарағанды облысында НКВД (КСРО Ішкі істер халық комиссариаты) жарлығымен әділетсіз атылған. Оның артында ұрпақтары – қыздары Клара (менің анам), Шолпан және ұлы Елмұрат Қияшұлы қалған. Атамызды «хат алмасу құқығынсыз» соттағандықтан, «тірі» деп айтылғандықтан, әжеміз өмір бойы күткен. 1956-57 жылдары ғана атамыздың қайтыс болып кеткенін (оның өзінде шындықты айтпай, аурудан көз жұмды деген) әжеміз естіп, бас миының ісігі дертінен бар болғаны 49 жасында көз жұмады. Осындай трагедияға толы тағдыр», - дейді нағашы ата-әжесінің тағдыры жөнінде Наурис аға.

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫН ҚЫРҒАН ЖЫЛ

1901 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген Қияш Құлатайұлы қызмет жолын шахтер болып бастаған. Біліктілі мен білімінің арқасында партия қатарында жетекші қызметтерде болған.

«Биографиясына тоқталсам, нағашы атам 1901 жылы дүниеге келгенімен, құжат жүзінде 1900 жылы туды деп жазылған. Ол кезде партия қатарына ену үшін құжатқа мұндай өзгерістер енгізуге рұқсат берілген. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат партия қатарында көптеген қызмет атқарған. Семейде қалалық атқару комитетінің төрағасы болған. Дәл осы жылдары әжемізбен танысып, шаңырақ көтерген. 1928 жылы менің анам Клара дүниеге келеді. 1930-31 жылдары атам мен әжем Ленинградта тұрған. Атамды Сталин атындағы коммунистік институтқа оқуға жіберген. Әжеміз осы қалада зауытта істеген. Екінші қызы Шолпан Ленинградта дүниеге келеді. Оқуы аяқталған соң, атам Қазақстанға оралып, түрлі салада қызмет еткен. Ол кездегі тәртіп бойынша қызмет бабымен әр жерге жіберіп отырған. Нұра қаласында аудандық комитет хатшысы және сотталуының алдында Қарағанды облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып істеген», - дейді немересі.

ҚАРАЛЫ КҮН

1938 жылы 26 наурызда белгісіз себептермен мемлекетке адал, партияның үздік мүшесі Қияш Құлатайұлын түсте НКВД мүшелері ұстап алып кетеді.

«Оны аяқасты соттаған. Алайда, оған дейін өзі сияқты партия мүшесі болған достарын да КГБ ұстап жатқаннан кейін, атам бір жамандықтың боларын сезген. Сотталып жатқанда да әжеме және қыздарына: «Мен адалмын, бұл бір қателік. Сондықтан, жыламаңдар» деген», - деді марқұмның ұрпағы 83 жылдан соң еске алып.

Сотталмас бұрын түсірілген отбасылық сурет

Қияш Құлатаев ұсталған соң, оның үш бөлмелі пәтері тәркіленіп, аяғы ауыр әйелі мен қыздары қудалауға ұшырайды.

«Қарағандыда, Ленин көшесінде әлі күнге дейін сол үй бар. Атамызды алып кеткеннен соң, әжем мен екі қызын әлеуметтік қалашық – «баракқа» орналастырған. Әжем сонда ұлын дүниеге әкелген. «Баракқа» репрессияға ұшыраған «халық жауларының» балалары мен әйелдерін орналастырған. Кей жағдайда репрессияға ұшырағандардың әйелдерін де ұстап, ұрпақтарын балалар үйіне өткізген. Атам ұсталған соң, балабақша жетекшісі болып істеген әжемді жұмыстан шығарып тастаған. Ол нанын тауып жеу үшін құрылысқа барып, қабырғаны әктеп, ақша тапқан. Елмұрат Қияшұлы, яғни, анамның інісі әкесін ешқашан көрмеген.

Ол кезде көлік жоқ, ашық экипажға салып, сотталғандарды бір жерден екінші жерге көшірген. Осындай көш кезінде апамның үлкен әпкесі атамды көрген екен. Көре сала, бірден «ұлың дүниеге келді» деп айқапты. Атамды тірі көрген кез соңғы рет осы болды. Ол бұрылып қарап, басын изеп, жымиған», - дейді Наурис Қанашұлы.

РЕПРЕССИЯҒА ҰШЫРАҒАНДАРДЫҢ ҰРПАҚТАРЫ ҚИЯНАТ КӨРГЕН   

Наурис Қанашұлының айтуынша, оның атасы сотталған соң, ұрпақтары «халық жауының балалары» деп шеттетілген. Әжесі өмір бойы «жазықсыз сотталып кетемін» деп қорыққан.

«Анам мен Шолпан әпкем Қарағандыдағы №1 мектепте оқыған. Атам сотталғанда 10 жастағы анам 3-сынып, Шолпан әпкем 1-сыныпқа жаяу барып, білім алыпты. Оларды мектепте бәрі жабылып, «халық жауының қыздары» деп бөлектеген. Сол себепті олар Алматыға көшіп кеткен. Алматыда заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алған анам үздік оқығаны үшін Мәскеуге жіберілген. Сталиннің кезінде нақты деректер ала алмаған анам әкесі туралы білу үшін Ворошилов, Булганинге ресми хат жазған. Ақыр соңында Сталин қайтыс болған соң ғана, бір жауапқа қол жеткізген. КГБ-ға анамды шақыртып, «1942 жылы әкеңіз перитониттен түрмеде қайтыс болды» деп қана айтқан», - дейді Наурис мырза.

Пәтерсіз қалып, көшіп-қонып жүрген Қияш Құлайұлының ұрпағы 1957 жылы реабилитация бағдарламасы бойынша, әкелерінен алынған пәтерді қайтарады.

«Осы пәтерді қайтару жөнінде 1957 жылы Қарағанды облыстық сотының шешімі шыққан. 1959 жылы 13 қарашада пәтерге анам көшіп кірген. Ауруханада жатқан әжемізді шығарып, алып келген. Алайда 21 қарашада әжеміз көз жұмған.

Тәуелсіздік алған соң, КНБ (ҰҚК) 1997 жылы атамызды ақтап, анама «сіздің әкеңіз 1938 жылы 22 қазанда Құлатаев Қияш Құлатайұлын ату туралы шешім шығарылған. 29 қазанда атылған» деп айтты. Арада қаншама жыл өткеннен кейін анам шындықты естіді. Атамыз сотталған соң, жарты жылдан кейін атылған екен», - дейді Наурис Қазантаев.

«АТАР АЛДЫНДА СУРЕТКЕ ТҮСІРГЕН»

Қияш Құлатайұлының есінде тек қана сурет сақталыпты. Оны атар алдында түсіріп алған деп түсіндіріпті ҰҚК.

«Атамды анамның айтуы бойынша сипаттасам, дархан жан болған. Принциптеріне адал. Жаңа киімін қажет еткен жанға бере салған. Достары сыйлаған асыл тұқымды жылқыны партияға өткізген. Тіпті, конфескация кезінде де артық затының болмағаны рас. Жетекшілерге берілетін пситолет, ордендері, өзінің аты жазылған сағаттары мен құжаттарын және кітаптарын тәркілеген. Атамның шағын кітапханасы болған. Атам да, әжем де оқыған жандар еді. Соның арқасында қарапайым қол еңбегінен жетекшілік қызметтерге тағайындалды», - деп естеліктерді Наурис мырза айтты.

Фотосурет: Клара Қияшқызы

Кейіпкеріміздің айтуынша, оның анасы Клара 84 жасында қайтыс болған. Қияш Құлатаевтың ұрпақтары Қарағанды қаласында тұрып жатыр.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан